
Бүгін «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыптағы карикатура байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл сынға Тараз қаласы мен аудандардан 11 туынды ұсынылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері қолдарына қылқаламды серік еткен жасөспірімдердің шығармаларын әділ бағалады. Карикатураның көркемділігінен бөлек айтар ойына да мән берді. Шынында, дарынды оқушыларымыз сыбайлас жемқорлықпен күресті ақ қағаз бетінде барынша сөйлеткен.
Салтанатты шарада партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов «AMANAT» партиясы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізудің өзіндік тәжірибесін орнықтыра білгенін тілге тиек етіп, партияның Жамбыл облыстық және де аудандық филиалдары тарапынан бұл іске айрықша сергектікпен қарап, маңызды істе партиялық белсенділік танытып келе жатқанын жеткізді. Себебі, мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі мақсаты, қоғамды жайлаған міндеттен құтқаруға негізделген.
– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсатын өздерін сияқты өсіп келе жатқан жастардың арасында қоғамда жағымсыз естілетін Сыбайлас жемқорлықтың алын алу және оған жол бермеуді насихаттау болып табылады. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір азамат жеке өзінен бастауы керек деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: заңмен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында туған жер мен Отанға адалдық танытудың берік жолын айқындап берді. Рухани жаңғыру дәуірінде, рухани дүниемізді байыта отырып, қоғамдық сананы ұлт болашағы мен мемлекет келешегін өркендету мақсатына бет бұратын кез келді, – деді Дауыл Бейсенқұлов.
Мұнан кейін байқау жеңімпаздары анықталды. Нәтижесінде, Тараз қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы
№1 гимназияның 8 сынып оқушысы Амалия Шакизинданың туындысы жеңімпаз ретінде танылды. Сол секілді мойынқұмнан келген Асылжан Қоңыратбай ІІ орын, ал сарысулық Алуа Боранбай ІІІ орын алды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табыс етілді.
Сыбайлас жемқорлық дертімен күрес – бүгінде Қазақстандық қоғам аса мән беріп отырған күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан біз алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды жандандырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыра беретін боламыз.