Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыстады

Аида Балаева жас ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыстады
Мәдениет және ақпарат министрлігі
Бүгін, 25 ақпан күні ҚР Ұлттық музейінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен 2024 жылғы жастарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,деп хабарлайды arainfo.kz

Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушуылар одағының стратегиялық әріптестігі аясында "Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы" жобасымен жарық көрген 20 жас қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және министрлік жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубының мүшелері қатысты.

"Жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық 2023 жылы Президент Жарлығымен тағайындалып, отандық әдебиет әлеміндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Бұл – Мемлекет басшысының мәдениет саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған бастамаларының бірі. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашу. Мемлекет басшысының мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беруі – оның ұстанып отырған реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы. Өйткені мәдениетті, әдебиетті дамыту – жас ұрпақтың жан-жақты дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Ал рухани тұрғыдан кемелденген, білімді, еңбексүйгіш әрі патриот азаматтардан құралған қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдік құрады, адамдар өз әрекеттері үшін жауапкершілік алады, дәстүрге құрметпен қарап, ұлттың негізгі құндылықтарын ардақтайды", – деді Аида Балаева.

Президенттік әдеби сыйлық иегерлері:

  • Проза: Есбол Социалхан — «2026» шығармасы
  • Поэзия: Жәнібек Бақытұлы Әлиманов — «Боз ұшқат» өлеңдер жинағы
  • Драматургия: Әлишер Жеңісұлы Айтуар — «Апатай» драмасы
  • Балалар әдебиеті: Әсет Жүкенұлы Сыздықов — «Рокет Ера» повесі

Жеңімпаздар 4 млн теңге көлемінде қаламақыға ие болды. Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы, бұрын еш жерде жарияланбаған шығармаларымен қатысқан қаламгерлер іріктелді.

Бұдан бөлек, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Осы орайда, еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсатында «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы өткізіледі.

Сонымен қатар «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жалғасын тауып келеді. Былтыр Ұлттық сыйлыққа 7 номинация бойынша бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған 176 туындының құжаты қабылданды.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар