Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айнұрдың иті

Айнұрдың иті
Ашық Дереккөз
Қазақ даласында қалжыңымен көпшілікті күлкіге қарық қылып, тапқырлығымен талайдың таңдайын қақтырған сөз шеберлері көп болған. Қазір де арамызда әзілімен түйреп, орынды қалжыңымен ой салатын айтқыш азаматтар аз емес. Осы ретте Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Ербол Қамбатыровтың аузынан естіген бірқақпайларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

1991 жылы Мойынқұм ауданында «Қайрат Рысқұлбековтің ерлігін еске алуға 5 жыл» тақырыбында айтыс өтіп, еліміздің әр аймағынан ақындар жиналады.

Айтыс аяқталғаннан кейін Айнұр Тұрсынбаева ақындарға сый-құрмет көрсетіп, үйіне шақырады. Үйіне қонақ болып келген бір топ ақын аулаға кірген бетте үлкен иттің жатқанын көреді. Әлгі ит жандарына келіп,  киімдерін иіскеп, ешқандай дыбыс шығармастан тұрып қалады. Сонда ақын Шорабек Айдаровтың інісі Асқарбек Айдаров иттен сескеніп: «Жігіттер, мына ит неге ырылдамады?» – десе, жанында тұрған Серік Қалиев: «Асқар-ау, ол енді Айнұрдың иті емес пе?» – деп Айнұр ақынның «р»-ға тілі келмейтінін еске салған екен.

 

ТАБАНЫМЫЗДЫ ЖАЛТЫРАТАМЫЗ

Тараз қаласы, «Жансая» ықшамауданындағы «Достық Life» спорт кешенінде ақындар құрамасы алдағы бір жарысқа дайындалып жатады.

Футболға аса қызыға қоймайтын жас айтыскер Дархан Әбдіманат елдің соңын ала кештетіп келеді. Далада жаңбыр жауып тұрғандықтан Дарханның аяқкиімі әбден былғанған екен. Бірақ Дархан оған мән бермейді. Балшық-балшық аяқкиімімен шыбын тайып жығылатындай тап-таза спорт кешенінің ішіне кіріп кетеді.Сөйтіп алаңсыз көрермендердің қатарына барып жайғасады.

Көп ұзамай ізімен қуып еден жуушы да келеді.

– Аяқкиіміңді неге тазалап кірмейсің? Жаңа ғана жуып едім, – деп салған жерден айқайға басып, ашуын әрең дегенде басады.

Сонда Дархан саспастан:

– Болды әпке, ашуланбаңыз, табанымызды жалтыратамыз, – деп орнынан тұрып кете барыпты.

Өз кінәсін түсінген Дархан айтқанындай аяқкиімін жалтыратып, былғанған жерлерді де тазалап беріпті.

 

БІР ЖЫЛҚЫ

Бірде Ербол Қамбатыров пен марқұм Әзімбек Жанқұлиев Шымкент қаласына тойға барады.

Тойды жақсы атқарып, сол үйге қонып, ертесі күні түскі уақытта тамақтанып отырғанда ауылдағы әйгілі дәулетті кісі келіп: «Әзімбек, қане, мені бір мақташы», деп бірауыз өтініш жасайды. Әзімбек мақтауын келтіріп, өлеңдетіп арнауын айтады. Арнауына риза болған әлгі кісі өлеңіне бір жылқы беретінін айтады.

Алайда айтылған сөз сол жерде қалып, ұмыт болып кетеді. Ол уақытта бір жылқының бағасы 5 мың теңге екен. Арада үш ай өтіп, Ербол мен Әзімбек дәл сол әулеттегі қуанышқа ортақ болып, асабалық қызмет атқарады.

Ертесі күні тамақтанып отырғанда әлгі кісі тағы келіп: «Әзімбек, мені бір мақташы», дегенде Әзімбек ойланбастан:

«Ағайын қанық едім істеріңе,
Қуанамын тағы ортаңа түскеніме.
Үш ай бұрын бір жылқымды жоғалтып ем,
Ағайын, көздеріңе түспеді ме?»
деп төкпелете жөнелгенде дәулетті кісі өз ісіне ұялып, қолына 10 мың теңге беріпті.

 

ҚАТТЫ СӨЙЛЕЙ АЛМАЙТЫН ДИДАР

 

Бірде Қордайда айтыс өтіп, ақындар Таразға қайтып келе жатқанда Дидар Апбасов есімді жас айтыскерге ұстазы Есет Досалы қоңырау шалыпты.

Автобус ішіндегі у-шудан Дидардың дауысын, айтқан сөздерін дұрыс түсіне алмаған Есет ақын сәл ашуға булығып:

– Дидар дауысыңды қатты шығарып сөйлеші, сөздерің естілмей жатыр, – десе, Дидар бір жөткірініп алып:

«Аға, мен сізге қатты сөйлей алмаймын ғой», деген екен.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар