Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аспанға қарап жүріңдерші

Аспанға қарап жүріңдерші
Ашық Дереккөз
Бірде ауылдағылар келеміз деген соң пәтердің кілтін жақын орналасқан дүкенге тастап кеттім. Сөйтсем, әке-шешем үйге соқпай қайтып кетіпті. Кешкісін жұмыстан менен бұрын келген сіңліммен бірге үйге кіріп алдым. Дүкенге қалдырған кілт сол күйі есімнен шығып кеткен. Қызықтың көкесі ертесі күні басталды.

Менен бұрын ерте оянған сіңлім таңертең сыртымнан құлыптап кетіпті. Асығыс ініме қоңырау шалып: «Тез келші» десем, ол: «Мен барғанша бір сағат өтеді! Балконнан айғайла, біреу-міреу жаны ашып, көмектесер», – деп тұтқаны қоя салды.

Сағатқа қарап қоямын. Жұмыс уақыты әлдеқашан басталып кеткен. Балконға шығып, көмек қолын созар жанашыр жан іздей бастадым. Біраздан соң біз өкшесін тықылдатып орыс әйел өтті. Әдемі екен. Бұтында қысқа белдемше, үстінде етегі ұзын теріден тігілген күртеше, (кожаный плащ).

– Девушка, девушка! – дегеніме селт етпестен өте шықты.

Көз алдымда кермаралдай керіліп өтіп бара жатқан сылқымның жалмауыз кемпірге айналып кетпесі бар ма? Демімді ішіме тартып, келесі жолаушыны күттім. Бұл да көрікті қазақ қызы. Бұл да қаздаңдап өтіп кете бермекші. «Қыз, ей, қыз» десем, аспанға аңтарылып бір қарап қойып, ол да асығыс өтіп кетті. «Ах, сайтан!» дедім іштей.

Келесіні тоқтатпадым. Зауқым соқпады. Себебі ол да «кожаный куртка» киген әдемі жігіт екен. Өз беделімен оны өзім-ақ өткізіп жібердім.

Ту-у көздің ұшында біресе папкасына, біресе сағатына, біресе айналасына күлімдеп қарап келе жатқан мейірімді жігітті көзім шалды. Маған адамдардың төбесінен қарағалы олардың мінезін оқып алатын бір қасиет пайда болғандай. Бастысы, үстінде «кожаный курткасы» жоқ.

– Жігіт! – дедім жалма-жан.

Ол жан-жағына қарады.

– Жігіт! Ей, жігіт!

Ол тоқтап, тағы айналасына бажайлай қарап қойып, тағы алға жылжыды. Мүмкін емес. Бұл жігіттің көмектеспеуі мүмкін емес!

– Ей, аспанға қара, аспанға! – дедім ақырып.

Басын көтеріп, маған жалт қарағаны сол еді, «Анаа-а-а-ау тұрған дүкеннен үйімнің кілтін алып, есігімді ашып бер! «Құралай кілт сұрап жатыр» десең, бірден береді, – дедім бұйырып.

Құдды бір кілтімді сол бала алып қойғандай бар ашуымды содан алғым келіп тұр. Дүкенге жүгіріп кіріп кетті. Шықты. Мен тез аяқкиімімді кие қояйын деп ішкі дәлізге кіріп кеттім. Етігімді киіп алып күтіп тұрмын. Әне ашады, міне ашады. Жоқ. Зым-зия! 10 минуттан аса күттім. Балконға қайтадан жүгіріп шықсам, ыржиып: «Коды қандай есіктің», – дейді.

– Отыз алты, отыз алты! – деп бақырып бердім.

«Неге білмейді-ей?» деймін қалшылдап етігімді жұлқып киіп жатып. Тағы күте бастадым. Тағы жоқ. Тағы 5-10 минут өтті. Аяғының дыбысы да естілмейді. Бұл жолы етігімді шешуге шамам да келмей, балконға жүгіріп шықтым.

– Ашылмайды, – дейді әлгі жайбарақат.

– Ей! «3636» дегенді екі саусағыңмен бірдей бас, албасты! – дедім тістеніп.

Бұл жолы ішке кірмедім. Балконда қаққан қазықтай қақайып тұра бердім. Бейтаныс жігіт пәтердің есігіне кілт салып, бұрап, ашып жатқанда бір-ақ кірдім.

Сол күннен кейін «кожаный куртка» кигендерге жоламайтын болдым. Айналайын адамдар, бір сәт аспанға қарап жүріңдерші.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ақ машина
Алдыңғы мақала
Ақ машина

Ұқсас жаңалықтар