
Асқар Ергешұлының айтуынша, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану қауіпсіздік деңгейін арттырып, барлық деңгейлерде басқару мен бақылауды оңтайландыруға ықпал етеді.
– Ішкі істер органдарында цифрландыру – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мәселен, «Жаппай бейнебақылау» жобасының тиімділігі мол. Бейнебақылау камералары арқылы полицияның қызметтік үй-жайларында, құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде тәулік бойы мониторинг жүргізе аламыз. Жоба аясында 1 929 бейнебақылау камерасы орнатылды. Саябақтар, алаңдар, көлік тораптары және басқа да қоғамдық орындарды қоса алғанда, барлық маңызды объектілер мен аумақтарға мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін «Кілемді жабын» бейнебақылау жобасы жүзеге асуда. Жоба қауіпсіздік деңгейін арттыруға, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуін жақсартуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қала аумағында аталған жоба бойынша 1 860 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ камералар полиция департаментінің жедел басқару орталығы арқылы бақыланады. Пайдаланушыға жедел көмекке жүгінуге мүмкіндік беретін «SOS дабыл түймесінің» де тиімділігі көп. Дабыл түймесі – жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Құрылғы арқылы құқық қорғау қызметкерлеріне немесе жақын адамдарыңызға қауіпті жағдай туралы хабарлай аласыз. Ең бастысы дабыл түймесі жапа шегушінің тұрған жерін анықтай алады. Жобаны іске асыру мақсатында қала аумағында 10 «SOS дабыл түймесі» орнатылды, – деген Асқар Жораев келесі кезекте «Бұлтты бейнебақылау» жобасы туралы айтты.
«Бұлтты бейнебақылау» – жоғары сапалы бейнебақылауды, деректерге оңай қол жеткізуді және жүйені масштабтау мүмкіндіктерін ұсынатын заманауи қауіпсіздік жүйесі. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында қала бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріне 2 280 бейнебақылау камерасын орнатыпты.
Өңірімізде сонымен қатар қызметкерлерді қолайлы әрі жеңіл смарт-жетондармен қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлы полиция» жобасы іске асырылуда.
Азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қауіп төнген жағдайда жедел ден қоюға бағытталған «Қорғау» мобильді қосымшасының жобасы да өз жемісін беруде. Бұл қосымша пайдаланушылар үшін жедел көмекке қолжетімділікті және оқиғаларға уақытылы жауап беруді қамтамасыз ететін тиімді құрал ретінде қызмет етеді. Тараз қаласының аумағында «Қорғау» мобильдік қосымшасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің 200 планшетінде орнатылған және осы бағытта жұмыс толық көлемде жүргізілуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ