Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарды кім жөнге салады?

Жастарды кім жөнге салады?
Ашық Дереккөз
Жексенбінің тағы бір қайырлы таңы атты. Терезеден сыртқа қарап едім, кеше кешке басталған биылғы қыстың алғашқы қары әлі толассыз жауып тұр екен. Әлем тап-таза, түбіттей жеңіл қар қалбалақтап жерге қонып, барлық дүниені ақ мамық көрпемен қымтып жатыр. Лүп еткен жел жоқ, тыныштық. Әжептәуір кешігіп жауған соң ба, адамдар қарды сағынып қалған ба, әшейінде абыр-сабыр болып жататын қаланың ырғағы бәсеңдеп, арлы-берлі толассыз ызғып өтіп жататын көліктердің де қозғалысы тыйылған. Тіпті, басқа бір белгісіз жұмбақ, тылсым әлемде, жұмақта жүргендей сезінесің. Дәл осындай тыныштығы мол сәттерде терең ой құшағына беріліп кететін әдетім бар.

...Мың құбылған сайқымазақ, қызылды-жасылды дүниеде адам таңғалатын жайттар аз емес-ау, тегі. Біреу әдемі, сүліктей жаңа көлік мінсе аузымыз ашылып, ернімізді сылп еткізіп таңғаламыз. Танысымыз көзтартар әсем, зәулім үй тұрғызса басымызды шайқап таңғаламыз. Отбасымен шетелге барып демалып келсе, оған да таңғаламыз. Біреудің баласы немесе ағайыны лауазымды қызметке тағайындалса, «мұндай дәрежеге қалай жетті ә?!» деп таңғалысымызды білдіреміз. Парламентте, Сенатта отырып-ақ кандидаттық, одан кейін бір-екі жыл өтпей докторлық диссертация қорғаған жалған ғалымдарды да уақытында көргенбіз. Публицистикалық еңбектерінің басын құрап, кітап етіп шығарған филололог-ғалымның немесе кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтап поэма жазған ақынның Мемлекеттік сыйлықты алғанын да көрдік.

Иә несін айтасыз, қазір таңғалатын дүние көп-ау, тым көп.

...Қолым қалт еткенде Нұрмахан Елтай есімді қызылордалық журналист-жазушының сатиралық шығармаларын сүйсіне оқимын. Сықақшының сықақ-ажуа, мысқылдарынан әркез ащы шындықты табамын. Мысалы Нұрмаханның «Ойпырым-ай, ә!» деген сатиралық өлеңін алайық:

«Екі туыс
Бір бөтелкені алып ортаға
– Әмериканың фермерлері
Шеттерінен бай болады екен;
ірілі-уақты техникасы
сай болады екен.
Жанармайы да көп секілді,
өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.
Өздері болады екен ұқыпты,
Дүниежүзінде осылай
бірінші орынға шығыпты.
– Ойпырым-ай, ә!
– Жапондықтар
Радиотехникадан мықты,
теледидарлары да жеп-жеңіл,
Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.
– Ойпырым-ай, ә!
– Түріктер де епсекті.
Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті
кереметтерді істейді.
Кілемдерінің бағасы
Мировой рыноктардан түспейді.
– Ойпырым-ай, ә!»

Әрі қарай әлгі екі туыс немістерге, италиялықтарға, бразилиялықтардың қол жеткізген жетістіктеріне, жағымды жаңалықтарына таңдай қағады.

«Үндінің киносы-ай», «Грузиннің виносы-ай!», «Француздың иіссуын-ай!», «Өзбектердің тіл үйірер палауы-ай!»... Міне осылай талай рет «Ойпырым-ай, ә!» қайталанады. Одан әрі автор:

«– Ал біздің қандастар ше?
– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге
Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді.
– Ойпырым-ай, ә!»
деп екі туыстың біреуі басқа елдердің озық жетістіктерін тізіп айтып, екіншісі оған аузының суы құрып, таңдайын қағып, таңғалысын білдіріп отырады. Барлығы қазіргі өмірдің шырылдаған шынайы шындығы. Оған неге біз таңғаламыз, тәйірі!

Жуырда Алматыдағы бір дүкен иесі Жаңа жыл қарсаңында акция өткізіп, киімдердің бағасын түсіріп (распродажа) сатпақ болды. Соны естіген көпшілік тоған бұзған тоспа судай дүкенге лап беріп, бірін-бірі итермелеп, кимелеп, тіпті әлсіздеулерін таптап кетуге дейін барғанын теледидардың кезекті хабарынан көріп, жағамызды ұстадық. Дәл осындай оқиға өткен жылдардың бірінде Астана қаласындағы кілем сататын дүкенде болғаны да есімізде. Полиция қызметкерлері дер кезінде араласып, жағдай ушықпады.

Бұл келтірілген мәліметтер нені білдіреді, қандай ойға жетелейді? Ол – біздің қазіргі өскелең жастарымыздың тәрбиесінің, сана-сезімдерінің төмендігін көрсетеді. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен сатирик жазушы Сейіт Кенжеахметұлы.

Рас қой, басқалардың алдында күлкіге айналғанның несі жақсы? Басқа мемлекеттен келген туристер, сырттан келген қала қонақтары біздің жастардың әлгі «жабайы» істерін, жиркенішті, анайы қылықтарын көріп қандай ой түйді екен? Олардың біздің халықтың жастары жайлы пікірі әрине, оңды емесін сеземіз. Тіпті, базбіреулері «жабайы халық» деп те мырс-мырс етіп іштерінен күлген болар...

Өткен жылдардың бірінде Астана қаласында америкалық белгілі әнші Akon концерт берді. Елдің сөзіне сенсек, билеттің ең арзаны 70 мың теңге болыпты. Залға жиналған кілең жастар әр ритіміне елтіп, еліре билеп, жер тепкілеп шулап жатты. Қара терге малынған әнші бір мезетте басындағы тер сасыған бейсболын залға қарай лақтырып кеп жіберді. Оны жерге түсірмей қағып алған жігіттің қуанышын көрсеңіз сол сәтте! Ой, Алла Тағала, әлгі жас жігіт о дүниеден шешесі тіріліп келгендей қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады-ау. Қасындағылар әлгі бейсболға таласып, бірін-бірі тірідей жеп қоярдай күйде болды. Ойланыңызшы, тері сіңген бейсбол әлгі жастарға таңсық па? Әнге әбден елірген фанат-қыздар бір кезде еш қысылмай, арланбай, ұялмай «бюстгальтерлерін» шешіп алып, сахнаға қарай лақтыра бастады. Сол сұмпайы, сұмдық, ұятсыз көріністер кейін бірнеше телеарнадан, әлеуметтік желілерден көрсетілді. Көпшілік әлгі көргенсіз жастардың тұрпайы, жабайы іс-әркеттеріне сараптама жасап, өз пікірлерін жебір-жебіріне жеткізе айтып, ойларын жеткізіп жатты. Кімді болса да ойға қалдыратын жағымсыз қылықтар. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кеткен» заман ба бұл? Қазақ рухы, ұлтымыздың әдемі әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мінезіндегі биязылық, сабырлық, ұстамдылық неге бұлыңғырланып барады? Біз, алдыңғы толқын ағалар, ата-аналар, жастарды тәрбиелеуде нендей кемшілік жіберіп жатырмыз? «Біздің келешегіміз» деп жүрген қазіргі жастарымыз бізді дұрыс түсініп жүр ме? Олар мына қоғамымызды қайда алып барар екен? Міне осы сияқты көп сұрақтар бүгіндері аға ұрпақты толғандырады.

Бүгінде «Халіңіз қалай?» деген сұраққа «Шүкір» деп айту дәстүрлі жауапқа айналды. Құдай жамандықтан сақтасын! Бірақ, ылғи тәуба мен шүкір дей беру адам баласын бейғамдыққа, самарқаулыққа, енжарлыққа әкелетіні тағы бар емес пе?

«Мен хауіп еткеннен айтамын,
Кешегі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін»
деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, айналада болып жатқан, әсіресе жастар арасындағы небір сүреңсіз жағдаяттарды көрген сайын қазағымның «жамандықты бұрын ойла» дегені сөзі еске түсіп, соның бәрі менің қарабасымның шері емес, қазақтың ұлттық шеріне айналмаса екен деген ой санаға салмақ салып, кеудені қысып, көңілді қобалжытады.

Сіз де айтылған мәселерге бір сәт ден қойып, ой таразысына салып, зерделеп көріңізші. «Зар заман ақындары» деген кітаптан Мөңке бидің толғауларын оқығаным бар. Онда:

«Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмалдау дінің болады».

Мөңке би қалай бүгінгі заманның кейпін көріп, тап бүгінгі елдің ортасында жүргендей ту сол зарлы заманда болашақты қалай дәл болжаған! Ойпырмай-ай, ә! Иә, таңғаларлық дүние. Таңғалып жүріп Фариза Оңғарсынова ақынның әйтеуір бір себеппен көңілі жабырқап, торығып жүрген кезінде ақ қағазға түсірген мына жыр жолдарын еске аласың:

«Шаршадым-ау...
Қайтсем, енді тыныштық табар жаным,
Жүйке менен жүректі тарамдадым.
Ләззат ап әрнеден басқалардай,
Өмір кешу – бұл күнде бар арманым.
Күйретердей жанымды жанар жалын,
Жүрегіммен жыладым, алаңдадым.
Кең дүние салмағын, салқындығын,
Жиып-теріп үйгендей маған бәрін»,
деп күйінсе, ел болашағын, халқының келешегін ойлайтын көзі ашық, сана-сезімі ояу, кеудесінде оты бар басқа жандардың бүгінгі күні қандай екенін өздеріңіз-ақ байжайлай беріңіздерші.

Лайым, ойымыз таяздамасын.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар