Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Діни фанатизм – қауіпті құбылыс

Діни фанатизм – қауіпті құбылыс
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «...Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет...» деп атап өтті.

Қазақ халқының ұстанған жолында дін мен салт-сана өзара үйлесім тауып, рухани сабақтасып отырған. Тарихта қазақ жерінде діни бағытта қақтығыстар мүлдем болмаған. Ал қазір діни фанатизмдік көзқарас пайда болып, бөлінушілік көбейе түсті.

Діни фанатизм – қандайда бір діни қағидаларға, көзқарастарға жақын болып, соған тәуелділікті білдіреді. Діни фанатизмдік сипаттағы адам өзінің пікірін, өзінің қалауын басқа адамдарға тықпалап, орындатқысы келеді. Мұндай фанатизмдік көзқарастардан радикалдық ойлар туындайды. Әрине, кез келген адам бірден фанат болмайды, оларға діни жамағаттың әсері, діни лидердің нұсқаулығы, берген бағыт-бағдары, діни әдебиеттер мен уағыздардың ықпалы тиеді. Сонымен қатар, адамның бойында психологиялық өзгешеліктер (агрессияның басымдылығы, қоғамды бөлу, дәстүрге қарсы келу, зайырлылыққа қарсы келу және тағы да басқа) біліне бастайды.

Діни фанатизм – кез келген қоғамдағы қауіпті құбылыстың бірі. Қауіп төндіретін фанаттық идеяларға зайырлы мемлекеттік жүйеге қарсы келу және діни шариғи мемлекетті орнату, таза исламға ораламыз деген сылтаумен қоғамға іріткі тудырту, дәстүрмен амал етпеу жатады.

Діни сана мен діни сенім ақыл мен жүрекке, парасатқа жүгінген жағдайда ғана шынайы діндарлық, рухани мәдениет қалыптасады. Осыған орай ұлы Абай Құнанбайұлы: «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды!» дейді. Ақиқатында дін өзгермейді, өкінішке қарай дінді бұрмалап түсіндіретіндер өзгеріп кеткен. Біз қазір Жаратушының шаруасына араласып кеттік. Біреуді тозаққа, біреуді жәннатқа кіргіземіз. Намаз оқыған адамдардың барлығы әулие болып кете алмайды. Яғни ішкі жандүниеңді тазартпасаң, пендешіліктен арыла алмасаң, сенің діндарлығыңнан не пайда? Әсіре діншілдікпен, құрғақ уағызбен біз дін жасай алмаймыз. Жасаған күннің өзінде ол қоғамға ізгілік әкелмейді, керісінше діннен суиды. Дегенменде діндарлықта жүрген жастар кейде діни білімнің төмендігінен әсіре діншілдікке бой алдырғанын өздері де байқамай қалады. Қазір көп адам дін десе, шошынып тұрады. Бірақ діннің еш кінәсі жоқ. Дін – кертартпашылдық, артта қалушылық емес, ол имандылық, ол адамгершілік, ол тәрбие. Біздің тарихымыз, бабаларымыздың жүріп өткен жолы мен өмірі. Қазақ дінді діліне сіңірген халық. Қазақтың зиялысының қай-қайсысын алып қарасақ та, бәрі медреседе білім алып, Ислам мен мұсылман арасын ажырата білген.

Ғұлама Мұхтар Әуезов Кеңес үкіметі орнамай тұрып, 1918 жылы «Абай» журналында жариялаған бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», деген еді.

Жақсылық пен жамандық бір Алладан болса, ал жақсы болу, жаман болу адамның іс-әрекетінен болса керек.

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар