
Ежелден сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңнен тамыр тартқан шаһардың бүгінде беделі биік. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарымен танымал Таразда халықаралық көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Ондағы басты мақсат – Таразды әлемге таныту әрі туристік имиджін көтеріп, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету. Шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасындағы сыйластықты қалыптастырып, тәжірибе алмасу да негізгі мақсаттың бірі.
– Бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның шығармашылық (креативтік) қалалар желісіне Тараз қаласын қосу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жобаның шарттарына сәйкес Тараз қаласы әкімдігі тарапынан қолөнер саласына қатысты ақпараттар жинақталып, тиісті құжаттар ұсынылды. Биыл қаламыздың туристік тартымдылығын арттыру және әлемге таныту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тараз қаласында «Достастық жәрмеңкесін» өткізу жоспарлануда. Іс-шара жалпы екі бағытты қамтымақ. Нақты айтқанда, жәрмеңке ауылшаруашылығы және қолөнер саласы бойынша өтеді. Айтулы іс-шараға 15 мемлекеттен туристер келеді деп күтілуде. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Әкек.
Әлемнің түкпір-түкпірінен саудагерлер ағылып, Талас жағасында шебер жібек тоқушылардың қолынан шыққан көне шаһардың жібегі алтынмен өрілген қытай және үнді өрнектерінен, тіпті Византия күлгінінен кем түспеген екен. Керуен саудасы кезінде зергерлік өнер де жоғарғы деңгейге жеткен. Байырғы заманда-ақ темірден бұйым жасау және құю арқылы маңайға танылған Тараз қолөнершілеріне тең келер жан болмапты.
Енді бүгінгі жағдайға келсек, Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне кіру туралы өтінішіне байланысты аталған ұйымның эксперттік тобы облыс орталығындағы бірнеше қолөнерге қатысты нысанды аралап көріпті. Тараз қаласының осы тізімге ену мүмкіндігін бағалау үшін келген Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің 4 халықаралық сарапшысы 3 күн бойы қолөнершілердің жұмыстарымен және мүмкіндіктерімен танысқан.
Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізудің себебі – өңірдің әлемге танылу деңгейі мен туристік имиджін көтеру. Отандық қолөнершілер қауымын халықаралық деңгейге шығару, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан қолөнер түрлерін сақтап қалу. Қазақстанға танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланты мен талғамына қолдау көрсету.
– Бүгінгі таңда облыста барлығы 200-ге жуық қолөнер шебері бар. Қолөнершілік бағыт бойынша ұлттық киім үлгілері, кәдесыйлар мен ұлттық аспаптар, ат әбзелдері, ағаш және зергерлік бұйымдар, киіз басу, жалпы тоқыма өнері, кішігірім тоқыма ойыншықтары және тағы да басқа әр түрлі қолөнер бұйымдары жасалады. Одан бөлек «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» облыстың қолөнершілер ассоциациясы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігі және «Ala'ns Qoloner» мүгедектер қоғамдық бірлестігі бар. Қолөнершілер қауымдастығына қазіргі таңда Тараз қаласы әкімдігі және «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының қолдауымен Төле би №18/1 мекенжайында орналасқан «Туризм және қолөнер орталығы» ғимаратынан қызметтік кабинеттер берілді. Сонымен қатар, киіз өнімдерін жасау үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету ісі «Мирас» жеке кәсіпкерлігі арқылы жүзеге асырылуда. Облыста қолөнерді дамытуға бағытталған «Тараз – қолөнершілер қаласы» іс-шарасы өтті. Өзбекстан Республикасының Бұқара, Самарқанд, Қоқанд, Маргелан қалаларындағы қолөнершілер көрмесі, Тәжікстан мемлекетіндегі Истаравшан қаласындағы қолөнершілер көрмесі, республикалық деңгейде Түркістан облысының Сайрам, Отырар, Келес өңірлерінде және Шымкент қаласында қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен «Киіз Fest» және «Үздік қолөнерші» конкурстары өткізіліп, жүлделі орындар табысталды, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы «Ішкі және кірмелі туризмді дамыту» бөлімінің басшысы Мадина Әбіш.
Көктегі күнді кестеге, төстегі гүлді кесеге қондырған қолөнершілердің қолынан шыққан асыл бұйымдар көне шаһарды нұрландырып тұр. Аспаннан төнген бұлтты киізге бағыттап, асқардан асқан арқарды текеметке түсірген қолөнершілермен де тілдесудің сәті түсті.
– Мен бала күнімнен қолөнерге жақын болып өстім. Себебі «анаға қарап қыз өсер» демекші, анамның сырмақ басып, киіз басқанын көріп өстім. Атадан балаға мирас болып қалған қолөнер бұйымдарын заманауи тұрғыда дамыту міндетіміз деп білемін. Басқа ел біздің қолөнерімізге қызыға қарайтынын және қазақтың шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалауға құмар екенін шет мемлекеттегі көрмелерге қатысқан сайын байқаймын. Бұрын мүгедектігі бар аналарға, жас келіндерге, қыздарға тігін үйреткенмін. Бүгінде сол қыздар қатардан қалмай, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңда 200-ге жуық қолөнерші біздің «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің құрамында. Жолдасым Әсетке және өз анам мен енеме алғысым шексіз. Бірі демеушілік жасаса, енді бірі қолдап, қолпаштап жүр. Мен солардың арқасында қолөнермен айналысып жүрмін. Мақсатым – ат-бабамыздан келе жатқан қолөнерді заманауи тұрғыда дамыта түсу. Осы мақсатқа жетсем деген ниетім бар, – дейді Бекзат Өмірбекова.
Бірде кестелі жіпті қызғалдақ етіп құлпыртса, енді бірде қауызын жаңа жарған жауқазын етіп жайқалтып шыға келетін қолөнершілердің еңбегі қашан да бағалы, беделі де биік. Кеше мен бүгіннің үзігін жалғап, әлемдік деңгейде жайнатып жүрген саусағы алтын шеберлердің қолына дерт бермесін дегіміз келеді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ