
Кей жылы қуаңшылық салдарынан егіс күйіп кетсе, енді бірде төпелеп жауған нөсер жауын немесе бұршақ пен үсік те орасан зиян келтіреді. Осындай сәтте бұрын егісін сақтандырған шаруалар шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру жүйесі арқылы өтеп алатын. Алайда бұл жүйе тиімсіз болды ма, міндетті сақтандыру жүйесі осыдан шамамен 4-5 жыл бұрын түбегейлі жойылды. Артынша ерікті сақтандыру жүйесі қолданысқа енді. Бірақ дәл қазір әулиеаталық шаруалар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Бұл жөнінде «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» Меркі ауданы бойынша филиалының басшысы Тасқын Аташевтің өз айтары бар.
– Соңғы жылдары аймақтың климаты біртіндеп өзгергенін байқадық. Бұрнағы жылы құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, мемлекет агроқұрылымдардың шығындарының бір бөлігін өтесе, былтыр жазда нөсер жауын жиі жауып, диқандарды әбден әбігерге салды. Ол аздай аптап ыстық та айтарлықтай қиындықтар туындатты. Осы қолайсыздықтар дәнді дақылдарды жинау және көпжылдық шөптерді екінші мәрте шабу кезеңіне тұспа-тұс келді. Топырақтағы ылғалдың артық болуы егін жинау жұмыстарын уақытында бастауға мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты жазғы жиын-терін тамыз айына жақын басталды. Көптеген шаруалар болжамды пайда таппады. 2020 жылы «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Заңның күші жойылған болатын. Осы уақыттан бастап ерікті сақтандыру институты өз жұмысына кірісті. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы №159 бұйрығымен сақтандыру саласындағы оператор болып «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы анықталды. Осылайша егін «Kezekte.kz» платформасы арқылы сақтандырылатын болды. Бұл ретте Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс аймақтарындағы шаруалар өз егістіктерін сақтандыра алды, ал оңтүстіктің шаруалары, яғни Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарының диқандары мұндай мүмкіндіктен айырылып қалды. Себебі «Kezekte.kz» платформасында оңтүстік облыстардың тізімі жоқ, – деді ол.
Тасқын Орынханұлы облыс шаруалары егісін сақтандыру үшін оларға көмек беруді сұрап, бірқатар ұсынысын тиісті мекемелерге жеткізген екен. Алайда істің қалай шешілетінінен әзірге хабарсыз.
– Сақтандыру өнімі негізінде топырақтағы ылғалдың жетіспеушілігіне негізделген тәуекелді қамтиды. Біздің облыс үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы оператор ретінде сақтандыру құжатын әзірлеп және бекіту үшін гроформация егістіктерін сақтандыру мүмкіндігі бойынша жәрдем көрсетуі қажет. Мысалы, біз 2024-2025 жылдың маусымына арналған күздік дақылдарды сақтандырудың қамына былтыр ертерек кірістік. Ол үшін оның басталуын сақтандыру компанияларына агроөнеркәсіп кешені саласында сақтандыруды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде аталған жылдарға арналған күздік дақылдардың егістігін құрғақшылықтан сақтандыруға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын осы корпорация хабарлауы керектігін тиісті орынға жеткіздік. Сақтандыру онлайн режимде «Kezekte.kz» платформасында өтеді. Күздік дақылдарды сақтандыруға өтінім жылдың 29 тамызына дейін берілуі керек. Жеке кабинетте фермер өз егісін көрсетуі, сақтандыру компаниясын анықтауы, сақтандыру шартын жасасуы, сақтандыру сомасының 20 пайыз мөлшерінде сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін төлеуі қажет. Ал сақтандырушы өз кезегінде оператордың атына сақтандыру сыйлықақысының 80 пайызын субсидиялауға өтінім жібереді. Күздік дақылдар үшін топырақ ылғалдылығының тапшылығын сақтандырудың негізгі шарттары үш кезеңнен тұрады. Былтыр сақтандыруды қорғау кезеңі 2024 жылғы 15 қыркүйектен 2025 жылдың 30 маусымына дейін белгіленді. 4,8 пайыз сақтандыру тарифі ең жоғары сақтандыру төлемінің мөлшері ретінде сақтандыру сомасының 48 пайызын құрайды. Бұл ретте Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Абай және Ұлытау облыстарының диқандары егістерін сақтандыра алса, ал оңтүстік аймақтардағы шаруалар бұл қолдаудан қағылды, – деді Т.Аташев.
Осыған орай біз «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалына барып, мониторинг бөлімінің басшысы Асхат Османовқа жолықтық. Оған облыс шаруалары климаттың қолайсыздығына қарамастан тәуекелге бел буып егін еккенімен, оны сақтандыру мүмкіндігінен шет қалып отырғанын айттық.
– Жердің балбанитеті деген ұғым бар. Бұл егіннің шығуына немесе шықпауына әсер ететін маңызды фактор. Сіз айтып отырған облыстарда жердің құнарлылығы мен ылғалдылығы жоғары, ал оңтүстіктегі аймақтарда төмен. Сондықтан бізде егіннің шықпай қалу немесе төмен өнім беру ықтималдылығы 50 пайыздан асады. Осы себепті шаруалар егінін сақтандыра алмайды. Бізде тек шаруаларға несие, субсидия және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру қарастырылған. Бұл жеткілікті деп есептеледі. Облысымызда тіпті интенсивті бақтар да сақтандыруға жатпайды, шаруалар тек малын ғана сақтандыра алады. Ал егісті ерікті сақтандыру жүйесіне оңтүстік өңірлерді де қосу туралы сұранысты ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне жолдау, бұл тұрғыда заңнамалық өзгерістерге ұсыныс енгізуді сұрау, ең болмаса балама сақтандыру жолдары арқылы жеке компаниялардың көмегін пайдаланудың жолын іздеу шаруаларымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы айналысуы керек, – деді Асхат Жұматайұлы.
Осыдан кейін біз облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының егіншаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрдәулет Ілесбекпен әңгімелестік. Одан бұл мәселе қалай шешімін табатынын сұрадық. Ол біздің облыстың егісін сақтандыру міндетті сақтандыру жүйесі бар кездің өзінде-ақ алынып тасталғанын айтты.
– Оңтүстіктегі облыстарды ерікті сақтандыру жүйесіне қосу мәселесімен тиісті министрлік айналысып жатыр. Қазіргі уақытта сақтандыру бағасын тұрақтандыру жолдары қарастырылуда. Менің пайымымша, қазір гектар шығындары, яғни агротехникалық шаралардың ортақ құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы. Өйткені көктем мезгілінде бұл шаралар солтүстік өңірде бөлек, оңтүстікте бөлек жүзеге асады. Әр өңірде іс әртүрлі жүргізілетін болғандықтан соған сай пайыздық көрсеткіштер белгіленуде. Біздің өңірдің не себепті ерікті сақтандыру жүйесіне енбегенін нақты айта алмаймын. Өйткені 2022 жылдары еліміз бойынша бар-жоғы 5 облыс қана егісін ерікті сақтандыра алатын. Қазір қатары артты. Сондықтан мәселе шешімін табады деген сенімдеміз. Тағы бір айта кетер жайт, шаруалардың жеке сақтандыру компаниялары арқылы егісін сақтандыруға мүмкіндігі бар-жоғы туралы да нақты ештеңе айта алмаймын, – деді Н.Ілесбек.
Біздің түсінгеніміз егіннің шықпай қалу қаупі жоғары өңірлерде егісті сақтандыру тиімсіз, одан мемлекет те, сақтандыру компаниясы да пайда табуы екіталай. Өйткені құрғақшылыққа жиі ұрынатын аймақтарда шығынды өтеу кімге болсын ауыр салмақ. Көңілге медет болатыны – облысты ерікті сақтандыру жүйесіне қосудың амалы қарастырылып жатқаны. Бірақ әзірге нақты шешім жоқ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ