
Сәбит Хабибуллаұлының айтуынша, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген «Цифрлық нотариат» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған. Жоба мақсаты – нотариаттық қызметтерді оңтайландыру, халыққа ыңғайлы әрі қауіпсіз онлайн қызмет ұсыну және қағазбастылықты азайту. 2023 жылдың сәуір айынан бастап іске қосылған жүйе «eGov mobile» қосымшасындағы «E-notary» бөлімі арқылы азаматтарға нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, сенімхаттарды, ерлі-зайыптылардың келісімдерін, некенің жоқтығы туралы өтініштерді және кейбір консультация түрлерін онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет ең алдымен уақыт пен қаржыны үнемдеуге бағытталған.
Сәбит Мамедахуновтың айтуынша, жүйенің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Барлық транзакциялар биометриялық сәйкестендіру, ЭЦҚ арқылы қол қою және QR-код арқылы түпнұсқалықты тексеру секілді заманауи технологиялармен қорғалған. Сондай-ақ, жаңа жүйе құжат рәсімдеу уақытын қысқартып, нотариустардың жұмысын жеңілдетеді.
– Қызметті пайдалану өте оңай. Алдымен «Google Play», «AppStore» немесе «AppGallery» платформаларынан «eGov mobile» қосымшасын жүктеу керек. Содан кейін «digital ID» сервисі арқылы тіркеуден өтеді. Сондай-ақ, «Еnis.kz» сайты арқылы «Цифрлық нотариаттық іс-әрекеттер» сервисіне кіріп, нотариуспен бейнебайланыс орнатуға болады. Нотариусқа бейнеқоңырау шалып, қажетті құжаттарды рәсімдейсіз. Барлық құжатқа QR-код беріледі. Бұл оның түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Брифинг барысында нотариустардың цифрлық қызметтерді ұсыну бойынша толық дайын екені және жаңа жүйе азаматтарға ғана емес, нотариустарға да тиімді екені айтылды. Мамандардың айтуынша, цифрлық құжат айналымы жұмыс процесін жеделдетіп, қағаз түріндегі құжаттармен жұмыс істеуге кететін шығындарды азайтады.
Брифинг соңында спикер азаматтарды заманауи технологияларды белсенді пайдалануға, уақыт үнемдеуге және қауіпсіз қызметтерді таңдауға шақырды.
Айжан ӨЗБЕКОВА