
Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 227 ұсыным қабылданыпты. Оның 13-і тәртіптік іс, қалған 214-і профилактикалық сұрақтарды қарау нәтижелеріне қатысты екен. Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары толықтай орындалған.
Брифинг барысында Руслан Шамелұлы департаменттің өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.
– Мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4 446 болса, қызметкерлердің нақты саны 4 217-ні құрайды. Бос лауазымдар үлесі – 229. Есепті кезеңде жалпы 325 қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалып, 96 маман сынақтан өтуде, сынақтан өте алмай қызметінен босатылған қызметшілер қазірге дейін тіркелген жоқ. Сынақ мерзімі аяқталмай жұмыстан шыққан қызметшілер саны – 13. Сонымен қатар сынақтан өтетін 324 қызметшіге тәлімгер бекітілгенін айта кеткен жөн. Өткен жылы 1 293 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланса, 1 277-сі оқытылды, – деген Р.Шарипов тестілеуден өту нәтижелері туралы баяндады.
Есепті кезеңде тестілеуден өтуге барлығы 4 290 азамат өтініш білдірсе, 1 075-сі тестілеудің шекті мәнінен өткен.
– Конкурс өткізілместен «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына орналасу бойынша да біраз іс атқарылды. Мемлекеттік органдардан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған 28 түлекті конкурстан тыс негізде тағайындау бойынша ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 27 түлек мемлекеттік қызметке конкурс өткізілместен қабылданды. Бір айта кетерлігі, облыс әкімдігінің құрылыс, денешынықтыру және спорт, ветеринария, ауылшаруашылығы, жұмылдыру дайындығы, жер қатынастары басқармаларының басшылары агенттіктің келісімі бойынша тікелей тағайындалды. Бұл техникалық реттеу және метрология және жер ресурстарын басқару комитеттерінің облыстық департаменттеріне де қатысты жайт. Мемлекеттік қызметшілердің қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша 25 мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Сондай-ақ Өңірлік кадр резервіне іріктеу бойынша жалпы 478 қатысушының ішінен 26 үміткер Өңірлік кадр резервіне іріктеліп алынды. Бүгінгі күнге 5 үміткер резервтен лауазымдарға тағайындалды, – деді спикер.
Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 31 тексеру жүргізіліпті. Тарқатып айтсақ, 11-і профилактикалық бақылау мен жоспарлы тексерулер, 20-сы жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген тексерулердің нәтижелерімен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 566 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы 10 нұсқама және 12 ұсыну енгізіліпті. Нұсқамалар мен ұсынулар толығымен орындалған. Жүргізілген профилактикалық бақылаулар мен жоспарлы тексерулердің нәтижелерімен 70 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген екен. Нақтылап өстсек, 60 қызметшіге іссапар шығындары кешіктіріліп төленгені үшін тиісті өсімпұл сомалары төленіп, 10 қызметшінің қызметтерін бағалау мәселесі қайта қаралыпты. Одан бөлек жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 10 азаматтың құқықтары қалпына келтірілген, оның ішінде 7 мемлекеттік қызметші бар. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 12 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға, сонымен қатар 26 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша 13 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Оның ішінде 11-і мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», екеуі әдеп нормаларын сақтамағаны үшін «ескерту» және «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазалар. Әдеп жөніндегі кеңеспен 3 мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы актінің күшін жою арқылы оның құқықтары қалпына келтірілді. Есепті кезеңде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен түрлі мәселелер бойынша 64 жеке қабылдау ұйымдастырылып, онда барлығы 120 азамат қабылданды, – деп толықтырып өтті Руслан Шамелұлы.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ