
Заманауи ғылымды меңгерген қос өрен өткен жылы асық ойнайтын роботтарымен Орал қаласында өткен «NatRoboCom 2024» (National Robotics Competition)» халықаралық жарысында жеңімпаз атанды.
Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыру, роботты құрастыру және бағдарламалау бағытындағы дарынды оқушыларды анықтауды мақсат тұтқан сайысқа елімізден және көрші мемлекеттерден 10-17 жас аралығындағы оқушылардан құралған командалар қатысты.
– Роботымызды құрастыруға бар ынта-жігерімізді салған соң сапалы болып шықты. Асық атылатын арнайы механизмді резеңке арқылы жасағанбыз. Бағдарламалау тілін роботтың белгілі бір градусқа бұрыла алуына ыңғайлап жазып шықтық. Яғни робот сызыққа жеткенде шеттегі асықтарды ату үшін кішкене бұрылып атады. Роботты жасауға, оның бағдарламасын орнатуға көп уақыт кетті. Бір айта кетерлігі, сайыс ережесі бойынша, робот стартта белгілі бір аумақта тұруы қажет. Ойын басталғанда ол қара сызық бойымен жүріп, қызыл сызыққа келгенде тоқтап, таңдалған асықты атуы керек. Біздің құлтемір берілген тапсырманы мүдірмей орындап шықты. Роботты жасауға досым Иманғали Төлеу мен информатика пәнінің мұғалімі Рахат Жұмағалиева көмектесті, – дейді Д.Нұрбекұлы.
Иманғали Төлеудің айтуынша, робототехникаға қызығушылығы бала күнінен басталған. Дарынды өрен кішкентайынан-ақ анасы алып келген лего ойыншықтарын еш қиындықсыз құрастыратын болған.
– Осы уақытқа дейін түрлі роботтарыммен бірнеше жетістікке жеттім. Мысалы, мектепішілік сумо спорты бойынша жарыста ІІ орын иелендім. Кейін қалалық сайыста роботтар арасындағы арқан тартыс кезеңі бойынша ІІ орын алдым. Орал қаласында өткен халықаралық жарыста асық ату категориясында өзіміздің асық ататын роботымызбен барып, жүлделі І орын алып қайттық. Ол роботты жасау үшін көп уақытымыз кетті. Бағдарламасының өзіне 1 ай тынымсыз жұмыс істеу керек болды. Басқа роботтарға қарағанда біздің робот барлық жағынан дамыған әрі мінсіз болды. Орын алған кезде Дамир досым мен жетекшіміз Рахат Жұмағалиеваның қуанышында шек болмады. Болашақта робототехника саласын дамытқым келеді, – дейді И.Төлеу.
Қазіргі уақытта 10-сыныпта білім алып жүрген жас дарындардың жетекшісі – Рахат Жұмағалиева. Информатика пәні мұғалімінің тәлімі арқасында Дамир мен Иманғали қызметтік роботтың кез келген түрін құрастыра алады.
– Балалар менің жетекшілігіме 5-сыныпта келген. Робототехникаға бейім болған соң бірден іліп әкетті. Өздері бағдарлама жазып, робот құрастырып жүреді. Мен тек қажет кезде ақылымды айтып, бағыт-бағдар беріп отырамын. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Келесі жылы оқу бітіретін оқушыларымның болашағы жарқын болуын тілеймін. Өзім робототехника үйірмесіне 2019 жылдан бері жетекшілік етіп келемін. Алты жылдың ішінде оқушыларымыз 5 республикалық, 2 халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Мұғалім ретінде біздің мақсатымыз – оқушылардың шығармашылығын дамыту, яғни оқушылардың интеллектісін ояту. Осы іске өз үлесімді қоса алдым деп ойлаймын, – дейді Р.Жұмағалиева.
Робототехниканы жетік меңгерген қос жеткіншектің арманы – цифрлық технология саласын дамыту.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ