Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқырман мәдениетін қалыптастыратын айрықша акция

Оқырман мәдениетін қалыптастыратын айрықша акция
Ашық Дереккөз
Облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында кітап қабылдау акциясы өтті. Айрықша акцияның негізгі мақсаты – оқырман мәдениетін қалыптастыру, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятып, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын дамытуға ықпал ету.

Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Медеу Мырзатайдың айтуынша, акция аясында қала тұрғындары жастарға өздері оқыған кітаптарды тарту етіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына айрықша қолдау білдіруде.

Ал «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әйгерім Сәрсенбаеваның айтуынша, кітап қабылдау акциясы республика бойынша жүзеге асуда.

– Жиналған кітаптардың барлығын ауылдық жерлердегі кітапханаларға тапсырамыз. Себебі ауыл-аймақтардағы кітапханаларда кітап жетіспеушілігі бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы жастарды кітап оқуға баулу мақсатында аталған акцияны жылда өткізіп келеміз. Былтырғы жылы Байзақ ауданында жаңа кітапхананың ашылуына орай әртүрлі жанрдағы 280-ге жуық кітапты кітапхана әкімшілігіне табыстадық, – дейді Әйгерім Арыстанбекқызы.

Акцияға қатысып, кітап тапсырған жастың бірі – Жалғас Оразбек.

– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының үш томын қабылдаушыларға тапсырдым. Романды бірнеше мәрте оқыдым. Сондықтан да шаң басып сөреде тұра бергенше басқалардың кәдесіне жарасын деп ойладым. Замандастарыма әлеуметтік желіде әркімнің пайдасыз жазбаларын оқып, уақыт жоғалтқанша кітап оқуға кеңес берер едім. Кітап – кез келген адамды тереңінен дамытып, даналыққа жетелейтін ең жақсы құрал, – дейді Ж.Оразбек.

Акция аясында «Абай жолы», «Алтын тұғыр», «Айтылмаған ақиқат», «Мен сондаймын», «Ер Шона», «Фатима» кітаптары мен Күләш Ахметова, Дулат Исабеков пен өзге де әдебиет майталмандарының шығармашылығы көпшілік назарына ұсынылды.

Мұқағали БАЛТАБЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар