Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ісінен береке тапқан теміржолшылар

Ісінен береке тапқан теміржолшылар
Ашық Дереккөз
Тараз қаласы әкімдігі жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде теміржолшылармен «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыбында кездесу өтті.

Жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді мақсат еткен іс-шараны жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ұлжан Қаленова ашып, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау маңызды екенін атап өтті.

Кездесуге теміржол саласының білікті мамандары – Нигора Сәрсекеева, Назым Бейсенова және Жандос Қарғабаев қатысты. Жиын барысында қонақтар теміржол саласының негізгі құрылымдары мен маңызды аспектілеріне тоқталып, күнделікті жұмыс тәртібі, қызметтік міндеттері және кәсіби жетістіктері жайлы баяндады. Сондай-ақ студенттерге саланың болашағы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен кәсіби дамудың негізгі бағыттары жөнінде құнды ақпараттар берді.

– 2007 жылы теміржол лицейінің табалдырығын аттап, 2010 жылы оқуымды сәтті аяқтадым. Еңбек жолымды «Электровоз» машинисінің көмекшісі қызметінен бастадым. Кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында 2012 жылы Павлодар оқу орталығында 6 айлық арнайы дайындық бағдарламасынан өттім. Курсты сәтті аяқтағаннан кейін жүк қозғалысының машинисі ретінде қызметімді жалғастырдым. Негізі атам да, әкем де өмірін теміржолмен байланыстырған. Бүгінде әулетіміздің теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанына 118 жыл толып отыр. Жастарға айтарым, білім алу жолында ешқашан тоқтап қалмау керек. Теміржол қызметі сырт көзге қауіпті әрі күрделі болып көрінер, бірақ кәсіби шыңдалуға және өзіңді үнемі жетілдіруге мүмкіндік мол. Дегенмен бұл саланың да, кез келген өзге мамандықтың да табысқа жету жолы – терең білім мен қажырлы еңбекте. Сондықтан өз ісіңді жетік меңгеру үшін үздіксіз ізденіс пен табандылықты серік ету қажет, – дейді кездесуде сөз алған жолаушылар қозғалысының машинисі Жандос Болатбекұлы.

Алдағы уақытта да еңбек жолын ел болашағының жарқын болуына арнаған адал табыс иелерін жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары жалғаса бермек.

М. ЖАМБЫЛҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар