Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараздық қолөнершілер Индонезия төрінде

Тараздық қолөнершілер Индонезия төрінде
Ашық Дереккөз
Ұлттық қолөнер – халқымыздың тұрмысы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол ғасырлар бойы қазақ халқының өмір салты, рухани құндылықтары, күнделікті тіршілігімен бірге жасасып келеді. Бұл өнер түрі ұлтымыздың болмысын айшықтап қана қоймай, тамыры терең тарихтан сыр шертіп, қазақы қалпымыздың даралығын айқындай түседі. Сондай-ақ он саусағынан өнер тамған шеберлердің төл туындыларынан биік талғамның, әсемдіктің жарқын үлгісі анық аңғарылады.

Егемендік алған сәттен бастап ұлттық құндылықтарымыз кеңінен ұлықталып, мемлекет тарапынан жан-жақты дәріптеліп келеді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне шаһар – Тараз 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың мұндай мәртебеге ие болуы – заңдылық. Байырғы дәуірде-ақ қолөнер шеберлерінің таңдаулы туындыларымен талай жұртты тәнті еткен Таразда халықаралық көрме ұйымдастыру кейінгі жылдары дәстүрге айналғаны да баршаға мәлім.

Осылайша әлемдік деңгейде өз орнын айқындаған тараздық қолөнершілер жуырда Индонезия мемлекетінде өткен «INACRAFT – 2025» халықаралық көрмесіне қатысып қайтты. Әулиеаталық делегацияны бастап барған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, бүгінде тараздық шеберлер әлем алдында зор беделге ие екен.

– Халықаралық көрменің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға Орта Азия, Оңтүстік Азия елдерінің және Дүниежүзілік қолөнершілер тізіміне енген қалалардың қолөнершілері қатысты. Солардың арасында Қазақстанның ұлттық қолөнері ерекше бағаға ие екенін аңғардық. Әрине, бұл мемлекетіміздің жан-жақты қолдауының нәтижесі екені даусыз. Сондай-ақ Индонезия елінде де ұлттық құндылықтарға деген айрықша жоғары қолдау мен көзқарас қалыптасқан. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып, төрт күнге ұласқан халықаралық іс-шара аясында жергілікті шеберлеріміз өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып қана қоймай, төл мәдениетіміздің дамуына да зор үлес қосты деуге болады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің ғана емес, белгілі сәнгер Айдархан Қалиевтің көздің жауын алатын киім үлгілері де көпшілік назарына ұсынылып, жақсы бағаланды, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.

Осы ретте тараздық танымал қолөнерші Анар Бексұлтанова аталған іс-шара арқылы мол тәжірибе жинағанын жеткізді.

«INACRAFT – 2025» – өзінің ширек ғасырлық белесінде сан түрлі қиындықты бастан өткерген ұйым. Сондай қиын-қыстау кезеңдерде де қолөнердің арқасында табыс тауып, одан бір сәтке де қол үзбеген. Біздің де ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қала жаздаған сәттеріміз аз болған жоқ. Осы арқылы еш мойымай, тынбай еңбек ету әрдайым табысқа жетелейтініне тағы да көзіміз жетті. Сондай-ақ ол жақтың шеберлері табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдалана алатынына куә болдық. Ол мемлекетте біздегідей ресурс қоры мол емес. Дегенмен соған қарамастан қолда бар дүниені барынша ұқсатып отыр. Айталық, олардың табиғи былғарыға жапырақты басу арқылы әртүрлі ою-өрнектер салатынын көріп тамсандық. Су өткізбейтін, тоқылған ыдыстар мен сөмкелері де тәнті етті. Маталарға өздері түрлі түстер беретіні де ұнады. Тіпті әр адам матаға ұнаған суретін салып, содан киім тігіп киеді. Ерекше атап өтерлігі, ондағы ұлттық киімдердің өз түстері мен стилін әлі күнге жоғалтпай, ежелгі қалпын сақтап келе жатқаны. Әрине, біз де ұлттық ою-өрнектерімізді бұйымдарымызға кеңінен қолданудамыз. Осы жағынан олармен сәл де болса ұқсастығымыз бар екен. Біз қолөнершілердің дүниежүзілік тізіміне киім бұйымдары арқылы енгенбіз. Сондықтан осы көрмеге өз тарапымыздан төрге ілетін тұскиіз, сырмақ, ұлттық киімдеріміз шапан, жадағай, киізден жасалған аяқкиім, баскиім, сөмке түрлерін апардық. Барлығы дерлік сарапшылардың қызығушылығын туғызды. Әрине, сондай сәттерде кеудемізді мақтаныш сезімі кернегені жасырын емес, – дейді қолөнерші ағынан жарылып.

Бүгінде қолөнер – тек бұйым жасау емес, мәдениет пен дәстүрді сақтап қалудың маңызды құралы екені күн санап дәлелденіп келеді. Сондай-ақ ол рухани байлықтың, мәдени мұраның көрінісі екені даусыз. Сол себепті осы өнер түрін сақтап қалу және болашақ ұрпаққа жеткізу – тек шеберлердің ғана емес, әрбір азаматтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар