
Ұзындығы 2,8 метр, ені 1,4 метр болатын тастың өзге өңірлерде табылған ойын тастарынан ерекшелігі бетіне екі бірдей ойын тақтасы ойылып жасалған екен. Ал тастың тарихы, қай заманға тән жәдігер екені облыс тұрғындарын қызықтыратыны анық. Сол үшін де кеше облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев пен аталған мекеменің инспекторы Жандос Бәйтімбетов бастап барды.
– Бір іссапармен барлау жасап жүріп, Қызылтаң елді мекенінің солтүстік-шығыс жағындағы тау беткейінде тоғызқұмалаққа арналған ойын тасын кездестіріп қалдым. Орналасқан жері де ерекше. Солтүстігі мен солтүстік-батыс жағы алаңқай жазық, оңтүстігі мен оңтүстік-батыс жағы таулы аймақ, қыратты, тік жартасты болып келеді. Шығыс жағында екі таудың ұштасатын жерінде өзеннің табаны бар. Тіпті мұнда малшылар тоғызқұмалақтан жарыс өткізген сыңайлы. Тегіс алаңқайдың оң жағындағы қыраттың үстінде құпиясы көп тарихи жәдігеріміз орналасқан, – дейді Жандос Айсұлтанұлы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кезінде мұндағы мал бағып жүрген шаруалар жоғарыда орналасқан жарға шығып, тоғызқұмалақ ойнап, әрі төрт түлігін қарап отырған болуы мүмкін. Десе де бұл жәдігерге неше ғасыр болғаны әзірге беймәлім.
Жандос Бәйтімбетовтің пайымынша, тоғызқұмалақ тасының үлкен отауының шұңқырындағы күйенің жұғындысы оның ішіне адамдар отын толтырып, оны жаға отырып тасты қыздырғанынан хабар береді. Ол осылайша ойыншылар жылынған әлгі тастың үстінде отырып ойын көрігін қыздырған деп топшылады.
Ендігі кезекте осы тарихи мұраны сақтап, қорғап, ата-бабаларымыздың асыл қазынасын келешек ұрпаққа аманат етуге әрекеттенуі – басты міндеттің бірі. Осы істі аталған дирекция қолға алып жатыр десек те болады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ