
Брифинг облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасовтың қатысуымен өтті. Спикердің айтуынша, облыста 120-ға жуық «Құқық кабинеттері» ашылған. Олар аудандық, ауылдық клубтардың ғимараттарында, демалыс орталықтарында және тағы да басқа «Egov» бұрыштарының базасында жұмыс істейді.
«Еup.kz» сайты арқылы онлайн режимде заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылса, азаматтарға өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға бейнеқоңырау арқылы жауап алуға болатын «Zan Komegi» мобильді қосымшасы да қолжетімді. «Zan Komegi» жүйесінде 472 мыңнан аса азамат адвокаттар мен заң кеңесшілерінің көмегін алған.
Заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында QR-қол қою сервисі қолданылған. Қызмет нәтижелері 24/7 режимде «еGov мobile» «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы Қазақстан азаматтары нотариусқа бармай-ақ 168 мыңға жуық сенімхат пен ерлі-зайыптылардың 67,5 мың келісімін заңды түрде рәсімдеген.
– Маңызды жетістік, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұл уақытылы төленбеген жағдайда, уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын робот сот орындаушысына береді. Іс қозғалғаннан кейін азаматтарға бұл туралы «еGov мobile» арқылы 1414 телефонынан SMS хабарлама және push-хабарлама жіберіледі. Сол арқылы азаматтар айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуден және сот орындаушысына барудан босатылады. Цифрлық сот орындаушы іске қосылған сәттен бастап 2,2 миллиард теңге сомасын құрайтын 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалды. Азаматтардың пайдасына 550 миллион теңге үнемделді. Облыста көлемі 583 014 797 теңге болатын 27 421 мыңнан астам іс қозғалса, үнемделген сома 28 миллион теңгені құрады, – деді Нұрғали Есіркепұлы.
Биыл 300 мыңнан астам азаматты құқықтық сауаттылық бойынша оқыту жоспарланыпты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ