
Алайда бұл олқылықтың орны толтырыла бастады. Бұл тұрғыда ауыл малы үшін тарылған өрісті кеңейту мақсатында заңсыз берілген жерлерді ауылдық округтерге қайтару, жайылымға шын мұқтаж шаруа қожалықтардың мәселесін бос жатқан жер есебінен шешу сияқты жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен мәселе әлі де өзекті.
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің бірлескен отырысында «Жер аманаты» жобасы аясында өңірдегі заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан және жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, олардың әділ бөлінуі мен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Аймақтық кеңестердің бірлескен отырысын ашып, жүргізген Фарида Амансарықызы бүгінде заңсыз берілген немесе игерілмеген жерлерді қайтару бойынша комиссия еліміздің барлық өңірінде жұмыс істеп жатқанын сөз етті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Боранқұлованың сөзіне сүйенсек, облыстың әкімшілік аумағы 14,4 миллион гектар болса, оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер – 4624,8 мың гектар. Елді мекен жерлері – 842,2 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 177 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын – 11,6 мың, орман жер қоры есебінде – 4429,1 мың, су қорының – 356,3 мың, босалқы жерлер қатарында 1497,2 мың гектар жер бар.
Өткен жылы игерілмеген 80 мың гектарды қайтару жоспарланған екен. Нәтижесінде жыл аяғына дейін 102,5 мың гектар қайтарылып, жоспар артығымен 131,2 пайызға орындалыпты. 2025 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан облыста 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланса, одан бөлек кәсіпкерлік мақсатта 160 жер телімі аукционға шығарылмақ.
– Облыс көлемінде қолда бар малды жайып бағуға болатын ауылшаруашылығы мақсатындағы – 3,6 миллион гектар, елді мекендерде – 741 мың, орман қоры жерінде – 1,7 миллион, босалқы жер қорында 967,1 мың гектар жайылым жер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызына тиесілі. Қазіргі таңда мал жайылымы өзекті 41 ауылдық елді мекеннің жайылым жетіспеушілігін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жетіспеушілік 56,7 мың гектарды құрап отыр. Жетіспеушілікті шешу мақсатында ауылдық округтерге босалқы жер қорынан 22,9 мың гектарды қосу жоспарланған. Жыл қорытындысымен 40,8 мың гектар елді мекендерге қосылып берілді. Елді мекендерге қажетті жерлер зерделеніп, мемлекет мұқтажы үшін 36,9 мың гектар қайтару жоспарланды. Орындалуы – 3,7 мың гектар. Игерілмеген 88,2 мың гектар анықталып, жерлерді қайтару үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне тізімдер жолданды. Мемлекет меншігіне қайтарылатын жерлер қажеттілігіне қарай ауылдық округтерге қосылып беріледі. Жалпы 41 елді мекеннің 17 елді мекенінде жайылым жетіспеушілігі шешілді, қалған 9 елді мекенде биыл шешімін табатын болады. Сонымен қатар 15 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған аудандарда халықтың тығыз орналасуына байланысты және қала маңы аймағына жақын орналасуы, сондай-ақ жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан шешімін таппай отыр. «ҚР Жайылымдар туралы» Заңның талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасын қайтадан 5 жыл мерзімге бекіту жүргізілуде, – деді Ботагөз Қуатбайқызы.
Ал облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қанатбек Серікбаевтың айтуынша, елімізде жерді тиімді әрі ұтымды пайдалануға ерекше басымдық берілген. Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару тапсырмасы аясында биыл да жұмыстар жалғасын табуда.
– Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа бекітілген жоспар артығымен орындалды. Айта кету керек, қайтарылған 102,5 мың гектардың 43,7 мың гектары біздің департаменттің талабы негізінде сотпен мемлекеттің жер қорына түсті. 2025 жылы облысқа 90 мың гектар жерді қайтару міндеттелді. Осыған орай аудандар бойынша қайтарылуға жататын жерлердің жылдық және айлық жоспары 21 қаңтарда облыс әкімінің орынбасарымен бекітіліп, әкімдіктерге жолданды. Жыл басынан бері көлемі 10,1 мың гектар (37 жер телімі) жер қайтарылды. Айлық жоспар 288 пайызға, тоқсандық 118 пайызға, ал жылдық жоспар 11,2 пайызға орындалды. Атап өту қажет, заңсыз не иесіз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстың нәтижелеріне ашық қол жеткізу мүмкіндігін беру мақсатында «jerkarta.gharysh.kz» геосервисі әзірленді. Және қайтарылған жерлер осы геосервиске енгізілуде. Сөз басында атап өткенімдей, өткен жылы қайтарылған жерлердің 42,6 пайызы департаменттің талабы негізінде сот шешімімен қайтарылды. Ал биыл нұсқама мерзімі бітетін көлемі 28,5 мың гектар 44 жер учаскесі бар. Оның 12,3 мың гектары егіс, 16,2 мың гектары жайылым. Бұл бойынша департамент тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі таңда Шу ауданында көлемі 1,8 мың гектар және Меркі ауданында көлемі 5,2 мың гектар жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қою туралы сотқа талап арыз берілді. Дегенмен аталған 28,5 мың гектардың барлығы қайтарылады деуге болмайды. Себебі жерлерін қайта пайдалануға кірісетін тұлғалар болады, сотпен талабымыз қанағаттандырусыз қалдырылуы мүмкін. Осыған орай биылғы жоспардың орындалуы атқарушы органдардың (әкімдіктер мен жер бөлімдері) атқаратын жұмыстарына тығыз байланысты болмақ. Бүгінде Жер ресурстарын басқару комитетімен жерлерді оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтару механизмі әзірленуде. Осы ретте бұл механизм қолданысқа енгізілгенше әкімдіктер жерлерін пайдаланбай, иесі ауданда не ауылда тұрмайтын, жеріне инвестиция салмай, жұмыс орындарын ашпай отырған жер пайдаланушыларды анықтап, олардың тізімін жасақтап қою қажет деп есептеймін. Себебі алдағы уақытта оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтару тәртібі бекітілген кезде біз осыған дайын болуымыз қажет. Бекітілген жоспарды орындауға септігін тигізетін жағдайдың бірі – 2025 жылы жалдау мерзімі аяқталатын жерлерге талдау жасау. Сондықтан әкімдіктерді жерді қайтару мәселесіне жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы мерзімінен бұрын бірлесе орындауға шақырамын, – деді Қанатбек Қуанышұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің баяндамасы тыңдалды.
Екі мәселе бойынша да кеңес мүшелері көптің көкейінде жүрген түйткілдерді мәселе ретінде көтерді. Мысалы, игерілмеген жерлерді қайтару қандай негізге сүйеніп жүргізілетіні, кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерінің аукционға шығарылу тәртібі қандай екенін білгісі келгендер болды. Сонымен қатар Меркі ауданында бір саябақ жеке қолға өтіп кеткен екен. Қордай ауданы, Ноғайбай ауылында да бір серіктестіктің банкке кепілге қойған жері пай үлескерінің келісімінсіз келесі бір іскер азаматқа сатылған. Облыста 2023 жылдан бастап минералды тыңайтқышқа бөлінген субсидиялар шаруаларға әлі күнге берілмеген. Баяндамашыларға кеңес мүшелері осы тектес бірқатар сұрақ қойып, жауап алды.
Жиында соңында көтерілген өзекті мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта да талқылауға салынатыны, түйткілдің түйіні тарқатылуы үшін жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істелетіні, кез келген мәселе партиялық бақылауда ұсталатыны айтылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ