
– Бүгінде отандық өндіріс орындары жұмысшы мамандарға зәру. Кәсіби білікті жоғары ауылшаруашылық мамандары мен газоэлектродәнекерлеуші, аспаз, тігін, наубай, шаштараз сияқты мамандықтарды жетік меңгергендер қоғамда таптырмайды. Осы орайда тағылымды тарихы бар №10 Шу колледжі – бәсекеге қабілетті, білікті, құзыретті маман даярлауда биік белестерді бағындырған, сонымен қатар заманның жаңа даму сатысына ерекше үлес қосқан, беделі биік оқу орны. Колледж тарихын тәспірлесек, 1959 жылы Қонаев (бұрынғы Ворошилов) селосында таратылған аудандық машина-трактор стансасының (МТС) негізінде №109 селолық ауылшаруашылық училищесі болып ашылды. Биыл құрылғанына 66 жыл болған оқу орны Шу ауданы мен қаласы, Меркі, Мойынқұм аудандарына қызмет көрсетіп, өз ұстаханасынан 30 мыңнан астам білікті механизатор кадрлар даярлап шықты. Аудандағы осы күнгі механизаторлардың 80 пайызынан астамы осы білім ұясының түлектері. Алғашқы іргетасын қалаған жылдардан бастап талай қиындық пен кедергіден өткен техникалық мамандарды әзірлейтін бұл білім ордасының жұмысшы мамандары мен білім алған түлектері – біздің мақтанышымыз. Білім ордасына осы уақыт аралығында И.Куракин, Ә.Раптаев, М.Шубаев, Т.Алиев, К.Өксікбаев, Ш.Малдыбаев, А.Байтанаев, С.Бұралқиев басшылық етіп, өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты. Мәселен, Шалғынбай Малдыбайұлы 1989 жылдан бастап СПТУ-18, 2000 жылы ПТШ-10 (кәсіби-техникалық мектеп), 2002-2005 жылдары №10 кәсіптік мектепте басшылық қызмет атқарған. Оқу орнын Али Байтанаев 2005 жылы №10 кәсіптік мектеп кезінен 2007 жылы №10 кәсіптік лицей, 2012 жылы №10 Шу колледжі болып өзгертілгенде де және 2014 жылға дейін оқу орнында басшылық қызметте болды, – дейді Тоғжан Тоқтарбайқызы.
Оқу орны мемлекет қамқорлығының арқасында 1989 жылы аумағы 12 гектарды алып жатқан кешенді жаңа жайға қоныстанған екен. Жатақханасы, асханасы, оқу кабинеттері мен зертханалары, техника сақтайтын шеберханалары бар. Училище кезінде 15-тен астам мамандық бойынша тракторшы, комбайншы, автокөлік жүргізуші, электр және газ дәнекерлеуші, аспаз, тігінші, компьютер операторы, бухгалтер, балабақша тәрбиешісі, құрылыс шеберлерін даярласа, 2000 жылдан бері студенттерді Шу теміржол үшін тіркемелі вагондар жүйесінің слесары және тепловоз көмекшісі мамандығы бойынша да оқытуда. Жалпы осы оқу орны құрылғалы бері 10 мыңнан астам адам түрлі мамандықты игеріп, өмірге кәсіби маман ретінде жолдама алыпты.
– Қазіргі таңда колледжімізде студенттер 8 мамандық бойынша білім алады. Атап айтсақ, «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Теміржолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Теміржолдың вагондар мен рефрижераторлы жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Шаштараз өнері», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандықтары беріледі. Осы аталған мамандықтар бойынша 440 студент білім алып, 43 000 теңге шәкіртақымен қамтамасыз етіліп отыр, –дейді колледж директоры.
Колледждің «Тамақтандаруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқу өндіріс шебері Құндызай Жасыбаева бізге оқу орнында өзіне жүктелген міндеттер мен кәсіптік тәжірибе жайын да әңгімелеп берді.
– №10 Шу колледжінде 2016 жылдан бастап қызмет етіп келемін. Менің басты мақсатым – студенттердің бойындағы кәсіби білім мен дағдыны қалыптастыру, оларға жұмыстың оңтайлы орындалу жолдары мен тәсілдерін меңгерту. «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша қазіргі таңда 77 студент білім алуда. Бұл мамандықтың артықшылығы – еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Сондықтан оны кәсіп еткісі келетін жастар көп. Олардың басым бөлігі ұлдар. Аспаздықты меңгеріп, болашақта өз асханасын немесе мейрамханасын ашуды мақсат тұтқандар осы колледжде білім алып жатыр. Қазіргі заманда аспаздық өнер жоғары бағалануда. Мамандыққа машықтанып жатқан студенттер 1 және 2-курстарда «Кондитер», 3-курста «Аспаз» мамандығын оқып, екі біліктілік алып шығады. Бұл ретте студенттер болашақта аспаз немесе кондитер болғысы келсе де таңдау жасауына мүмкіндік берілген. Қандай іс болсын, ол ең алдымен, тәжірибемен ұштасатыны белгілі. Осы орайда колледжімізде дуальді оқытуға басты назар аударылған. Оқытудың 60 пайызы тәжірибе, 40 пайызы теория негізінде өтіледі. Дуальді оқыту жүйесінің нәтижелі болуына әлеуметтік серіктестіктердің қолдауы айтарлықтай үлес қосуда. Елімізде 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы көпшілік үшін үлкен қуаныш деп білемін. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған, – дейді Құндызай Досжанқызы.
Колледж жатақханасы 2015 жылы күрделі жөндеуден өтіп, барлық талапқа сай жағдай жасалыпты. Жатақхана 100 орынға арналған екен. Осы жатақханада жатып оқып жүрген суденттің бірі – Елубай Шашубай. Ол Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылынан келіп, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алып жүр.
– №10 Шу колледжінің жатақханасына 2023 жылдың 1 қыркүйегінде қабылдандым. Қазір 3-курс студентімін. Жатақхана өте таза, жарық әрі жылы. Қызметкерлер тарапынан жанашырлықты сезінеміз. Барлық жағдайы жасалған, әр бөлменің керекті жабдықтары, уақытылы берілетін тамақтану режимі, ыстық су, кір жуатын машина секілді барлық қажеттілік қолжетімді. Бос уақытымызда кітапханаға кіріп, қажетті мамандық бойынша ізденеміз және көркем әдебиеттермен танысамыз. Әр шалғай ауылдан келген балаға берілетін жатын орын үшін жатақхананың есігі ашық. Болашақта үлкен маман иесі болып, өз кәсібіммен танылсам деген арманым бар. Осы арманымның орындалатынына сенімім мол, – дейді ол.
Колледжден 2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылыпты. Ондағы техникалар мен құрал-жабдықтардың қыр-сырына студенттер өндірістік тәжірибе арқылы қанығуда. Кейінгі жастар да осы техникалардың тілін меңгеріп, өз білімі мен біліктілігін жетілдіреді деген сенімдеміз.
Жетпіс жылға жуық тарихы бар бұл білім ордасы талай түлекке қанат бітіріп, оларды еңбек майданына араластырды. Техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында колледж заман ағымынан қалмай, білім беру сапасын жетілдіріп, жаңа бағдарламаларды енгізіп келеді. Алдағы уақытта аталған оқу орны агрономия саласы бойынша да білікті кадрларды даярлауды қолға алмақ. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп білеміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Шу ауданы