Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұстаз келбеті

Ұстаз келбеті
Ашық Дереккөз
Ол өмірдің тауқыметін ерте тартты. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде анасы Сәкен қайтыс болып, әкесі Сәтжан, Дәмет апасы, ағасы Алдаберген, әпкесі Назаркүл, сіңлілері Ажаркүл мен Сәрсенкүл және жаңа туған сәби шырылдап қалды. Нәресте көп ұзамай шетінеп кетті. Әкесі Сәтжан оқуын ары қарай жалғастыруы үшін қызын сонау Сарыарқадағы сол кездегі Қарағанды облысына қарайтын Асакаровка ауданына қарасты Маржанкөлде тұратын Тәжікүл апасының қолына жібереді. Маржанкөлде бастауыш мектеп бар болатын. Базаркүл осы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде әкесінің екінші рет неке құрғанын естіді. Көп кешікпей әкесі оны қазіргі Жаңаталап ауылына әкелді. Мұнда Базаркүл XXII партсъезд атындағы сегіз жылдық мектепте оқуын жалғастырды.

Базаркүл Сәтжанова 1951 жылы 18 маусымда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, қазіргі Жаңаталап ауылдық аймақ округінде жұмысшы жанұясында дүниеге келген.

Оның бағына қарай, екінші анасы Күмісай Мырзабекқызы мейірімді, жүрегі жұмсақ, отбасына жайлы жан болып кездесті. Ол аналық мейірімін Сәтжан қарияның балаларынан аяған жоқ. Сәтжан қарияның ұлкен ұлы Алдабергенді үйлендірді. Қыздары Назаркүлді, Базаркүлді, Ажаркүлді, Сәрсенкүлді құтты орнына қондырды. Бірақ тағдырға ешкім қарсы тұрмақ емес. Өкінішке қарай, үлкен қызы Назаркүл, кіші қызы Сәрсенкүл, жалғыз ұлы Алдаберген өмірден ерте озып кетті.

Базаркүлдің әкесі Сәтжан Қоспанов та ерте о дүниелік болды. Марқұм әкесі қолы епті, кез келген істің қиюын таба білетін шебер жан еді. Кейінгі анасы Күмісай Мырзабекқызы да өмірден озғалы 27 жылдың жүзі болыпты. Осы ауыр қазалардың бәрін сіңлісі Ажаркүл екеуі қайыспай көтеріп, соңғы сапарларына шығарып салуды абыроймен атқарып, елдің алғысын алды. Бауырларының, аналарының басына ескерткіштер орнатты.

Базаркүл 1967 жылы Байқадам орта мектебінде оқуын жалғастырады. 1968 жылы 10-сыныпты үздік бітіріп, Қаратау қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түседі.

1-курсты үздік аяқтаған Базаркүл мамандық таңдағанда қателескенін ұғынып, мұғалім болуды армандаған ол Жамбыл қаласында жаңадан ашылып жатқан педагогикалық институтқа құжатын тапсырады. Сөйтіп, 1969 жылы Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты 1973 жылы «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Базаркүл институтта оқып жүргенінде Байқадам қазақ орта мектебінде бір сыныпта оқыған сыныптасы Майлыбай Смағұловпен тұрмыс құрды. Майлыбайдың отбасы Базаркүлді туған қызындай қабылдады.

Жолдасы Майлыбай көп жыл партия-кеңес, тәуелсіздік алғаннан кейін атқарушы билікте әртүрлі басшылық қызметтерде болды. Зейнетке шыққаннан кейін шығармашылықпен айналысты.

Майлыбай Смағұлов Базаркүл апай туралы өткен өмірін былай деп еске алады:

«Базаркүлмен 9-10-сыныпта бір сыныпта оқыдым. Сабақты өте жақсы оқыды. Қашан көрсең де өзімен-өзі болып, терең ойда жүретін. Бірде осы қыз неге ер балалармен сөйлеспейді деп үзіліс кезінде қасына бардым. Сыныпта екеумізден басқа ешкім жоқ болатын. Ол менің қасына барғанымды көріп қып-қызыл болып кетті. Қатты ыңғайсызданғаннан сыныптан қалай шыққанымды білмей қалдым. «Бұл қалай болды?» деп өзіме-өзім сұрақ қоюмен болдым. Қайткенмен де сол қыз маған күн өткен сайын өзіне ынтықтыра түсті. Мектеп бітіру кешінде батылдау сөйлеп, оны ұнататынымды жеткіздім. Бірақ сөзіме нақты жауап бермеді.

Мен институттың бірінші курсын бітірген жылы Базаркүл осы оқу орнына түсті. Кездесіп жүрдік. Ол да менің жанұя құру жөніндегі ниетіме қарсы болған жоқ. Сөйтіп,1971 жылы тұрмыс құрдық. Екі ер бала, 4 қыз сүйдік.

Базаркүлдің бойында мен ұнататын жақсы қасиеттер көп. Шыншыл, адал, үйде үнемі тазалық  сақтағанды жақсы көреді. Өсек сөзге жаны қас. Балаларға аналық мейірімін аямайды. Бейнетқор. Таңертеңнен кешке дейін үйдің жұмысынан бір босамайды. Қарап отырғанды жек көреді. Ісмер. Төсеніш, көрпелерді тіккенді ұнатады. Ағайын-абысынға қолынан келгенше көмектесіп, қандай жағдай болса да ақылмен шешеді, – деп ағынан жарылды өмірлік жолдасы Майлыбай Смағұлов.

Базаркүл Сәтжанова 1973 жылы Сарысу ауданындағы Жайылма сегіз жылдық мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Кейінгі жылдарында Сарысу ауданындағы Гагарин атындағы сегіз жылдық мектепте, Байқадам кешкі орта мектебінде, Жданов атындағы, Байқадам қазақ орта мектептерінде математика пәнінің мұғалімі болып абыроймен еңбек етті. 2004 жылы Байқадам қазақ орта мектебінен зейнеткерлікке шығады.

Майлыбай Смағұлов пен Базаркүл Сәтжанова 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Бүгінде ұл-қыздарынан 14 немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді. Тұңғышы Гүлмайра Смағұлова Алматы қаласында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында қызмет істейді. Екінші қызы Лайлә Смағұлова Алматы қаласындағы Бостандық ауданында кіріс бөлімінде жауапты қызметте. Үшінші қызы Салтанат Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде кадр бөлімінің басшысы болса, кенже қызы Рауза Алматы қаласында жеке кәсіппен айналысады. Үлкен ұлы Есенғали Смағұлов Тараз қаласында әскери қызметте. Екінші ұлы Ерғали Смағұлов Алматы қаласындағы Медеу ауданы әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің басшысы.

Базаркүл Сәтжанова жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жемісті еңбек етті. Б.Сәтжанованың ұзақ жылғы жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі аудандық білім бөлімі тарапынан ескеріліп, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2023 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Қазір аяулы ұстаз зейнет демалысын немерелері мен балаларының арасында өткізіп, бақытты өмір кешуде. Ұстазға ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз!

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар