Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Z-ұрпақтың зейінін қалай ашамыз?

Z-ұрпақтың зейінін қалай ашамыз?
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Ал 2024 жылғы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырыста бағдарламаның мазмұны жаңартылып, осы негізде жұмыс істейтін мектептер саны айтарлықтай өсті.

Осы бастаманы іске асыруда ерекше белсенділік танытып келе жатқан білім ошақтарының  бірі – Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп. Біз аталған мектепке барып, бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен жан-жақты таныстық. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі қағидаттарын білім беру үдерісіне терең енгізіп, оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа және еңбексүйгіштікке баулу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Мектепте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру, уақытты тиімді пайдалану аясында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер атқарылуда.  Мәселен, оқушылардың смартфонға деген тәуелділігін азайту мақсатында тәрбие сағаттары өткізіліп, тіпті ұялы байланыс құралын салатын арнайы қорапшалар да әр сыныпқа орнатылған.  Сонымен қатар ауыл ардагерлерінің демеушілігімен мектеп ішіне үлкен шкаф қойылыпты. Мектеп директоры Ақерке Батырбекқызының айтуынша, бұл шкафты орнату бала қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы №235 бұйрығына сәйкес ұялы телефон білім беру ұйымдарында және олардың аумақтарында пайдаланылуы шектелген заттардың тізбесінде болуына байланысты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сүйене отырып мектеп әкімшілігі оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон қолдануын шектейді. Осыған орай біздің мектебімізде оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, телефонға тәуелділікті азайту мақсатында бірқатар жаңашылдық енгізіліп жатыр. Мектеп басшысы ретінде мен білім беру сапасын арттыру, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын ояту және олардың білімге ынтасын күшейту жұмыстарын жүргізуді  басты міндетім деп санаймын. Сабақ соңында сыныптарды аралап, білім алушылардың тәртібі мен сабаққа қатысу деңгейін бақылау барысында кейбір оқушылардың сабақ үстінде телефонға телміріп отырғанын байқаймын. Мұғалімдер бар ынтасымен, көрнекілік материалдарды пайдалана отырып сабақты қызықты өткізсе де кейбір оқушылардың санасы телефондағы ойындар мен әлеуметтік желілерге байланып қалған. Алғашында оқушылардың сабаққа назарын аударту үшін арнайы контейнерлер қолдандық. Бұл әдіс тәжірибе жүзінде тиімді нәтиже бермеді. Себебі телефондар салынған жәшік сынып ішінде болғандықтан оқушылар сабақ бойы назарын соған аударып, елеңдеп отырады. Кейбір телефондардың дыбыссыз режимге қойылмауы да сабақтың шырқын бұзып, оқу процесіне кері әсер етті. Осыған байланысты біз жаңа жүйені енгізуді жөн көрдік. Білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін мектептің бірінші қабатында арнайы сөрелері бар шкаф орнату қолға алынды. Бұл бастамаға ауыл ардагерлері демеушілік танытып, жобаның жүзеге асуына атсалысты. Жаңа жүйе бойынша, әрбір оқушы сабақ басталған кезде телефонын арнайы шкафқа қояды. Әр ұяшықтың жеке кілті болады, ол бақылаушы ұстаздардың қарауында сақталады. Әр кілтке сынып нөмірі жазылған белгі ілінеді, бұл телефондарды дұрыс орналастыруға көмектеседі. Мектеп аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақылау жүйесі толығымен жұмыс жасайды. Жалпы саны 26 бақылау камерасы іске қосылған, бұл телефондардың сақталуын және оқушылардың тәртібін қадағалауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе тәжірибе ретінде аптаның алғашқы күндерінен бастап іске қосылады. Бұл жүйенің тиімділігі уақыт өте келе бағаланып, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қарастырылады. Бұл бастама телефонды толықтай шектеуді көздемейді, керісінше, оны тиімді пайдалануды үйретеді. Тек сабақ уақытында ғана шектеу қойылып, оқушыларға қажетті сәтте телефондарын пайдалануға мүмкіндік беріледі, – дейді Ақерке Батырбекқызы.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асырылуына білім ордасы ғана емес, сонымен қатар жергілікті қауымдастық та белсенді атсалысуда. Бұл бастаманы қолдауда ауылдың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен қоғамдық кеңес мүшелері айрықша үлес қосып келеді. Әсіресе мектепте бағдарламаның мазмұнын тереңдетіп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тәрбиесін оқушылардың бойына сіңіруде ауыл ақсақалдарының да еңбегі зор. Атап айтқанда, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зүттула Райымбердиев, қоғамдық кеңес төрағасы Әлішер Абдуллин, алқабилер алқасының төрағасы Мәдішер Абдуллин және ауылдың өзге де ардагер азаматтары аталмыш жобаны дамытуға жан-жақты демеушілік танытып, оны қаржылық әрі рухани тұрғыда қолдауға айрықша үлес қосуда. Ақсақалдар қауымы жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, олардың адамгершілік қасиеттерін жетілдіру мақсатында тұрақты түрде мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып келеді. Бұл кездесулер тек тәрбиелік бағытта ғана емес, сонымен қатар өмірлік тәжірибеге, рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген терең мағыналы әңгімелермен өрнектеледі. Қоғамдық кеңестің төрағасы, сондай-ақ Амангелді орта мектебінде домбыра үйірмесінен тегін сабақ беретін Әлішер Абдуллин  білімге көңіл аудару мемлекет үшін бірінші орында тұруы тиіс дейді.

– Жаңа бастама – біз үшін  үлкен қуаныш. Өйткені өзіміз де осы мектеп қабырғасында білім алып, тұлға ретінде қалыптастық. Уақыт өте келе, мектептің дамуы мен жаңаруы – қоғамның өсіп-өркендеуінің айқын белгісі. Бұрын бір қабатты болған мектебіміздің бүгінде кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқаны  болашақ ұрпақ үшін жасалған маңызды қадам деп білеміз. «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, білім саласын жетілдіру – жаһандық өркендеуге бастар даңғыл жол. Жаңартылған білім беру жүйесі тек пәндік білім беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақты адамгершілік пен патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. Әрине, қазіргі заман – технология дәуірі. Смартфондар, интернет, әлеуметтік желілер – бәрі де күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Өкінішке қарай, телефон мен ғаламтордың шектен тыс қолданылуы балалардың білім алуына, тұлғалық дамуына кедергі келтіріп отыр. Ол баланың уақытын ұрлап қана қоймай, оның ойлау қабілетін, есте сақтау дағдыларын әлсіретеді. Әрине, ақпараттық технологияның пайдасын жоққа шығара алмаймыз, бірақ оны тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Сабақ үстінде телефонға үңілу – білімсіздікке жетелейтін қауіпті дерт. Мұның орнына балаларымызды кітап оқуға бейімдеуіміз керек. Кітап оқу – адам санасын кеңейтетін, дүниетанымын тереңдететін ең құнды байлық көзі. Сондықтан біз балаларымызды кітап оқуға баулуымыз керек. Бұл – олардың болашағына жасалған ең үлкен инвестиция. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесіне жауапты. Біз өзіміз де бала тәрбиелеп, немере өсіріп отырғандықтан болашақ ұрпақтың адам болып қалыптасуын бақылау – басты міндетіміз, – дейді Әлішер Абдуллин.

Мектеп ұжымының жемісті жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Білім ордасына бас сұққан мезеттен пайдалы кеңестерді көзіңіз шалады. Ғимараттың әрбір қабырғасында балалардың біліктілігін арттыратын арнайы бұрыштар орнатылған. Мәселен, тәрбие бұрышы оқушыларды тәртіпке шақырса, денсаулық бұрышы оқушыларды спортқа жетелеуге тырысады. Сонымен қатар әр аптаның дәйексөздері де мектеп қабырғасынан бой көрсетеді. Бұл нақыл сөздер әр апта сайын ауысып отырады. Сондай-ақ мектеп оқытушыларының бастамасымен «Көңілді үзілістер» жобасы да жоғары деңгейде жүзеге асуда. Мұнда оқушылар бос уақытты тиімді пайдаланып, әр сала бойынша білімін одан әрі жетілдіруге ұмтылады.

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қолға алынған «Көңілді үзілістер» жобасы көпшіліктің көңілінен шығуда. Бұл жобаның басты мақсаты – балалардың білімін арттырып, қауіпсіздік шараларын жетілдіру. Тәртіпбұзушылықтың басым көпшілігі үзіліс кезінде болғандықтан осы бағдарлама аясында жұмыс жасауды қолға алып жатырмыз. Әрбір үзілісті тиімді пайдалану негізінде жобаға ұлттық ойындарды бекіту оңтайлы шешім болды. Мәселен, «Қазақы хоккей» ойыны балалардың сауаттылығын арттыруға арналған. Әр бала қойылған қоршаулардан допты өткізу арқылы кезең-кезеңімен бекітілген сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ «Асықты шертіп, жеңіске жет» ойынында мәре сызығында тұрған асықты белгілі кезеңдерге шертіп жеткізу арқылы жеңімпазды анықтайды. Яғни әр кезеңде сандар жазылған. Сандарға байланысты асық мөлшері де қоржынға түседі. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі трендке айналған ұлттық ойындар да оқушылардың назарынан тыс қалмайды. Мұндай ойындар оқушының ойлау қабілетін жетілдіріп, білімге деген құштарлығын арттыра түседі. Мектебімізде даярлық сыныбын қоса есептегенде 913 оқушы білім алуда. Мектепте арнайы есепте тұрған оқушылар жоқ. Мұғалімдер білім берудің сапалылығына көп көңіл бөледі. Олардың қатарында педагог зерттеушілер, сарапшылар, модераторлар, магистрлер және жас мамандар балаларға білім береді. Мектеп болғаннан кейін кез келген білім ошақтарында үлгерімі төмен оқушылар да болады. Бұл мақсатта «Цифрлы ұстаз» жобасы өз жемісін беруде. Сонымен қатар «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Smart bala», «Ұшқыр ой алаңы» жобалары жүзеге асырылып, білім сапасын арттыруға байланысты «Балақай», «Зерде», «Кемел» жобалары аясында жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ көптеген үйірме оқушыларды жан-жақтылыққа тәрбиелейді. Ата-аналармен тығыз байланысты орнату негізінде де оқушылардың білім деңгейіне баса назар аударылады. Сонымен қатар 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған. Мектеп асханасынан жалпы 407 бала тамақ ішеді. Асхана тазалығы да назардан тыс қалған емес. Апта сайын ата-аналар келіп, асхана жағдайын өз көздерімен көріп тұрады. Мектепте домбыра үйірмесін тегін жүргізіп отырған ақсақалымыз да бар. Әрине, әрбір жиналыста қарияларымыздың болғанын жөн деп санаймын, – дейді Ақерке Батырбекқызы.

2024-2025 оқу жылында мектеп оқушылары түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Озат шәкірттер ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларда география, Қазақстан тарихы, математика, ағылшын тілі пәндерінен жеңімпаз атанса, «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасы, «Алтын түлек» математикалық, ХVII президенттік, «Алтын сақа» математикалық жәнк «Ақбота» зияткерлік олимпиадаларынан биік белестерді бағындырып келеді.

Мектеп – ел болашағының іргетасы. Сол себепті баланы тұлға ретінде қалыптастыру жолында мектептің берер білімі ұшан-теңіз. Әрине, цифрлы қоғамның кейбір  элементтері білім саласының төмендеуіне кері әсер еткені жасырын емес. Алайда аяулы ұстаздар мен білікті де білімді мамандардың ерен еңбегінің арқасында білім сапасы жоғары деңгейге көтерілуде. Бұл тұрғыда Амангелді орта мектебінің байыпты бастамалары көпке үлгі екендігі сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар