
Арақ адам баласын бойындағы бар асыл қасиеттен жұрдай етеді. Ұятты ұмытып, жол жиегіне саңғырып немесе қаңғыған итпен бірге әр бұтаның түбіне түнеп, қоқыс аралап жүріп те өзін ешкімнен кем сезіндірмейтін есуастыққа ие етеді. Айлап монша көрмей, апталап ас ішпесе де бір жұтым ащы су үшін жанын сатуға даяр қылып қояды.
Шөлмектің ішіне сыйғанымен сыртына сыймайтын ащыға зәру адамдар бар қалған ғұмырында сол бір жұтым сұйықтыққа тәуелді болып ғұмыр кешеді. Бойға тараған бір тамшы уыт олардың бір кезде ақ бесікке таянып жүріп жеткізген ата-анасын, бір шаңырақта тел өскен жан беріспес бауырларын, тай-құлындай тебісіп бірге ержеткен достарын, тіпті сүйген жар мен бала-шағасын да мәңгілік ұмыттырып жіберуге қауқарлы. Қылмыстың түр-түрін жасатудан да алдына жан салмайтын тағы да осы арақ.
Соны біле тұра бас ұрып, ұға тұрып ұрынатындар проблемасын ұмытып, өздерін еркін, ерен сезіну үшін басында ащы суды ұрттап бастайды. Дәлірек айтсақ, біреу қызық қуып, тағы бірі қайғы арқалатқан жан мұңын ұмыту үшін ішіп көреді. Сөйтіп жүріп салынып кетер болса, ол өз-өзін солай жұбатады да. Ал енді бірі тірлігінің кері кеткенін айтып арақпен жұбанса, енді бір еріккендер ермек үшін масайып жүруді жөн санайды. Сонда ғана әлем аяғының астында қалғандай, бар дүниеуи тіршіліктен азат, ада, елірме күй кешеді. Ақыл айтқан жақынының өзін жат санап, ішкілігін жаңа бастаған сәтте қаша жөнеледі. Кейін телміріп, тиын санап кеткенде жұртты мезі етіп, қашыратын халге қалай жеткенін өздері де білмей қалады. Мұны қазақ «Бірінші ақшаңа, екінші сөзіңді, одан кейін көзіңді сатып ішесің» деп дәл тауып айтқан.
Облыстық психикалық денсаулық орталығында жыл сайын 1 500-ден астам психоактивті заттарды тұтынушылар стационарлық көмекке жүгінеді екен.
– Алкоголизм проблемасының тамыры адамның санасында жатыр. Емделуге деген ұмтылыс және тәуелділікпен күресуге итермелейтін мотивация шешуші рөл атқарады. Өз өміріңіз үшін жауапкершілікті өз мойныңызға алу, емделуге шешім қабылдау – бұл оң динамиканың бастауы. Дәрігерлер тек осы жолдан өтуге, одан бас тартпауға және маскүнемдікті біржола тоқтатуға көмектеседі. Бүгінгі таңда 175 адам стационарлық ем алып жатыр. Оның 12-сі әйел. Емдеу мерзімі 10-15 күннен 60 күнге дейін. Пациенттің жазылуға немесе емдеуді жалғастыруға деген ұмтылысы ескеріліп, ем жүргізіледі. Емдеу физикалық көрсеткіштерге, эмоционалды фонға және тәуелділіктің сипатына назар аудара отырып, науқастың жағдайын бағалаудан басталады. Осы мәліметтер негізінде стационарлық емдеудің жеке курсы жасалады. Детоксикация курсынан кейін барлық органдар мен жүйелердің функцияларын тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Сонымен қатар психолог психокорректорлық шараларды жүргізеді. Өз бетінше ащы суды тастауға тырысу – өзін-өзі алдаудан басқа ештеңе емес. Маскүнемнің психологиясы «досымнан бас тарта алмадым», «әйеліммен ұрысып қалдым», «демалғым келеді», «стрестен арылғым келеді» деген секілді тағы да басқа түрлі сылтау табады. Негізі әркімнің өмірі өз қолында. Алкогольге тәуелділіктен арылу жолында ішкілікті тастағысы келіп жүрген жандарға дәрігерлік кеңес берер болсам, «Сіз жалғыз емессіз. Психикалық денсаулық орталығында сіз әрқашан нақты әрі қажетті көмек ала аласыз. Мұндағы мамандар пациенттің жағдайын жіті бақылауға алып, және қайталау факторын болдырмауға көмектесу үшін аянбай барын салады. Сондықтан емделемін десеңіз, ешқашан кеш емес» деп айтар едім, – дейді осы орталықтың бас дәрігерінің орынбасары, дәрігер-нарколог Эльмира Дәулетжанова.
Иә, түрлі жағдайда ішкіліктің соңынан кеткендер жетерлік. Есік алдындағы орындыққа сүйеніп отыратын нәзікжандыны біздің аулада танымайтын жан жоқ. Жасы елуді енді еңсерген әйелдің ешқашан таралмайтын, ұйпа-тұйпа шаштары жалбырап, ары-бері өткендерге ісік көзін ыңырана қадап, қол жаятыны бар. Үйден әдеттегідей ыстық бәліш пен сүт қатылған күрең шай ала шығып, қолына ұстаттым. Қасына отырып, әңгімеге тарттым.
– Туған-туыстарың бар ма? Орталыққа апарайын, емделгің келе ме? – деймін жүзіне үміттене қарап.
Ол ештеңеге құлықсыз күйде, әлденеден жасқана басын шайқап, бәлішті кері ысырып, шай ішті. Бойы үйренген соң меннен зиян шекпейтінін ұғып, күлімдеп отырып өзі туралы айта бастады.
– Тараздағы медициналық колледжді тәмамдап, медбике болып жұмыс істедім. Бір үйдің жалғыз қызы болған соң ішкенім алдымда, ішпегенім артымда еді. «Ә» десе, «мә» дейтін өжет мінезді болып жетілдім. Сол ерке мінезімнен ер балаларға жақын болып өстім. Отбасы құрдым. Күйеуіммен қосылып іше бастадым. Алайда ол арақты қойып кетті. Мен кері оралуға қауқарым болмады. Осы оңай әрі ештеңе ойламайтын, проблемасы жоқ жеңіл жолды таңдадым. Тиының бар ма, жүзің жылы сияқты, – деді жымиып.
– Отбасың қайда? Балаларың бар ма? – дегенім сол еді, ол:
– Ұлым мен қызым бар. Олар күйеуіммен бірге қалды. Мен үйден кеткелі 14 жылдан асты. Қызым мен ұлым 5 және 6-сынып оқып жүргенде мен көше кезіп кеттім. Балаларымның жағдайы қалай екенін, қайда екенін де білмеймін. Қазір олар үлкен азамат болған шығар. Мені ойлай ма екен?! Тіпті қайда екенін де білмеймін. Іздеп табайын десем, беттеріне қарауға ұяламын. Немерем де бар шығар. Ең жаманы, түсініп, біліп тұрсаң да бәрін өз қолыңмен жасайтының. Бір кездері бәрі болды. Сүйген жар, ұлым мен қызым, сүйікті ата-анам және бауырларым. Ал қазір олардың қайда екенін де білмеймін. Мен өз бақытымды өз қолыммен кері итерген әйелмін. Мен ана деген атқа лайықсызбын, – деп еңіреп қоя берді.
Шыныдай шытынаған ғұмырына налып жылап отырса да ем алудан бас тартты. Ол көшедегі ғұмырына тәуелді еді. Оған солай ұнайды. Бір жылап алып, ғұмырының тамаша екенін әнге қосып жүре берді...
Маратты да жол бойында кезіктірген едім. Сау-тамтығы жоқ көгерген бетін қолымен көлегейлеп, шұрық тесік баскиімін тарта киген 30-дан енді асқан жігітке жаным ашығаны рас. Таңалакеуімде арық түбінде жатып, итпен таласып итаяқтан ас ішкенін жасырмаған жігіттің туған-туысын іздеп видео түсіріп, әлеуметтік желіге жарияладық.
Екі-үш сағаттың ішінде дамылсыз соғылған қоңыраудың бірі Мараттың сыныптасынан болса, енді бірі ауылдасы екенін айтып бәйек болды. Туған бауырлары да көп күттірмеді. Марат ағайынды сегіздің кенжесі болып шықты.
– Марат туған ініміз ғой. Әрине, далаға тастамас едік. Әке-шешеміздің еркесі болып өскендіктен олар дүниеден өткенде өмірден баз кешіп кетті. Жиі ішетінді шығарған ол бәрімізге қол көтеріп, жүйке жүйесі сыр беріп жүрді. Кейін ішкілікке үйір болғанын байқаған соң ішпеуін өтіндік. Алайда ешкімді тыңдамады. Бірнеше рет емдетуге арнайы орталыққа апарып жатқызып едік, қашып кете берді. Бала кезінен домбырамен тамылжыта ән салып, жасөспірім шағында суырыпсалмалығымен көзге түскен ол айтысқа қатысып, шешендігімен де баурап, асаба болып, той жүргізе бастаған талантты жігіт еді. Енді міне, бәрімізден безіп, көше кезіп кетті. Ешқайда жібермеңдерші, алып кетеміз, – деп егілді әпкесі.
Алайда Маратты таппай қалдық. Ол тағы да өзі таңдаған іздеуі жоқ өмірге қашып кетті. Ел ішінде арақтың салдарынан болған оқиға көп. Ертеде болған сондай оқиғаның біріне тоқтала кетсек, бір тақуа адам өмір сүріпті. Күндердің күнінде ниеті бұзық бір әйел әлгі адамға көңілі ауады. Қол астындағы күңін жұмсап, әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Келген заматта әйел тақуа кісіні үйге кіргізеді де күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды.
Бастапқыда не болғанын түсінбей қалған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды ұға бастайды. Сол кезде барып үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра арақ тұрғанын байқайды. Әлгі әйел: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең, мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің», – дейді.
Әрі-бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастаған ол әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Содан соң осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен.
Арақ ешкімге опа әпермеген, әпермейді де. Ең зиялысы – одан бойды аулақ ұстау. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Арақтан аулақ болыңдар. Өйткені ол барлық ластықтың қайнар көзі», – делінген екен. Ғалымдар өте аз мөлшерде пайдаланылған спиртті ішімдіктің бір сағаттан кейін-ақ ерлер мен әйелдердің қанынан байқалатынын дәлелдеген. Ішімдік – харам.
Хадистерде «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам» деп баяндалған екен. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан екен. Олар: арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы. Олай болса, адамзат арақтан бойын аулақ ұстағаны абзал!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ