Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Заң мен тәртіп – баршаға ортақ міндет

Заң мен тәртіп – баршаға ортақ міндет
Ашық Дереккөз
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Тәуелсіздік залы» мәжіліс залында студент жастармен кездесу өтті. Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен аталған оқу орны бірлесіп ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Жастар арасындағы құқықбұзушылық, есірткіге тәуелділік секілді өзекті мәселелер талқыланған жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, кездесудің мақсаты «Заң және тәртіп» қағидаты аясында пікір алмасып, ұсыныстарды тыңдау екенін жеткізді.

– Қоғамдағы заң мен тәртіп – адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі қағидалар болып есептелетіні өздеріңізге мәлім. Заң – мемлекеттің шығарған ресми ережелері мен нормаларының жиынтығы болса, тәртіп – сол заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін ұстаным десек те болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», деп атап өткен болатын. Сондықтан заң мен тәртіптің дұрыс үйлесімі – қоғамның дамуына, өздеріңіздей жастарымыздың қауіпсіздігі мен бостандығына негіз болады, – деді Серік Жақсылықұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Облысымызда да Президентіміз атап өткендей, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру жолында облыстық полиция департаменті бірқатар жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев баяндады.

– Жыл басынан бері полиция қызметкерлері азаматтарды тексеру барысында 76 тыйым салынған зат анықтады. Атап айтқанда, тіркелмеген 26 мылтық, 35 пышақ, 5 кастет және өзге де суық қарулар тәркіленді. Жастар мен жасөспірімдер арасында былтыр 31 суицид дерегі орын алды. Оқиғаларды зерделеу кезінде суицидке барудың негізгі себептерінің бірі жастарымыздың құмар ойындарға және лудоманияға әуестенуі екені белгілі болды. Құқықбұзушылыққа көбіне үйінен кеткен жасөспірімдер барып жатады. Өңірімізде өткен жылы 317 жасқа қатысты 287 үйден кету хабарламасы тіркелді. Бұл деректер 55 студент, 226 оқушы және 36 еш жерде оқымайтын өренге қатысты. Айта кетерлігі, былтыр 149 бұзақылық қылмыс есепке алынса, оның 116-сы жастардың қатысуымен орын алған. Қоғамның тағы бір дерті – жастардың есірткі, психотроптық заттарды тұтынуы және тасымалдауға әуестенуі. Мәселен, «Болашақ» колледжінің 2005 жылы туған студенті, А. есімді азаматшаның тұрғылықты мекенжайын тінту барысында 75 дана полиэтилен қапшыққа оралған салмағы 22 грамм синтетикалық есірткі заты табылып, тәркіленді. «Парасат» колледжінің студенті, 2006 жылы дүниеге келген А. есімді азаматтың жеке басын тінту барысында қолсөмкесінің ішінен полиэтилен пакетке оралған 388 грамм кептірілген марихуана анықталды. Аталған екі тұлғаға қатысты сот шешіміне сәйкес әрқайсысы 10 жылдан бас бостандығынан айырылды, – деген Бауыржан Дәулетханұлы өткен жылы барлық үш санат бойынша жол-көлік оқиғалар саны өскенін, десе де жол қауіпсіздігі бойынша да бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Нақтылап өтсек, скутер мен самокат тізгіндеген тұрғындарға қатысты 2 111 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 256-сы айыппұл тұрағына қойылған. Сонымен қатар баяндамашы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 136 заңсыз қоқыс орны анықталғанын жеткізді. Волонтер жастардың қатысуымен өткен науқан барысында «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу», «Ортақ пайдаланылатын орындарды, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» бойынша 14 958 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

– Қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз ету – ортақ мақсатымыз. Біз әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заңбұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуын қалаймыз.Құрметті студенттер, сіздерден заңдылықты сақтауды, құқыбұзушылыққа жол бермеуді, қоғамдағы құқықбұзушылықтың әрбір түрімен бірге күресуіміз қажет екенін айтқым келеді, – деп түйіндеді сөзін Б.Жанаев.

Өз кезегінде Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек те сөз алып, жастарға жаман әдеттер мен қылықтардан аулақ болуға шақырды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар