Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Спорт нысандары талапқа сай ма?

Спорт нысандары талапқа сай ма?
Ашық Дереккөз
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңірде спорт саласының дамуы күн тәртібіне шығарылды. Жиында саладағы түйткілдерді шешудің жолдары қарастырылып, спорттың дамуына серпін беретін нақты шаралар талқыға салынды.

Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, басқармаға қарасты 54 спорт мекемесінің жетеуі спорт клубы, 39-ы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Сонымен қатар бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы секілді басқа да бірқатар нысандар ел игілігіне жұмыс істеп тұр.

– Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен «AMANAT» партиясының облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес 2024 жылы балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандарында ашылуы керек болған. Жыл қорытындысымен Жамбыл мен Меркі ауданында аталған мекеме ашылып, жұмыстарын бастап кетсе, Жуалы ауданында ашылмай, меже орындалған жоқ. Сонымен қатар 2025 жылы Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубын ашу жоспарланған. Осыған орай жоғарыда аталған аудан әкімдері клубты ашу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, облысқа берілген межені орындауға қолдау көрсетуі қажет. Спорт саласының дамуы мен жағдайының жақсаруы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты. Бүгінгі күнге облыс бойынша 2 353 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. 2024 жылы облыста 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 спорт кешені қолданысқа берілді. Ал қалған 6 спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталатын болады. Сонымен қатар демеушілер тарапынан ауылдық жерлерде 3 спорт кешені қолданысқа берілді. Биыл жаңадан 8 спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрады. Қазақстан Ұлттық құрама командаларының мүшелері саналатын спортшылар мен жаттықтырушыларға облыс әкімінің қаулысына сәйкес ай сайын ақшалай төлемдер төленуде. Қаулы спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау мақсатында және олардың басқа табыс көзін іздемей, жарыстарға тыңғылықты дайындалуы үшін 2017 жылы қабылданған. Қазіргі таңда қаулыға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өзгерістерге сәйкес олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар облыстағы спорт мектептеріне олимпиадалық спорт түрлері теңдей бөлініп, спорттың олимпиадалық түрлерін дамытуға көңіл бөлінді, – деді Ернар Таласбайұлы.

Басқарма басшысы облыста олимпиадалық емес спорт түрлерінің үлесі қысқартылып, қаржының тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау мақсатында олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 28 жаттықтырушы мен 414 спортшы «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубына ауыстырылғанын атап өтті. Сондай-ақ салаға бөлінген қаржы, оның ішінде мемлекеттік спорттық тапсырысқа қаралған қаражат, бұқаралық спортты, олимпиадалық спортты дамыту, спорттық секциялармен жасөспірімдерді тегін қамту, кезекте тұрған балалар саны, спортшылардың жетістігі секілді басқа да шаруаларды жан-жақты баяндады. Еліміздің құрама командасы сапындағы облыс спортшыларының халықаралық маңызды жарыстарда табысты өнер көрсетулері үшін басқарма тарапынан қабылданатын бірқатар жедел шараларға да тоқталды.

Жиында облыс әкімі спортшыларға қолайлы жағдай жасаудың артықшылығын, тұрғындардың жүйелі түрде спортпен айналысуы және спортпен шұғылданушылар санын арттырудың маңыздылығын, спорт мектептерінде, клубтар мен кешендерде жаттықтырушыларға қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін сөз етті. Бұдан бөлек Ернар Таласбайұлына олимпиадаларға дайындық барысында қолданылатын жаңа тәсілдер мен технологияларды, жаттығу орындарын ауыстыру мүмкіндіктерін, қай жерде дайындық жүргізу тиімді екенін жан-жақты зерттеп, ұсыныс дайындауды тапсырды. Елді мекендердегі тозығы жеткен спорт нысандарының да жай-күйіне тоқталды.

– Облыста тозығы жеткен спорт нысандары жоқ емес. Басқармаға қарасты спорт мектептерінің арасында ішінара, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар баршылық. Мысалы, Қордай ауданындағы 2023 жылы пайдалануға берілген №19 спорт мектебінің қабырғасы, баспалдағы жарылып кеткен. Жергілікті әкімдіктерге қарайтын спорт нысандарының да жағдайы мәз емес. Шатырдан су ағу деген кішігірім мәселе. Сонымен қатар елді мекендердегі футбол алаңшаларының қоршаулары мен жасанды төсеніштерінің де тозығы жеткен. «Street workout» алаңшаларының жабдықтары да қараусыз қалған десек болады. Атап айтқанда, Жуалы, Рысқұлов аудандарындағы спорт алаңшаларының электр құралы ашық қалған. Сарысу ауданындағы спорт алаңшасының орындықтарын сындырып кеткен. Осы олқылықтарды ретке келтіру үшін жауаптылар міндетті түрде әлеуметтік желіге сыни ақпарат ретінде шығуын немесе ата-аналардың шағымдануын күтіп отыр ма? Не себепті осындай шағын мәселелерді өздеріңіз шешпейсіздер? – деген Ербол Шырақпайұлы өткен жылы Жуалы ауданында балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы не себепті ашылмағанын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыдан сұрады.

– Аталған нысанды ашу мәселесіне келсек, бұрын Қошқар ата ауылында білім мекемесі болған. Нақты айтқанда, ол бұрынғы мектеп. Оның құжаттары рәсімделіп, жақында аяқталды, биыл ұсынатын боламыз. Спорт алаңшалары бойынша олқылықтың орнын толтыру үшін ауа райының қолайлы сәтін күтіп отырмыз. Наурыз айы туып, мүмкіндік пайда бола салысымен жаздық спорттық алаңдардың барлығы қалпына келтіріледі, – деді Асхат Базарбайұлы.

Аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алған Ербол Қарашөкеев спорт кешендерінің құрылысына бөлінген қаржының толық игеріліп, барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін тапсырды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша берілген тапсырмалар мен жоспарланған іс-шаралар уақытылы орындалып, қатаң бақылауда болуын жауаптыларға жүктеді.

Бұдан кейін облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуінде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар