«ШЕР-ХАН»: АСҚАҚ РУХ ПЕН АҚИҚАТТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың «Шер-Хан» драма-элегиясы сахналанды. Драма-элегияның қоюшы-режиссері де – Қуандық Қасымов. Ал қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.
Қойылымдағы басты қаһарман – Шер-Хан рөлін сомдаған белгілі сахна майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбековтің және өзге де кейіпкерлер бейнесін жасаған барлық артистердің актерлік шеберліктерінен туындаған көріністер көрермен қауымға қазақтың даңқты перзентінің биік болмысы мен тау тұлғасына ғана тән жоғары батылдық рух, сергек сезім, мұқалмас қайрат, жігер сыйлағаны зал ішіндегі атмосферадан айқын сезіліп тұрды.
Қойылым Шерхан бейнесіндегі кейіпкердің сахнаға шығып, көктемді еске алуынан басталады. Бұл шын мәнінде жазушының ендігі келген көктемі болса, бір жағынан ұлтымыздың басындағы қайғы-қасіреттің кетіп, өз көктемінің келуінің суреттелуі деп түсінсек болғандай. Екінші бөлімде 1931 жылғы репрессияның қасіреті, үшінші бөлімде сол жылдардағы Айшаның бейнесі жақсы көрініс табады. Әсіресе Айшаның қазақ аналарына тән қайтпас қажырлы бейнесі мен күйеуінен қалған шаңырақты шайқалтпай, бала-шағасын өсіруі көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі.
Әрмен қарай Тұрар Рысқұлов пен Бауыржан Момышұлының да жарқын бейнелері әдемі сомдалады. Артынша желтоқсан қасіреті әнмен бейнеленеді. Кешегі ұлы Тұран мемлекетінің жалғасы біздің тәуелсіз Қазақстан деген идеямен қойылым аяқталады. Міне, мұның бәрі бір Шер-Ханның шығармашылық жолы арқылы көрсетіліп, өскелең ұрпақтың бойына дарып жатқан рухани ой деп түюге болады. Сондай-ақ қойылымдағы Айша анамыз бен Домалақ анамыздың бейнесі де қазақ аналарының қайсар мінезін көрсетті. Көрерменге осы екі бейне арқылы қазақтың өткенін және екі түрлі заманда өмір сүрген екі ананың тағдыры арқылы бүкіл Алаш әлемін әлдилетуі де көрерменнің көкейіне ой салғаны хақ.
Қойылымды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көпшілікпен бірге тамашалады. Премьера соңында көрермен қауым да өздерінің ыстық ықыластарын әртістерге құшақ-құшақ гүл сыйлаумен білдірсе, сахна төріндегі өнер иелеріне облыс әкімінің арнайы ықылас гүлі тарту етілді.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала