Атап өтер болсақ, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» БББ-ның 2-курс студенттері Жомарт Мелдехан мен Үсен Мұхамедәлі Аладдин Кейкубат университетінде (Түркия), «Шетел тілі: екі шетел тілі» БББ-ның 1 және 3-курс студенттері Айдана Серік пен Дариға Шайменова Лодз университетінде (Польша), «Шетел тілі: екі шетел тілі» БББ-ның 3-курс студенттері Нұрсұлу Айдар мен Әсем Тұрсынбек Намсеул университетінде (Оңтүстік Корея) білім алмақ.
Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков пен Стратегия, ғылым-инновация және сыртқы байланыс жөніндегі проректор Арман Құдайбергенов әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болған студенттермен кездесті.
Айта кетейік, университет студенттердің бару-келу ұшақ билеттерінің ақысын толықтай қаржыландырады. Бұл – университеттің халықаралық серіктестікті дамыту және білім алушыларға жаһандық тәжірибе алуға мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадамдарының бірі.
Кездесу барысында ректор Махметғали Сарыбеков: «Бүгінгі білім – ертеңгі табысты болашақтың кепілі. Сіздер шетелде алған білімдеріңізді ел игілігіне пайдаланып, Қазақстанның дамуына үлес қосасыздар деп сенемін. Ақ жол!», – деп студенттерге сәттілік тіледі.
Шерхан Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университетінің
баспасөз қызметі