Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кинотуризм – туризмді дамытудың жаңа бағыты

Кинотуризм – туризмді дамытудың жаңа бағыты
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген маңызды мәселелерінің бірі – туризм саласын дамыту. Президент экономикалық өсудің жаңа нүктесі ретінде туризмді қарастырып, бұл бағытта еліміз артта қалып отырғанын атап өтті.

Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер. Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты, – деді ел Президенті.

Туризмді дамытудың тиімді жолының бірі – киноиндустриямен байланыстыру. Әлемде танымал фильмдер мен телесериалдардың түсірілім алаңдары туристік нысанға айналып, турист тартудың басты құралдарының бірі болып отыр.

Түркия бұл тәжірибені сәтті пайдалануда. Танымал телесериалдар мен тарихи фильмдердің түсірілім жұмыстары арнайы павильондарда ғана емес, тарихи орындарда да жүргізіліп, оларды кейін туристік нысан ретінде дамытуда. Мысалы, «Ертұғрыл» және «Осман» сияқты тарихи сериалдардағы декорацияланған қалашықтар бүгінде туристер жиі баратын орындардың біріне айналған. Топқапы сарайы 1475-1478 жылдар аралығында салынған. Бұл сарайда 400 жыл бойы 25 сұлтан өмір сүрген. 1923 жылдан бастап мұражай қызметін атқаруда. Ал «Сүлеймен сұлтан» сериалы арқылы Топқапы сарайы ерекше танымалдыққа ие болды. Осы тарихи сериалдан кейін сарайға келушілер саны еселене түсті.

Қазақстандық көрермендердің көңілінен шыққан түркиялық телесериалдардың бірі – «Осман». Егер Стамбул қаласына бара қалсаңыз, осы фильмнің түсірілім алаңына арнайы барып көруге болады. Туристер үшін билет құны 100 АҚШ доллары болса, жергілікті тұрғындар үшін баға басқа. Түсірілім алаңынан «Қайы» тайпасының мекенін көресіз. Кейбір сәттерде түсірілім барысын да тамашалай аласыз. Жолы болғандар телехикаяның басты кейіпкері Османның рөлін сомдайтын Бурак Өзчивитті көруі мүмкін. Себебі танымал актер түсірілім алаңына екі аптада бір келіп, түсіп кетеді екен.

Тағы бір мысал – 2006 жылы түсірілген «Үзілген жапырақтар» телехикаясы. Әсіресе Әли бей мен Ферхунде атты кейіпкерлерімен таныс бұл түрік сериалының түсірілімдері Стамбұлдың Бейлербейи ауданындағы үлкен үйлердің бірінде жүргізілген. Қазіргі күнге дейін сериал түсірілген ғимаратқа арнайы келетін туристер көп екен.

Оңтүстік Корея кинематографиясы да кинотуризмді дамытуда осындай тәсілді ұтымды пайдаланады. «Жумонг ханзада» телесериалының түсірілім алаңы кейін туристік аймаққа айналып, қазір миллиондаған саяхатшыны қызықтыратын орынға айналды. Ол жерде түсірілімге қатысып, әртістермен естелік фотоға түсіп, Корея елінің тарихи киімдерін киіп көруге жағдай жасалған. 2006 жылы эфирге шыққан бұл тарихи туындының түсірілімдері «Naju Image Theme Park» аумағында жүргізілген. Қазір бұл жер тек «Жумонг ханзада» фильмі үшін ғана емес, басқа да тарихи кинолар мен драмалардың түсірілім алаңы ретінде танымал.

Осы мысалдарды ескере отырып, Қазақстанда да кинотуризмді дамытуға мүмкіндік мол. Еліміздің бай тарихи мұрасы, архитектуралық ескерткіштері мен әсем табиғи ландшафтары тек ішкі туризм үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де тартымды бола алады. Қазақстанда тарихи тұлғалар мен оқиғаларға қатысты көптеген дерек бар. Бірақ оларды халыққа кеңінен таныстыру үшін көркем шығармалар қажет. Егер Қарахан мен Айша бибінің махаббат хикаясы туралы тарихи сериал түсіріліп, арнайы декорациялық кешен салынса, ол туризмнің дамуына үлкен серпін берер еді. Бұл жоба тек ел ішінде емес, шетелдік туристер арасында да қызығушылық тудырары сөзсіз. Мұндай жобалар еліміздің туристік имиджін қалыптастырып, экономикалық өсімге үлес қосады.

Егер Тектұрмас әулие туралы фильм түсірілсе, ол тек киелі орын ретінде ғана емес, сол дәуірдің рухани, мәдени өмірін де көрсететін керемет жоба болатыны анық. Әулиенің өмір жолы, халыққа қалдырған мұрасы, сол замандағы оқиғалар тарихи фильмге негіз бола алады.

Ал Аңырақай шайқасы – еліміздің тұтастығын сақтап қалған тарихымыздағы ең шешуші шайқастардың бірі. Осы шайқасты үлкен тарихи киножобаға айналдырып, батырлардың ерлігі мен елдікті сақтап қалу жолындағы күресін көрсетуге болады. Фильм арқылы біз жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, Қазақстанның тарихи туризмін дамытуға үлес қосар едік.

Кинотуризмді дамытудың тағы бір маңызды факторы – инфрақұрылым. Егер кино түсірілетін орындар сапалы жолдармен, қонақүйлермен, заманауи музейлермен және ойын-сауық орталықтарымен жабдықталса, ол өңірдегі экономикалық белсенділікті арттырады. Жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, жұмыс орындары құрылады.

Сонымен қатар киноиндустрияға шетелдік инвесторларды тарту арқылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі тарихи фильмдер түсіріліп, олардың негізінде жаңа туристік бағыттар ашылуы мүмкін. Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ секілді елдер бұл тәжірибені тиімді пайдалануда. Қазақстан да осы бағытта жұмыс істесе, әлемдік туризм картасында ерекше орын алатыны анық.

Туризм – экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің бірі. Қазақстан бұл салада бәсекеге қабілетті болуы үшін жаңа әдістерді қолдануы қажет. Кинотуризм – осындай тиімді жолдардың бірі. Елдегі тарихи-мәдени нысандарды кино арқылы әлемге таныту – тек мәдениет саласы үшін ғана емес, экономикаға да зор пайда әкелетін жоба. Қарахан мен Айша бибінің махаббат хикаясын, Ұлы Жібек жолының тарихын немесе Қазақ хандығының дәуірін экранға шығару – туризмді дамытуға қосылған үлкен үлес болмақ.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар