![Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым](https://arainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/1738743225.webp)
Рабиға Ағабекқызы 2010 жылы Әдебиет және өнер институтында филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың жетекшілігімен «Қазақ драматургиясы – академик Рымғали Нұрғали зерттеуінде» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Р.Беркенова – рымғалитанушы. Бұған дәлел, ғалымның 2023 жылы «Эверо» баспасынан жарық көрген «Р.Нұрғали – драматургия зерттеушісі» деп аталатын зерттеу еңбегі.
Драматургия теориясы, қазақ драма өнерінің даму арналары, көркемдік ізденістері, содан туындайтын ғылыми тұжырымдар мен пайымдаулар, оның әлемдік дәстүрмен байланыстырыла зерттелуі, сөз жоқ, қазақ әдебиеттану ғылымының күрделі саласы. А.Байтұрсынұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсіреповтің драматургияның өзекті мәселелеріне, теориясына қатысты айтқан өрісті ойлары кезінде ғылым саласының дамуына маңызды қадам болды.
Рабиға Ағабекқызының зерттеу еңбегі «Әлемдік классика және ұлттық драматургия: дәстүр жалғастығы, көркемдік ізденістер» және «Драманың жанрлық жүйесі мен даму тенденциясы» деп аталатын үлкен екі тараудан тұрады. Зерттеуде ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуында елеулі еңбек сіңірген белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Рымғали Нұрғалидың (1940-2010) қазақ драматургиясы туралы еңбектеріне арқау болған «Трагедия табиғаты» монографиясы (1968) қазақ драматургиясының жанр жүйесін саралаған «Драма өнері» монографиясына (2001) дейін ұласты. Ғылыми еңбекте тәуелсіздік жылдарындағы драматургия теориясының өзекті мәселелері айтылады. Алдағы шешілуге тиісті көкейкесті жайлар баяндалып, қазіргі қазақ драматургиясының жай-күйін Р.Нұрғалидың іргелі зерттеуінсіз тану, жұмыс жүргізу толымды болмас еді. Ғалымның қазақ драматургиясы туралы теориялық пайымдаулары тиянақталған, әдебиеттану ғылымында мойындалған, көптеген жұмысқа методологиялық негіз болған маңызды зерттеу. Р.Нұрғалидың драма жанры туралы теориялық қорытындыларын арнайы зерттеу ұлттық әдебиеттану ғылымының қазіргі жетістіктерін, әлемдік әдебиеттану ғылымымен сабақтастығын жаңаша пайымдау болып табылады. Р.Нұрғали зерттеуінде қазіргі драматургияның даму үрдістері кеңінен қарастырылады. Ұлттық драматургиядағы ақ өлең көрінісі, оның заңдылық негіздері, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтановтың туындыларында ақ өлеңнің қолдану тәжірибесі, оның эстетикалық әсер-қуаты тәрізді өзекті мәселелерге Р.Нұрғали зерттеуінде ғылыми талдау берілді.
Драматургиядағы дәстүрдің жаңғыруы қаһарманға, замандас бейнесін жан-жақты бейнелеуге қатысты екені талданып көрсетіледі. Қазіргі қазақ драматургиясындағы адам психологиясын, оның күрделі жандүниесін, ішкі иірімдерін ашуға ұмтылысты жоғары бағалады. Әсіресе қазақ драматургиясындағы тың ізденісті Р.Нұрғали жанрлардың өзара тоғысуымен байланыстырады. Прозалық туындының драмаға айналуы жеңіл-желпі атқарылатын жұмыс еместігін зерттеуші салыстыра зерттеу арқылы дәлелдеп көрсетті.
Зерттеудің негізгі тарауларында ұлттық драматургияның көркемдік тарихын, теориясын зерттеуде Р.Нұрғали еңбектерінің ғылыми-әдістемелік маңызы, қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан жаңалығы нақтыланып, ғалымның зерттеу еңбектеріндегі ұлттық драматургияның генезисі, тарихы, теориясы, тәжірибесі хақындағы ойлары мен ғылыми нәтижелері алғаш рет жүйелі түрде жан-жақты қарастырылған. М.Әуезов трагедияларын алғаш рет монографиялық тұрғыдан зерттеген Р.Нұрғалидың ғылыми еңбектері жаңа көзқарас тұрғысынан қорытылып, 20-30-жылдары әдеби сында айтылған біржақты сындардың негізсіздігі дәлелденіп көрсетілген. Тұңғыш кәсіби режиссер, драматург Ж.Шанинның әдеби мұрасы алғаш рет Р.Нұрғалидың еңбегінде монографиялық көлемде зерттелгені, баспа бетінде жарыққа шықпаған оқырмандарға беймәлім туындыларын ғылыми айналымға енгізгені сараланған.
Рабиға Ағабекқызы ғалымның драматургияны әдебиеттің тегі ретінде ұстанған қағидаттары мен ұсынған ізденіс-параметрлерін ғылыми түрде зерделеп, Р.Нұрғалидың «пьеса-монолог», «драма-әңгіме», «драма-дискуссия» туралы негіздемелерінің қазақ драматургиясының дамуына қосқан үлесін анықтаған. Академик Р.Нұрғалидың М.Әуезов трагедиялары, Ж.Шанинның әдеби мұрасы, қазіргі қазақ драматургиясының жанрлық жүйесі мен поэтикасы, даму тенденциясы туралы терең толғамды зерттеулері жан-жақты қарастырылады.
Академик Рымғали Нұрғали өзіне дейінгі академик М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Т.Нұртазин, С.Ордалиев, тағы басқа ғалымдардың драма теориясы мен өнері туралы зерттеулерін тереңдетіп, теориялық-методологиялық тұрғыдан байытты. Р.Нұрғалидың өзіндік беталысын танытқан алғашқы монографиялық зерттеуі (1968) ұлы жазушы, драматург М.Әуезовтің трагедияларын зерттеуге арналады. Қазіргі тәуелсіздік кезеңі тұрғысынан қорыта қарағанда, бұл еңбек сонау 60-жылдардың өзінде Алаш әдебиеттану ғылымына қосылған бағалы зерттеу болды.
Әлемдік әдеби үдеріс, оның ұлттық әдебиеттің дамуына ықпалы мен өзара байланысы, әдеби тұлға және шығармашылық тарихы, дәстүр жалғастығы, қазақ әдебиетінің жанрлық дамуы мен көркемдік ізденістері, тағы басқа төл сөз өнеріміздің күрделі мәселелерін қарастырған академик Р.Нұрғали еңбектерінің маңызды арнасы – қазақ драматургиясының жанр жүйесіне арналған. Зерттеуші әдебиеттану ғылымына ұлы суреткер М.Әуезовтің мың сырлы, терең қатпарлы трагедияларын талдаумен әуезовтану ғылымына елеулі үлес қосты. Сан салалы зерттеулерден бастап ұлттық драматургияның өрісі, теориялық-практикалық мәселелері назардан тыс қалмады.
Зерттеуші Рабиға Беркенова Р.Нұрғали зерттеуінің қазақ драматургиясының тарихын, поэтикасын, стилін танудағы орнын көрсете отырып, Ж.Шанин мен М.Дәулетбаев аудармасы Р.Нұрғали зерттеуіне, драма тарихы мен теориясына, қазақ драматургиясының жанр жүйесіне ерекше тоқталып өтеді.
Қорыта айтқанда, Рымғали Нұрғалидың қазақ драматургиясы туралы көпжылдық зерттеуі ұлттық әдебиеттану ғылымына бағалы үлес болып қосылды. Қазақ драматургиясы теориялық пайымдаулар, талдау өрісінің кеңдігі мен талдау нысанының көптігі, ауқымдылығы жағынан алдағы орындалатын зерттеулерге теориялық-мәтіннамалық негіз болады. Ғалым Рабиға Ағабекқызының қазақ драматургиясы туралы еңбектерінің зерттелуі мұнымен шектелмейді. Бұл арналы тақырыптың басы ғана деп білеміз. Нұрғалитану ғылымы енді басталмақ. Ғалымның дәйекті ғылыми тұжырымдары болашақтағы жаңа зерттеулерге жол ашпақ.
Эльмира ПЕРТАЕВА,
Ш.Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты