Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Гүлмен де емделуге болады

Гүлмен де емделуге болады
Ашық Дереккөз
Қыс мезгілінде тұмаурататындардың шамадан тыс көбейіп кететіні белгілі. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жіті респираторлық, вирустық және бактериялық инфекциялармен сырқаттанушылық көрсеткіші күз-қыс айларында өсіп, 100 мың балаға шаққанда орташа есеппен 1 800-ді құрайтын көрінеді.

Сырқаттан сақтанудың ең тиімді жолы – вакцина, гигиеналық ережелерді сақтау және дәруменге бай көкөністерді ас мәзіріне енгізу. Дегенмен мезі еткен ауруларды жеңуге кәдімгі бөлме гүлі де көмектесе алады екен.

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын 14 жасар Айзере Төлепберген білім беру ұйымдарында жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайту үшін өсімдіктерді дұрыс таңдайтын мобильді қосымша жасап жатыр.

– Үйдегі гүлдер бөлмедегі жағымсыз көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, қайта ауаны оттегімен толтырады. Дәрілік өсімдіктер адамда болатын күйікті, суық тию мен әлсіздікті емдейтін қасиеттерге де ие. Қыста үйде жылу жүйесін қолданғандықтан ауа құрғап кетеді. Ал гүлдер үй ауасын ылғалдандырады. Гүлдер тұрмыстық техникалар мен құралдардан шығатын электромагнитті сәулелерді өзіне сіңіреді. Сол арқылы адамның әлсіреуі мен бас ауруына жол бермейді. Өсімдіктер әдетте мекемелерде интерьер, яғни бөлме сәнін кіргізу мақсатында пайдаланылады. Өсімдіктердің аурудың алдын алуға пайдасы мол екенін көбі біле бермейді. Бір айта кетерлігі, бактерия, паразит, ұсақ саңырауқұлақтарды өлтіруге қабілетті өсімдіктер фитонцид деп аталады. Медициналық мақсатта пайдаланылатын фитонцидті гүлдер адамның қоршаған ортасын жақсартып қана қоймай, шаршағанды басып, ағзаны қалыпқа келтіруге көмектеседі. Академик Николай Холодныйдың айтуынша, адам ағзасы тәулігіне 3-4 миллиграмм фитогенді органикалық заттарды сіңіреді. Оны ғалым «Биохимиялық процестердің катализаторлары», «Өмір эликсирі» деп атады. Өсімдіктердің әсерінен ағзаның жалпы реактивтілігі артып, жүрек-қантамыр, тыныс алу және қанайналым жүйелерінің қызметі қалыпқа келеді. Шипасы мол гүлдер әсіресе өсіп келе жатқан ағзаға пайдалы, оқу мен тәрбие процесіне оң әсер етеді, – дейді жоба авторы.

Патогендік бактериялардың өсуі мен дамуын тежейтін биологиялық белсенді заттарды бөлетін ең көп таралған өсімдіктер қатарына фикус, хлорофитум, бегония, пеларгония, монстера, спаржа, гүлшетенді жатқызуға болады.

– Өсімдіктерді бөлме дизайны мен интерьер ретінде пайдалану – заманауи тренд. Сұранысқа сай өсімдіктерді орналастыруды жоспарлауға, стиль таңдауға және визуализация жасауға арналған «Homestyler», «Houzz», «Room Creator» және «Planner 5D» секілді көптеген мобильді қосымша бар. Дегенмен заманауи дизайнерлер фитонцидтік өсімдіктердің пайдасы, емдік қасиеті туралы деректерден бейхабар. Оларда Қазақстандағы дәстүрлі және қолжетімді жабық өсімдіктер туралы мәліметтер жоқ. Сондықтан құрылғы оқу орны және тұрғын үй-жайларды фитонцидтік қорғауға ұсынылатын өсімдіктердің санын есептеп, іріктеп бермейді, – дейді Айзере Төлепберген.

Мектеп оқушысы мобильді қосымшаны жасау тамаша тәжірибе ғана емес, сонымен қатар өзекті мәселені шешуге көмектесетін мүмкіндік деп санайды.

– Сыныптар мен мектеп дәліздерінде ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулармен күресу күрделі мәселе екені белгілі. «PhytoSmart» қосымшасын жасамас бұрын Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жағдайды талдадық. Мектеп дәрігерінің айтуынша, 2023-2024 оқу жылында ЖРВИ-ге байланысты медициналық қызметке 715 оқушы жүгінген. 2023-2024 оқу жылында 358 оқушы сырқатына байланысты сабаққа қатыспаған, яғни әрбір екінші оқушы сабақтан қалған. «PhytoSmart» мобильді қосымшасы оқу орындарын абаттандыру үшін өсімдіктерді дұрыс таңдап, жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға көмектеседі, – дейді дарынды оқушының ғылыми жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Инна Аксенова.

Мектепті абаттандыру үшін фитонцидтік өсімдіктерді таңдағанда бірнеше қағидаларды ескерген жөн. Біріншіден, өңірде оңай табылатын гүлдерді таңдау керек. Тиісінше оңтүстік Қазақстанның континенттік климатына бейімделе алатын болуы тиіс. Емдік қасиеттерге ие болуы да міндетті. Сондай-ақ гүлдерге күтім жасау қиынға соқпауы тиіс. Өсімдіктің аллергенді еместігі, улылығы аз болуы да маңызды. Сонымен қатар өсімдіктер оқушылар үшін барынша қауіпсіз, яғни тікенсіз болғаны дұрыс.

– Қосымшаны әзірлеу кезінде біз алты өсімдікті қолдандық. Тарқатып айтқанда, олар – алоэ вера, герань, сансиверия, спатифиллум, фикус, хлорофитум. Жобаны жасағанда біз қолданбаның интерьерге қажетті емдік қасиеті бар өсімдіктерді өздігінше санай алу қабілетіне назар аудардық. Түсінікті етіп айтсақ, құрылғыны пайдаланушы оқу кабинеті, қонақ бөлме немесе дәліздің ауданын өлшеп алса болғаны, бөлмеге керек өсімдіктер тізімін, гүлдерді қалай орналастыруға болатынын қосымша өзі реттеп береді, – деп атап өтті А.Төлепберген.

«PhytoSmart» мобильді қосымшасының прототипі «Flutter» бағдарламалау тілінде жазылған және жергілікті деректер базасын пайдаланады. «Android» және «iOS» жүйелеріндегі смартфондар үшін екі нұсқасы жасалған.

– Болашақта жабық өсімдіктердің санын көбейту және есептеу параметрлерін өзгерту арқылы қосымшаны жақсарта түсу жоспарлануда. Бағдарлама қызметі жақсара түскен жағдайда қосымша өсімдіктердің бірнеше түрінен биофильді интерьер дизайнының нұсқаларын ұсына алатын болады, – дейді оқушы.

Жобаның коммерциялық әлеуеті зор. Мысалы, ол гүлдерді таңдап қана қоймай, оларды қайдан және қандай бағамен сатып алуға болатынын бірден көрсететіндей етіп басқа жүйелермен біріктірілуі мүмкін. Дегенмен жоба авторының түпкі мақсаты – пайда табу емес, жұқпалы аурулардан зардап шегетін оқушылардың санын азайту.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар