Ынтымағы жарасқан, береке ұйысқан отбасында дүниеге келген Гүлжаһан бала кезінен тігіншілікке бейім болып өседі. Анасы Ажардың қолынан шыққан көйлектер мен көрпешелер бала Гүлжаһанның қызығушылығын оятып, тігінші болуды армандайды. Әкесі Мамырайым Сарықазақов та қызының жүрек қалауын қолдайды. Сөйтіп, бойжеткен мектеп бітірген соң 1997 жылы Тараз қаласындағы №3 кәсіптік техникалық училищеге оқуға түсіп, «Модельер-конструктор» мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын Сарыкемер ауылындағы «Элегант» тігін орталығында тігінші болып бастайды. Кейіннен мамандығының қыр-сырын терең меңгеру үшін Алматы қаласындағы орталық әмбебап сауда дүкендерінің бірінде тігіншілігін жалғастырады.
2004 жылы Байзақ ауылының тұрғыны Рахматуллаға тұрмысқа шығады. Сабырлы, тірлігіне мығым, ата-енеге ибалы қызметімен жаққан Гүлжаһан 2016 жылға дейін бала тәрбиесімен айналысады. 2016 жылы «Шебер» жеке кәсіпкерлігін ашып, төсек-орын жабдықтарын, той көйлектерін, костюм-белдемше тігіп, басқа да тапсырыстар қабылдай бастайды.
«Құр жатқанға құт қонбайды» дегендей, кейіннен жолдасымен ақылдасып, үйінің жанынан арнайы бір бөлме салдырып, кәсібін кеңейтеді.
Ауыл тұрғындарынан, уақыт өте келе, алыс-жақын елді мекендерден тапсырыс көбейеді.
Сұраныс артқан соң он саусағынан өнер тамған кәсіпкер келіншек ауылдағы тігінге ебі бар жұмыссыз қыз-келіншектерді жұмысқа шақырады. Жакет, шапан, би көйлектерін тігудің технологиясын, ою-өрнекті қолмен кестелеу және компьютермен түсіруді үйретеді. Іскер тігіншінің мұқият бақылауымен үлгіні құрастыру, матаға ауыстыру, пішу және тігу технологиясын игергендер бүгінде табыс тауып, шеберліктерін шыңдауда. Мәселен, Салтанат Алданова матаны пішіп, кесілген мата үлгілерін тігіншілерге жібереді. Наргиза Маратова, Әдемі Өтесінова, Бибігүл Әбдікаримовалар тігін машинасында жеке бөліктерге бөлінген үлгілерге қалта, белбеу салып, ою өрнек үйлесімділігін кестелеп, түймесін тағу жұмыстарын атқарады. Соңында дайын киім үтіктеліп, тапсырыс берушіге жіберіледі.
– Қажетті маталар мен жіптерді өзім таңдап, «Ақсай», «Ауыл Береке» базарларынан алып тұрамын. Қымбат болса да матаның сапалысын таңдаймын. Тұрақты тапсырыс берушілерге, қоғамның осал топтарына, жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік жасаймыз. Байзақ аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Биыл Тараз қаласында өткен Дүниежүзілік қолөнершілер көрмесіне қатысып, кішкентай балаларға арнап тіккен киімдерді көпшілік назарына ұсындық. Тігісі жатық, сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болғандықтан алушылар аз болмады. Ізденіс пен іскерлік – табыс кепілі. Күрмеуі көп, күрделі мәселелерді шешуде табандылық, іскерлік, ұйымдастырушылық сынды қасиеттер үлкен рөл атқарады. Жұмыс бабында талап қоятын кездер де аз емес. Осындай сәттерде сабырлылық пен төзімнің пайдасы көп тиеді екен. Қазіргі уақыт терең білімді, ізденісті, жаңашылдықты, шығармашылық дарынды, айрықша талантты талап етеді. Киімді тігумен қатар, өткізе білу де өнер. Заман көшінен қалмай, нарықтық бәсекеге төтеп беретін киім-кешектер тігу жолында тер төгудеміз. Жалпы адал еңбек қана адамды құрметті, мәртебелі етеді. Шүкір, бүгінде кәсібімнің жемісін көріп отырмын. Ниет болса, жұмыс көп, тек істің көзін таба білу керек. Бастысы талмай ізденіп, өз ісін жақсы көру керек, – деді кейіпкеріміз.
«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп хакім Абай айтқандай, білімі мен қажырлы еңбегіне сенген, кіндік қаны тамған жерде өсіп, кәсібін ашып, нәсібін тауып отырған Гүлжаһан Мамырайымқызының еңбекқорлығына ауылдастары тәнті. Шаршауды білмейтін, ниеті адал, пейілі кең кәсіпкер келіншектің адамгершілігі, кісілігі мен кішілігі, ізеті өз алдына бір әңгіме.
Облыс орталығында өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесіне бұйымдарын ұсынған іскер кәсіпкер аталған іс-шара ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіндігін тілге тиек етті. Әңгіме арасында кейіпкеріміз базына ретінде жергілікті кәсіпкерлердің шығарған өнімдері мен бұйымдарына айрықша қолдау көрсетілсе деген тілегін айтып қалды.
Айта кету керек, Гүлжаһан ауыл, аудан, облыс көлеміндегі қайырымдылық іс-шараларына, «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
...Тігін шеберханасында қыз-қыз қайнаған еңбек. 11 тігін машинасының құлағында ойнаған тігіншілердің қимылына көз ілеспейді. Ауқымды тапсырысты, атап айтқанда, аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның, Абланов атындағы орта мектептің, Н.Киікбаев атындағы гимназияның 1-сынып оқушыларына ұлттық киімдер, «Мәртебе» жекеменшік мектебі мен Балалар шығармашылығы орталығының тәрбиеленуші-бишілері киетін би көйлектерін тігу үстінде.
«Шебер» жеке кәсіпкерлігі топтық тапсырыстар қабылдайды. Шебер тігіншілердің қолынан шыққан жұмысшылар киетін арнайы киімдер (спецодежда), би көйлектері, мектеп оқушыларының формасы, медициналық халаттар, көздің жауын алатын сан алуан жастық, төсек-орын жабдықтары өзіндік дизайнмен, этностильмен ерекшеленеді.
Бақ-береке қонған отбасының ырысын шалқытып, азаматының беделін биіктетіп отырған, шынайы шебер атанған Гүлжаһанның мақсаты биік, қадамы нық.
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА,
Байзақ ауданы