Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Батуттағы гимнастиканың болашағы қандай?

Батуттағы гимнастиканың болашағы қандай?
А.Қартабай
Батуттағы гимнастика – спорттың қауіпті әрі көркем түрі. Физикалық дайындықты, үйлесімділікті, тепе-теңдікті және жоғары деңгейдегі ептілікті талап ететін ерекше спорттың тарихы 1926 жылдан бастау алады. Ал батутты ойлап тапқан франциялық цирк акробаты Дю Трамполине екенін де айта кеткен жөн.

Батуттағы гимнастиканың негізгі бағыттарына жеке және жұптық секірулер, акробатикалық жол, қос батут жатады. Батуттағы гимнастика 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарында алғаш рет таныстырылған.

Бүгінгі таңда елімізде де аталған спорт түрі ерекше қарқынмен дамып келеді. Әлемдік ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізіп, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшымыз аз емес. Мәселен, Ислам Қабдоллов 2021 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 11-12 жас санатында акробатикалық жолда секіруден алтын медаль жеңіп алды. Данил Мұсабаев пен Пирмаммад Әлиев 2023 жылы Бакуде өткен әлем кубогында синхронды секіруден күміс жүлдеге ие болды.

Ал облысымызда батуттағы гимнастикаға 2004 жылдан бері көңіл бөліне бастаған. Содан бері жамбылдық саңлақтар да түрлі жарыстарда жасындай жарқылдап, биік белестерді бағындырып жүр. Облысымыздың 14 спортшысы бүгінде Қазақстан Республикасының құрама командасына мүше екен.

Батуттағы гимнастика №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында орналасқан. Мұнда жоғары санатты жаттықтырушы Ольга Назарова және Дамир Хузиахметов, Малика Кулахмедова сынды үш жаттықтырушы жұмыс істейді. Әрқайсысының қарамағында 30 шақты жасөспірім жаттығуда.

2024 жыл батуттағы гимнасшылар үшін жеңісті жыл болды. Олай дейтініміз, мамыр айында Гонконгте өткен Азия чемпионатында 11-12 жастағылар арасында Абдульазиз Абдуллаев І орын иеленді. Осылайша Абдульазиз Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар байрақты бәсекеде 13-14 жастағылар арасында Мөлдір Тохтахунова ІV орынды қанағат тұтып, болашағынан үлкен үміт күттіретінін байқатты. Сол секілді Қазақстан чемпионатында ұлдардан құралған команда акробатикалық жолдан І орын алған.

Біз Қолбасшы Қойгелді көшесінің бойында орналасқан спорт мектебіне арнайы барып, жаттықтырушылармен тілдесіп, батуттағы гимнастиканың бүгіні, болашағы туралы әңгіме өрбіттік.

– Батуттағы гимнастика – қызықты әрі өте қауіпті трюктар орындайтын спорт түрі. Бұл спорт барлық облыста дамымаған. Себебі арнайы мамандары жоқ және батуттар өте қымбат тұрады. Өңірімізде болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар өте көп. Әсіресе Данил Каст қос батутта секіруден жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. 2024 жылдың қарашасында Португалияда өткен халықаралық турнирде Абдульазиз Абдуллаев алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ ел чемпионатында Альдемир Арманұлы І орын, Иделия Ельбрусова ІІІ орын, Әлинұр Әтібек        І орын алып, төбемізді көкке жеткізді. 2024 жылы жаңа батутқа қол жеткіздік. Осы батуттың өзі 22 миллион теңге тұрады. Балалардың жетістікке жетуі үшін бізге көп нәрсе керек емес. Тек арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталса болды, – дейді бас жаттықтырушы Ольга Сергеевна.

Келесі кезекте жас жаттықтырушы Дамир Хузиахметовпен де сөйлесіп, біраз шешілмей жүрген мәселелер жайлы сұрастырдық.

– Облысымызда спорттың қай түрі болсын жақсы дамыған. Батуттағы гимнастика бойынша да спортшыларымыздың нәтижелері мақтануға тұрарлықтай.Тек соны көрсете білуіміз керек. Бізде тісқаққан жаттықтырушы Ольга Назарова жұмыс істейді. Еңбек өтілі 40 жылдан асатын тәжірибелі маман қаншама танымал спортшыларды тәрбиеледі. Мен де осы залдың, осы өңірдің түлегімін. Бүгінде жас спортшыларды дайындап жүрмін. Батуттағы гимнастикамен айналысу үшін биіктігі 8 метр болатындай үлкен ғимарат керек. Өзіңіз көргендей, біз акробаттармен, көркем гимнасшылармен бір ғимаратта дайындаламыз. Шағын ғана жер болғандықтан кейбір батуттарымызды қоятын жер жоқ. Үлкен жетістіктерге жету үшін спортшылар мен жаттықтырушыларға жағдай жасалуы керек. Арнайы үлкен зал берілсе дейміз. Бұл тек арман күйінде қалмаса екен деген тілегіміз бар, – деді жаттықтырушы Дамир Абдубариұлы.

Біз барғанда спортшылар жарысқа дайындалып жатты. Спортшылардың арасынан Мөлдір Тохтахуновамен тілдестік. Болар бала екені сөйлегенінен, шапшаң қимылдауынан, тәртібінен көрініп-ақ тұр.

– Мен 8 жасымнан бастап спортпен айналысамын. Ата-анамның бұл салаға мүлде қатысы жоқ. Бірақ әбір перзентінің атақты спортшы болғанын қалады. Қазір №13 мектеп-гимназияда 8-сыныпта оқимын. Сабағым да өте жақсы. Бәріне үлгеремін. Әр спортшының өз арманы болады. Менің арманым – жеңіске жету, биік шыңдарды бағындыру. Ол үшін қайсарлық, табандылық керек екенін түсінемін. Сол үшін де күн сайын шаршамай жаттығамын, – дейді Мөлдір.

Ал Азия чемпионы Абдульазиз батуттағы гимнастикаға 4 жасынан бастап қатысқан екен. Әкесі Азиз де акробатикаға қатысқан. Алайда денсаулығына байланысты спорттан қол үзуге тура келген. Сондықтан өзі жете алмаған биікке баласының жеткенін қалапты.

Қазіргі таңда жаттықтырушылар наурыз айында Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына және Испанияда жалауын желбірететін әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде. Бұйыртса, әлемдік додада 11 жасар Абдульазиз Абдуллаев пен 14 жасар Мөлдір Тохтахунова сынға түспек.

Кез келген жарыста облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың жеңіспен оралуына және жаттықтырушылар көтерген ғимарат мәселесінің тезірек шешілуіне тілектестік білдірдік.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар