Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өрендер өндіріс орындарына барды

Өрендер өндіріс орындарына барды
Ашық Дереккөз
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Тараз сервис және технология колледжінің жұмысшы мамандықтарында оқитын студенттері мен ерікті жастар облыстағы ірі өндіріс орындарына эксурсия жасады.

Экскурсияны облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Ауыл» партиясының облыс бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырды. Жастар іс-шара барысында «ALASHPROM» және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барды.

Экскурсия арқылы өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, техникалық құрал-жабдықтары, жұмыс барысы жастарға кеңінен таныстырылды. Негізгі мақсат – жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру. Жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалап, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын дәріптеу.

– Біз студенттерге «Ауыл» партиясының «Еңбек адамы» жобасы аясында экскурсия ұйымдастырдық. Экскурсия барысында студенттер «ALASHPROM» газ блоктарын шығаратын зауыттың жұмысымен танысып, кәсіпорынның ұжымымен кездесті. Олар өндіріс үдерістерін өз көздерімен көріп, қарапайым жұмысшылардың жұмысымен танысты. Біздің басты мақсатымыз – жастарды тәрбиелеу, жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру және олардың қоғамның дамуына қосқан үлесін көрсету. Жұмысшы адам – елдің тірегі, қоғамның негізі. Сондықтан біз осындай жобалар арқылы жастардың назарын еңбекке және кәсіби мамандықтарға аударуды жалғастырамыз, – дейді «Ауыл» партиясының облыс бойынша өңірлік филиалының басшысы Әйгерім Сәрсенбаева.

Экскурсия барысында қатысушылар өндірістік желілердің техникалық сипаттамаларымен және зауытта қолданылатын технологиялармен танысты. Зауыттың соңғы технологияларды қалай қолданатынын және өндірістің әр кезеңі қалай мұқият реттелетінін бақылады. Олар өңірдің экономикасы үшін осындай кәсіпорындар жұмысының маңызды екендігіне көз жеткізді.

– 2021 жылдан бері «ALASHPROM» серіктестігінде еңбек етіп келемін. Бұл зауыт 2023 жылдан бері өнім шығаруда. Белгілі бір сұйықтықты өз құрамына қатысты рецеппен су, құмды араластырып, сапасыз кірпіштерді үгітіп, ерітінді жасаймыз. Кірпіш құйылмай тұрып ерітіндіні бөшкеге құйып аламыз. Сондай-ақ газоблоктың құрамына әк қосылады. Әктің көлемі өте үлкен болып келетіндіктен майдалаймыз. Соңында құрамға қажеттінің бәрін біріктіріп, өнім алу үшін қалайы ұнтағын қосып, қалыпқа құйып, арнайы кептіреміз, – дейді зауыттың мастер-технологі Серік Сағади.

Келесі кезекте студенттер мен ерікті жастар «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытына жол тартты. Бұл компания Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес 1999 жылы 27 қазанда құрылған. Негізгі өндіріс көзі облыста шоғырланғандықтан компанияның операциялық қызметі Тараз қаласындағы кеңсесі арқылы басқарылады. Ал бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

Мұнда сапалы өнімдерді өндіру мен қайта өңдеуден бастап дайындау мен жеткізуге дейінгі барлық процестер қамтылады. Бұл компанияның негізгі қызметі – геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, фосфорит кенін өндіріп, қайта өңдеп, фосфорлы минералды тыңайтқыштар мен жемшөп фосфаттарын өндіру. «Қазфосфат» ЖШС өнімдері Еуропа, ТМД және Орталық Азия елдерінің нарықтарына жеткізіледі.

Осы күні түс қайта «Қазфосфат» ЖШС-ның «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытына Тараз қаласының №4 мектебінен 150 оқушы үшін экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушыларға фосфор өнімдерін өндірудің негізгі кезеңдері, еңбек қауіпсіздігі және жұмысшылардың рөлі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мұндай іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, болашақ мамандарды еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуге және жастардың өндірістік кәсіпорындарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл экскурсия оқушыларға өз болашақ мамандығын дұрыс таңдау үшін үлкен мүмкіндік беріп, өндіріс саласының маңыздылығын тереңірек түсінуге ықпал етті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар