«Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Әлібековтың айтуынша, алдағы уақытта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіледі.
– Өткен жылы 128 жәрмеңке өтіп, 2 500-ден астам жұмыс беруші қатысты. Іс-шараға 5 мыңға жуық адам жұмыс іздеп келсе, 1 300-ге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Соған орай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін жиі өткізуді жоспарлап отырмын. Осылайша тек жұмыссыздық деңгейін төмендету ғана емес, еңбек нарығындағы мамандар тапшылығын жоюға да назар аударылады. Жәрмеңкелерде қысқамерзімді курстан өткен, орта білімі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға барынша жағдай жасалатын болады, – дейді Серік Айдарұлы.
Жәрмеңкеге келушілерге орталық мамандары жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандыру, кадрлар даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту мақсатында кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Жәрмеңкеге қатысқандардың бірі – Батырбек Жақыпов.
– Түзеу мекемесінде 3 жыл жазамды өтеп шықтым. Жәрмеңкеге провациялық түзеу мекемесінің қызметкерлері жіберді. Негізі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бірімін. Үй жағдайында жиһаз жасаймын. Бұл кәсіпті түзеу мекемесінде жүргенде үйрендім. Бүгінгі іс-шараға келіп, қайтарымсыз грант алуға болатынын білдім. Ол қаражатқа құрал-жабдықтар мен станоктар сатып алуға болады екен. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта жеке кәсібімді ашқым келеді, – дейді Батырбек Қалдыбайұлы.
Жәрмеңкеге қала аумағындағы 25 жұмыс берушіден 180 бос жұмыс орны ұсынылды. Ал іс-шараға 97 жұмыссыз адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасып, 17-сі жұмысқа орналасты. Оның ішінде 15-і тұрақты жұмысқа тартылса, екеуіне «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жолдама берілді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ