Талапты ауылының азаматы, жеке кәсіпкер Данияр Бейсалиевтың бастамасымен салынып жатқан үш қабатты ғимарат «жайлы мектеп» екен. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 400 балаға арналып салынып жатқан ғимараттың үшінші қабаты 100 балаға арналған интернат.
Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын сәуір айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
– Тараз қаласында жекеменшік балабақшаларым бар. Ендігі жерде туып-өскен ауданымнан да білім нысанын салғым келді. Ойлана келіп, ауыл балаларына арнап «жайлы мектеп» салуға бел будым. Мектепке ауданның барлық елді мекендерінен оқушылар қабылдайтын боламыз. Алыс ауылдағы балалар жатып оқитын арнайы интернат та болады. Мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сай салынуда. Сонымен қатар тиісті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл мектептің артықшылығы – оқушыларға ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Мұғалімдерді жұмысқа біліктілігіне қарай іріктеп аламыз. Мектеп жеке болғанымен ауыл балаларына тегін қызмет көрсетеді. Тағы бір ерекшелік, жұмысбасты ата-аналар балаларын мектепте таңертеңнен кешке дейін қалдыра алады. Балаларға ыстық тамақ беріледі. Әрине, тамақ ақылы, бірақ бағасы қолжетімді болады. Балалар мұнда білім алып қана қоймай, қызығушылығына, қабілетіне қарай түрлі үйірмелерге де қатыса алады. Сабаққа дайындалуға, тынығуға барлық мүмкіндік жасалады. Мектепте спортзал, кітапхана, асхана, тіпті бассейн бар. Әжетхана, жуынатын бөлме, барлығы заман талабына сай. Сыртта бөлек спортзал тағы да бар. Мұнда түрлі спорттық үйірмелер, шахмат, би үйірмесі, тағы да басқа сұранысқа сай үйірмелер жұмыс істейді, – дейді Данияр Бижамбекұлы.
Дәл қазір мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйесі іске қосылған. Ғимараттың іші жып-жылы. Бірқатар жиһаз да келіп үлгерген. Құрылыс жұмыстарын жуалылық азаматтар бес бригада құрамында атқаруда. Әр бригада өзіне қатысты жұмыстарды сапалы орындауға барын салуда.
Жеке кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілейміз. Мектеп – ел болашағы жастарға салынған маңызды инвестиция. Ауыл балалары да «жайлы мектепте» оқып, білімін шыңдаса деген кәсіпкердің ниетіне қарай бастаманың сәтті аяқталып, ойдағыдай жүзеге асуына тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы