Еске алу кешін филология ғылымдарының кандидаты, ғалымның шәкірттерінің бірі Темірбай Мұқашев жүргізді. Басқосуға онлайн қосылған белгілі азаматтар да аз болмады. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей ғалыммен 35 жыл бірге ізденгенін айта келіп: «Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханұлы, Мекемтас Мырзахметұлы – абайтанушы алып үш бәйтерек, біздер сол үш бәйтеректің бұтақтарымыз», – деп баға берді.
Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан: «Менің 4 жыл өмірім Тараз қаласында Мекемтас ағаның қасында өтті. Ол кісі менің жетекшім болды. Ғылым үшін қиындықтың бәріне бара алатын қайсар жан», – десе, жазушы, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш: «Абайды 30 жылдан астам зерттеп, әдебиет тарихына сүбелі үлес қосты. Батыр Бауыржан Момышұлының 30 томдығын шығаруда да еңбегі орасан. Мекемтас Мырзахметұлы – әлем түркологиясындағы даңқы биік тарихи тұлға», – деді.
Сонымен қатар жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан: «Мен Мекеңмен 2000 жылы таныстым. Мекемтас ағаймен кездесуім менің жаңа шығармаларыма оң әсерін берді. Мен басқаша ойланып, басқаша ізденетін болдым. Ол уақытта менің ғалым таныстарым да аз емес еді. Бірақ Мекемтас басқа, терең. Әділ жүрді. Ғылымға адал болды. Мінез танытты. Нашар оқитын студенттерге дұрыс баға қоймағаны үшін пәтерінен де айырылды. Бірақ бірбеткейлігінен танған жоқ. Сол мінезі оның үлкен сәтті қадамдарына жол ашты. Әрбір шәкіртінің бір-бір Мекемтас болуына тілектеспін», – деп ізгі ниетін білдіріп, өткенді еске алды.
Іс-шара барысында экраннан Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдық мерейтойындағы сөйлеген сөзі, өзінің білім алған мектебіне, туған ауылына барған кездері, ғылымға қатысты пікірлерінен үзінділер беріліп отырды. Ғалымның «Бауыржан Момышұлының бір арманы тәуелсіз қазақ елін көру еді. Қазір сол еркіндігімізді алдық. Еркіндіктің барлық құндылықтары қалыптасып келеді. Жастар жаңаша ойлап, жаңа қадамдар жасап жатыр. Білімді жастар барда болашағымыз жарқын, ғылымымыз биік белесте болады» деген ойларын толқымай тыңдау мүмкін емес.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ғалымның мұрасы халықтың алтын қазынасы ретінде бүгінгі және келешек ұрпақ үшін мәңгілік қызмет жасайтыны анық.
«AR-AI»-ақпарат