Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Медициналық қызмет тәулік бойы көрсетіледі

Медициналық қызмет тәулік бойы көрсетіледі
Ашық Дереккөз
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің белгілі бір тізімі. Ол халықтың денсаулығын қорғау және медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ұсынылады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау саласындағы теңдікті қамтамасыз ету және медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін маңызды рөл атқарады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін қызметтерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек, дәрігерлердің қабылдауы, профилактикалық тексерулер, вакцинация, медициналық кеңестер жатады. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығы халыққа тегін медициналық қызметтің барлық түрін көрсетеді.

Қалалық аурухана 1960 жылы ашылып, сол кезеңде Тараз қаласы мен облыс халқына көпбейінді медициналық көмек көрсететін аймақтағы ең ірі емдеу мекемелерінің бірі болған. Алғашқы жылдары аурухананың төсек қоры 200 төсек-орынды құрап, құрамында терапия, инфаркт және амбулаториялық-емханалық бөлімдер жұмыс істеген. 1962 жылы босану, гинекология және инфекция бөлімдері ашылса, 1964 жылы хирургия бөлімі қосылған.

60 жылдан астам тарихында аурухана құрылымдық тұрғыда бірнеше өзгерістен өтті. Облыс халқының санының артуы мен медицина саласының дамуының нәтижесінде жаңа, тар шеңберлі мамандандырылған бөлімдер ашыла бастады. 2016 жылы аурухана жаңа ғимаратқа көшіріліп, 2020 жылы №1 және №2 қалалық ауруханалар мен қалалық перинаталдық орталық бір медициналық ұйымға біріктірілді.

Бүгінде Тараз қалалық көпбейінді аурухана 570 стационарлық және 66 күндізгі стационарлық төсек-орынға ие. Сонымен қатар аурухана құрамында қалалық жарақат пункті жұмыс істейді. Ауруханада 1 155 қызметкер бар. Оның ішінде 170 дәрігер, 509 орта медициналық персонал, 341 кіші медициналық қызметкер және 135 әкімшілік-шаруашылық қызметкер. Аурухананың құрамында 31 бөлімше бар, оның 20-сы клиникалық, ал 11-і параклиникалық. Клиникалық бөлімшелерге хирургия, травматология, нейрохирургия, терапия, гинекология, инсульт орталығы, нефрология, урология, пульмонология, ЛОР, қалпына келтіру емі және басқа да бөлімшелер кіреді. Ал параклиникалық бөлімдерге қабылдау бөлімшесі, жарақат пункті, операциялық блок, клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық және цитологиялық зертханалар, сәулелік диагностика бөлімі, физиотерапия бөлімі және аурухана фармациясы жатады. Бұл бөлімдердің барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша пациенттерге тәулік бойы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы қызмет көрсетуде.

Ауруханада жыл сайын 13 мыңнан астам операция жасалады. 80 пайыздан аса хирургиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында лапароскопиялық әдіспен жасалады. Бұл емделушілердің тез жазылуына ықпал етеді.

Аурухананың негізгі бағыттарының бірі – инсульт қызметін дамыту. Ангиографиялық жүйені енгізудің арқасында ми-қантамыр ауруларын емдеуде жоғары технологиялық әдістер қолданылады.

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығы заманауи стандарттарға сай медициналық көмек көрсетіп, ұлт денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Хамит МҰРЗАҚАСЫМОВ,
Тараз қалалық
көпбейінді ауруханасы және
консультативтік-диагностикалық
орталығының бас дәрігері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар