Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетті.
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, қапысыз атқару қажет.
2025 жылға қарай әлемдегі еңбек нарығы өзгерістерге ұшырап, жаңа талаптар туындайды. Цифрландыру мен автоматтандыру көп салаларда адам еңбегін алмастыратын жаңа технологиялар мен жүйелерді әкелетіні белгілі. Бірақ бұл өзгерістердің арасында жұмысшы мамандықтардың маңызы артады.
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті – өз түлектерін дәл осы өзгерістерге бейімдей отырып, олардың заманауи техникалық дағдылар мен практикалық тәжірибені меңгеруіне жағдай жасап отырған заманауи білім ордасы. Университеттің оқу бағдарламаларын, материалдық-техникалық базасын және мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында оқушылар мен ата-аналарға «Ашық есік» күндері өткізіледі. Бұл іс-шара аясында оқу шеберханалары мен зертханалары көрсетіліп, мамандықтардың тартымдылығы мен перспективалары туралы ақпарат беріледі. Аймақтағы ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізіледі. Жәрмеңке жұмыс берушілер мен студенттер арасында тікелей байланыс орнатып, еңбек нарығындағы сұраныстарды түгендеуге мүмкіндік береді. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде жұмысшы мамандықтарының артықшылықтарын көрсету арқылы оларды танымал етуге күш салынады. Серіктес кәсіпорындармен бірлескен жұмыстарды нығайту арқылы студенттер нақты өндірістік процестерге қатысады.
Мамандық таңдау уақыт пен түсінікті қажет етеді. Біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттерімізді, мінезіміздің ерекшеліктері туралы мақсатты түрде ойлануымыз керек. Мысалы, Дон Клифтонның «Strengths Quest» тесті жеке тұлғаның күшті жақтарын іздестіру мен анықтауға көмектеседі. Тұлға қасиеттерін анықтауға арналған жалпы қабылданған тест – ұлы психолог Карл Юнг пен Изабель Бриггс Майерстің типологиясына негізделген классикалық тест. Жалпы алғанда, әрбір жеке психотиптің қандай әрекетке қолайлы екенін анықтауға көмектесетін көптеген психологиялық тест бар. Оларды тізбелеу қажет емес, Сіз тек осы үлкен таңдаудан пайдалы жағын қарастыруыңыз қажет.
Бүгінгі жаһандық өзгерістер өзекті және сұранысқа ие мамандықтардың әлемдік статистикасын есепке алуға мүмкіндік береді. Воллонгонг университеті мен Аустралияның Жұмыспен қамту департаменті зерттеу жүргізіп, ең сұранысқа ие және өзекті мамандықтарды анықтады. Алғашқы ондыққа инженерия, IT саласы, дәрігерлер (медицина), туризм, логистика, эколог мамандар, химия және энергетика саласы, сервис-мамандар, журналист және имиджмейкер мамандығы кірген.
Қорытындылай келе, жастарымызға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек. Ал жоғары оқу орнындағы табысты білім еңбек нарығында білімі мен біліктілігі бағаланатын білікті маман болуға жол ашады.
Бахтияр БЕКНАЗАРОВ,
Ш.Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университеті
жастар саясаты және тәрбие жұмысы
басқармасының басшысы