Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аялдамалар аянышты күйде

Аялдамалар аянышты күйде
Ашық Дереккөз
Кез келген тұрғынның өзі тұратын елді мекеннің өсіп-өркендегенін, заман талабына сай қарыштап дамығанын қалайтыны анық. Көшелер көрікті, аулалар ажарлы болса деп тілейтініміз тағы бар. Әсіресе қала өміріне келгенде көп өзгерісті күтетініміз жасырын емес. Сәні мен сәулеті келіскен ғимараттардың көптеп салынуынан бөлек, қызмет көрсету сапасы да артып жатса, кәнеки. Осы орайда біз Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің мәселесін талай көтергенбіз.

Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің мәселесін талай көтергенбіз. Бүгінгі әңгіме аялдамалардың жай-күйі жайында болмақ. Бұл тақырыпты қозғауымызға редакциямызға хабарласқан бір топ тұрғынның ұсыныс-тілегі түрткі болды. Олардың айтуынша, бірқатар аумақта автобус аялдамалары әбден ескірген. Кейбір тұстарда мұндай орын мүлде қарастырылмаған.

Мысалы, студент Шәмші Ибайхан аялдамалардың аянышты күйін ашына жеткізді.

– Қалаға оқуға түсіп, студент атанғалы бірнеше жайттың куәсі болып жүрмін. Студент болғандықтан қаланы аралап, бұрын-соңды көрмеген аумақтармен танысуға әр уақытта құштар болып жүремін. Мен өзім қоғамдық көлікке көп мінемін. Қаланың әр қиырында болып, аялдамада автобус күтіп тұрғанымда бірнеше адаммен сұхбаттасып та үлгеремін. Мәселен, қала орталығындағы аялдамалардың көпшілігі жаңартылып, жөндеуден өтіп жатқандығы қуантады. Алайда қаланың шеткі аумақтарындағы  аялдамалардың көбінде отыратын орындықтар жоқ. Әрине,  біз секілді жастарға тікесінен тік тұру қиынға соқпайды. Алайда қоғамдық көлік көп бара бермейтін көшелерде қарт кісілердің ұзақ тұруы денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін екендігі белгілі. Қозғалысы қиындаған қариялардың бел, аяқ, омыртқа секілді дене мүшелерінің ауруы асқынып кететінін де естігенмін. Қала сыртындағы аумақтардан  бөлек, орталықта орналасқан Асанбай Асқаров көшесінде де мұндай автобус аялдамалары жетерлік. Сол көшенің бойынан аялдаманың ескіргенін де, орындығы жоқтарын да кездестірдім. Тіпті кей тұсында  аялдаманың өзі түгіл, қаңқасының да жоқ екендігін байқайсыз, – дейді студент Шәмші Ибайхан.

Расында, қала көшелерінде ескірген аялдамалар жетерлік. Сондай-ақ Ташкент, Дулати, А.Асқаров, Хиуаз Доспанова, Саңырақ батыр көшелерінің кейбір автобус белгісі қойылған орындарында аялдама мүлдем жоқ. Ал кейбірінде осыдан 15-20 жыл бұрын қойылған аялдамалар сол күйі тұрса, енді бірінің толықтай қоршалмағанын көзіңіз шалады. Сонымен қатар кейбір сауда орындарының алды арнайы белгі болмаса да жолаушылардың автобус күтетін мекеніне айналғандай.

– Аялдама сөзін естігенімізде бірнеше мәселе еске түседі. Оның ішінде жол сапасыздығы да қоса айтылады. Олай дейтінім, Крылов, Дулати секілді аялдамалардың  алдында пайда болған шұңқырлар көзге шыққан сүйелдей болып көрінеді. Сол шұңқырлардың кесірінен аялдамаға жақындау өте қиын. Себебі біз жүргізіп жүрген автобустардың асты өте төмен болғандықтан көлікке көп зақым келтіруде. Аялдамаға жақындағанда амалсыздан жолдың бойына тоқтап, адамдарды түсіреміз. Сондай мезетте жол кептелісі туындап, жеңіл көлік иелерімен де сөзге келіп қалып жатамыз. Мәселелер мұнымен біткен емес. Тағы бір жайтты айта кетейік, мектеп алдында орналасқан аялдамаларға тоқтау да қиындық туғызады. Себебі мектепке келген ата-аналар көліктерін аялдамаға қойып, ұзақ уақыт тұрып қалады. Соның салдарынан кептеліс көбейіп, біршама уақытымыз текке кетеді. Мұны айтып отырған себебіміз, бізге арнайы жол жүру бағытын бекітіп берген. Әр аялдамаға жету уақыттары қойылып, қозғалыс сол бойынша жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандай мәселелердің салдарынан кейде бір аялдамадан екінші аялдамаға жету уақытынан кешігіп, басшылықтан сөгіс естуіміз жиілеп кетті. Сонымен қатар кейбір көшелерде аялдамалар бір-бірінен алыс орналасқан. Тіпті кейбір аумақтарда аялдаманың жоқтығынан тұрғындар өздері бір тұрақты аялдама етіп, сол жерден тоқтауды талап етеді, – дейді №56 бағыттағы автобустың жүргізушілері. Ал қала тұрғыны Мақсат Есбергеннің айтуынша, аялдама айналасындағы тазалық басты назарда болуы тиіс.

– Мен өзім талай жыл бойы медицина саласында қызмет еттім. Әрине, ол кездері Алматы қаласының тұрғыны едім. Тараз қаласына көшіп келгеніме 5 жылға жуықтады. Мұндағы аялдаманың ескіруі немесе белгілі бір орында орналасуы жөнінде ештеңе айта алмаймын. Алайда менің көкейімде «Аялдаманың айналасындағы тазалық қашан түбегейлі тұрақты жолға түседі екен?»  деген бір сауал бар. Себебі қоқыс салатын жәшігі де, оның аумағы да, аялдаманың отыратын орындығының маңайы да пластмассалық шөлмектер, өнімдердің сыртқы қағаздары, полиэтилен пакеттер сияқты әртүрлі қалдықтардан көз ашпай жататын кездері болады. Қоқыс неше түрлі инфекциялық ауруларды тудырады. Әрине, тазалық жұмысын жүргізіп жүрген қоғамдық қызметкерлер мен қарт кісілерді байқаймын. Алайда аялдама қоғамдық мекен болғандықтан оны таза ұстау, тазалық сақтау керектігін көрсететін арнайы нұсқаулықтың да болуы артық ете қоймас. Сонымен қатар қала жастарының да бұл мәселе төңірегінде  белсенділік танытқаны жөн деп санаймын, – дейді қала тұрғыны Мақсат Есберген.

Біз жоғарыда айтылған түйткілдерді алға тартып, қала әкімдігіне қарасты тиісті мекемелердің есігін қақтық.  Жауапты мамандардың айтуынша,  барлық аялдамалар өз кезегімен жөндеуден өтуде.

– Бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша барлығы 756 аялдама бар. Оның ішінде 2023 жылы 42 жаңа аялдама орнатылып, 60 аялдама ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ал 2024 жылы 80 жаңа аялдама қойылып, 60 аялдамаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қалада цифрлық табло орнатылған 19 аялдама бар. Алдағы уақытта мұндай таблолар қойылмайды. Сонымен қатар жаңадан аялдама орнатуды қажет ететін 175 орын белгіленген. Оның ішінде 75 аялдаманы 2025 жылы орнату жоспарланып отыр. Қалғандары кезең-кезеңімен іске асырылады. Әрине, аялдамалардың жай-күйі туралы тұрғындар шағым білдіріп жатады. Кейбірі аялдамалардың арасы жақын болуы керек десе, енді бірі орнатылған аялдама орнын ауыстыруды сұрайды. Ал арнайы бекітілген заңнама талаптары  бойынша аялдамалар арасындағы қашықтық 400-ден 800 метрге дейін болуы тиіс. Аялдамаларды орнату мақсатында тұрғындардан шағым түскен уақытта арнайы жұмыс тобы құрылып, сол аумақты барып көреміз. Егер де аялдаманы тұрғындар көрсеткен орынға орнату қажеттілігіне көз жеткізілсе, арнайы тізімге қосылады. Ал бекітілген қағидаға сәйкес келмейтін болса  аялдама орнату жүзеге аспайды, – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Сабырұлы.

Автобус аялдамалары қаланың инфрақұрылымының дамуына өз септігін тигізетіні анық. Заманауи және қолайлы аялдамалар қала мәдениетін көтеріп, оның тартымдылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан да атқамінер азаматтар тұрғындардың талап-тілегіне түсіністікпен қарап, тиісті шешім қабылдайды деген сенімдеміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

 

 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар