Микронесие – бұл жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілетін шағын қарыз. Мұндай қарызды алу үшін жұмыс орны, төлем қабілеттілігі туралы анықтама және төлқұжат сияқты қарапайым құжаттар жеткілікті. Несие мен микронесиені шатастырмаған жөн. Несие банктер арқылы рәсімделсе, микронесиені арнайы лицензиясы бар микроқаржы ұйымдары береді. Банк қарыз бермес бұрын кіріс көзін, несие тарихын, кепілгерлерді тексереді. Ал микроқаржы ұйымы бұл талаптарға көп көңіл бөлмейді, бірақ ақшаны жоғары пайызбен және қысқа мерзімге береді.
Қарызға алынған ақшаның пайыздық үстемесі өте жоғары: күніне 0,5 пайыз. Яғни жылдық есеппен 182,5 пайызға дейін жетеді. Егер уақытында өтемесеңіз, кешіктірілгені үшін өте қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Қазіргі таңда микронесиелердің түрі өте көп. Олардың қатарында «Ақшамат», «Деньги клик», «Moneyman_kz», «Credit 365», «Займер», «Көке. kz» сияқты ұйымдар бар. Мұндай ұйымдар 20 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қарыз береді. Ең қызығы, бұл несиелерді үйде отырып-ақ, интернет арқылы рәсімдеуге болады. Небәрі 15 минут ішінде ақшаны алу мүмкіндігі бар. Алайда жеңіл келген ақшаның қайтарымы зілдей болатынын ұмытпаған абзал.
Бір айдың ішінде қарызды қайтару қажеттілігі адамды тығырыққа тірейді. Аз жалақыны азық-түлікке немесе коммуналдық төлемдерге жұмсайын десе, микронесиені жабуға мүмкіндік болмай қалады. Мұндай жағдайда қарызды создырып алу үшін қосымша төлем жасауға мәжбүр боласыз. Бірақ мұны ұзақ уақытқа дейін жалғастыру мүмкін емес. Нәтижесінде қарызды өтеу жайына қалып, қарыздың үстіне тағы қарыз жамайсыз. Соңында жалақыңыздан автоматты түрде ұсталатын жағдайға жетесіз. Оның үстіне қарызды ғана емес, оның пайыздық үстемесін де қосып төлеуге тура келеді.
Микронесие көп жағдайда адамдардың өміріне кері әсерін тигізуде. Кейіпкеріміз Гүлбану Күзекбаева бір уақытта бірнеше микронесиені алып, оны үш жыл бойы өтеуге мәжбүр болған. Ол қарызының көптігін тұрмысқа шығарда да айтпаған. Бұл мәселе отбасында үлкен талқылауға түсіп, ұзақ уақыт бойы шешілмей келген. Ақырында үлкен қиындықпен шешімін тауыпты. Микронесие алу – тез ақшаның шешімі емес, ұзақмерзімді қиындықтың бастауы екенін ескеру қажет.
– Адамдар микронесиені жан қысылғанда амалсыз алады. Осы тұста алып-қосарым, жарнамаларды да сүзгіден өткізіп барып көрген дұрыс. Себебі қазір ғаламтор желілерінде микронесиелердің жарнамасы дүркіреп тұр. «Деньги за 15 минут», «Тиімді несие», «Несие 24/7» сынды жарнамалар ақшаға мұқтаж болып отырған адамды айналып өтпесі анық. Сол сәтте ақшаны алсам болды деген ойдың жетегінде ғана тұратын қарыз алушылар оның қысқамерзімді екенін, пайызының шамадан тыс жоғары болатынын ескермейді де. Осы орайда өз басымнан өткен жағдайды айта кетсем артық болмас. 2021 жылы тұрмысқа шықтым. Ақша өте қажет болған соң керек-жарағыма деп микронесие ала беріппін. Уақытылы төлей алмаған соң үйге пошта арқылы хаттар келе бастады. Ай сайын үстіне пайызы қосылып, қарызым мүлде өсіп кетті. Бірін жапсам, екіншісін создыра алмай қиналдым. Сөйтіп жүріп қиналғанымды жұбайыма да айтпадым. Бір күні айғай-шу орын алды. Мұның бәрін енем біліп, үйден қумақшы болды. Үш күнге созылған дау-дамайдан соң күйеуім екеуміз қарызымызды толық есептеп, барлық ұйымға хабарласып, бірлесе төледік. Содан кейін қайтып микронесие алмастай болдым. Кәдуілгі әр ай сайын төлеп отыратын екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін несиелер тәуір. Оны тым құрығанда айма-ай жалақыдан төлеп отырасың. Ал микрозайм деген тек бір айға ғана беріледі. Бұдан ұтыласың. Үстемесі өте көп. Есің болса, қанша жерден қиналсаң да жоламаған абзал, – дейді ол.
Қаржы ұйымдары адамды қиындықтан құтқармайды, керісінше, құрдымға кетіреді. Оңай ақшаны аламын деп от басып қалғандар жетерлік. Бұл тұрғыда жас маман Қайрат Досқазының да оқиғасы көпке ой салар деген сенімдеміз. Ол өзі жұмысқа жақында ғана орналасқан. Алайда банк картасымен жалақысын ала алмайды. Себебі барлық қолданыстағы картасына сот орындаушы тарапынан шектеу қойылған.
– Несие несібе емес екен. Амалсыздан төлеп жүрмін. Қарызым бір миллион теңгеге жуықтады. Жасың 18-ге толса болды, микрозайм ала беруге болады. Тіпті ипотекалық несие де рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Бастапқыда алып, тез арада төлеп тастап жүрдім. Қайта-қайта ата-анамнан ақша алу ұят. Сол себепті қарыздарымды кешіктіріп алдым. Үстеме бағасы өсіп кеткен. «Credit+kz» деген компания бар. Рұқсатыңсыз картаңнан 3500 теңге ұстап қалады. Ол қалай десеңіз, айтып берейін. Микронесие аларда банк картаңызды, қолданушысын, барлығын көрсетіп тіркегендіктен солай болады. Мұндай жағдайда не банк картаңыздан «интернет төлем» дегенді жауып қою қажет немесе ақылы төлемнен бас тарту керек. Микроқаржы ұйымдарының парақшаларының ең соңында кішкентай ғана әріптермен «отписаться от рассылок» деген сілтемені басып, біржолата құтылуға болады, – дейді ол.
Статистикалық мәліметтер бойынша, 150 мың қазақстандық онлайн режимде микронесие рәсімдеген. Келісімшартқа отырғандардың саны 700 мыңға жуық. Демек, осы әдіспен бір рет займ алған азаматтар одан кейін тағы да бірнеше рет микронесие беретін ұйымдардың қызметін пайдаланғанын білуге болады. Көп жағдайда екінші деңгейлі банктер аз көлемде қарыз бермейді. 20-30 мың теңгені несиеге ала алмайтын болғандықтан көп азамат онлайн несиеге жүгінуге мәжбүр. Бұл тәсіл қарапайым халық арасында микронесие, займ емес, «айлыққа дейінгі қаржы» деп аталып кеткен. Бұндай мәселелерден еліміздегі жұмыс істейтін адамдардың айлық табысының бір айға жеткіліксіз екенін аңғаруға болады. Жалақы жоғары болса, займ алып неміз бар? Сондықтан халықтың еңбекақысын көтеруді ойлау керек.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА