Осы жолы редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының екі бірдей тұрғынының көтерген мәселесінің екеуі де қалаішілік жолдың жайы мен көшелерге тиісті жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайында болды. Соның бірі – зейнеткер Тұрсынбек Көбегенов. Біз аталған тұрғынмен кездесіп, айтар ойын ауызба-ауыз тыңдадық.
– Ж.Аппасова көшесінің болашағы мені қатты толғандырады. Себебі бұл жақын жылдары кеңейтіліп, қайта салынған жол болса да көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер жолына қатысты бірқатар түйткіл сол күйі қалды. Мен Сұлтанбаев көшесі мен Ж.Аппасова көшесінің қиылысында тұрамын. Осы екі көшенің қиылысы арқылы өтпек болған жаяу жүргіншілер, әсіресе мектеп оқушылары Ж.Аппасова-Ы.Сүлейменов көшесіндегі бағдаршам арқылы айналып өтеді дегенге сену қиын. Өйткені Тараз қаласы әкімдігі мен оның тиісті бөлімдеріне хат жолдағанымда олар 100 метр қашықтықта орналасқан әлгі бағдаршамның бар екенін айтып, жауап жазған болатын. Ал ерсілі-қарсылы ағылған көлік оқушылар үшін қауіпті. Сондықтан Сұлтанбаев көшесі мен Ж.Аппасова көшесінің қиылысына жаяу жүргіншілер жолағын салу қажет. «Шыдамның да шегі бар» дейді қазақ. Бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын көтерілген болатын. Бірақ жол жөнделгенде көшеміздегі бір топ тұрғынның талап-тілегі ескерусіз қалды. Енді осы мәселені қайта қозғауға мәжбүрміз. Себебі көшеміз жөнделгенде көше қиылысындағы ағын су өтетін құбырлар бекітіліп қалды. Көше сәл кеңейтілгенімен көлік қозғалысы күннен-күнге көбейіп келеді. Әсіресе ауыр жүк көліктерінің өтуі ыңғайсыз жағдай тудыруда. Ауыр жүк көліктері өткенде есік-терезелер сықырлап, жер сілкінгендей әсер қалдырады. Кейде үйден аулаға шығып, демалғың келеді. Бірақ көліктердің үздіксіз қозғалысынан шыққан дыбыс пен түтін, шаң-тозаң, түрлі улы заттар есік алдында ұзақ отыруға мүмкіндік бермейді. Мұның барлығы көше бойында тұратын тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде. Осыған орай менің бірқатар ұсыныс-тілегім бар. Бірінші – Сұлтанбаев көшесі мен Ж.Аппасова көшесінің қиылысына жаяу жүргіншілер жолағын немесе бағдаршам орнату қажет. Екінші – Ж.Аппасова көшесімен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салатын жол белгілері қойылып, оларды айналма жол арқылы өткізу керек. Жүргізушілердің уақыт пен жанармай шығынынан тұрғындардың денсаулығы әлдеқайда маңызды деп санаймыз. Үшінші – Ж.Аппасова көшесі тар болғандықтан жеңіл көліктер үшін бір бағыттағы қозғалыспен шектеу қажет. Кері бағыттағы қозғалысты қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, Рысбек батыр көшесі арқылы ұйымдастырған дұрыс. Тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін осы мәселеге назар аударылуын сұраймын, – деді қария.
Қала тұрғыны Амантай Досмаханбетұлының айтуынша, Мәңгілік ел көшесінің Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралығындағы бірқатар мәселе де назар аударуды қажет етеді. Оның сөзіне сүйенсек, аталған көшенің облыстық перинаталдық орталық орналасқан жақ беті осы мекеме тұсынан Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралығында жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалмаған.
– Мәңгілік ел көшесінің Ж.Сабалақов көшесі қиылысына дейін жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) бар болғанымен осы маңдағы орындықтар әбден тозған. Ал Ж.Сабалақов көшесі қиылысынан Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықта жаяу жүргіншілер жолы жартылай салынбай қалып кеткен. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін осы жол бөлігі толықтай жабдықтауды қажет етеді. Сонымен қатар Ж.Сабалақов көшесімен келіп, Мәңгілік ел көшесінен оңға, яғни Ы.Сүлейменов көшесіне бұрылар тұстағы Мәңгілік ел көшесінің басты көше екенін білдіретін жол белгісі де қирап тұр. Қаңылтыры салбырап, белгі мүлде көрінбейді. Бұл жүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де қауіп туғызады. Тағы бір маңызды мәселе – Ж.Сабалақов көшесі мен Мәңгілік ел көшесі қиылысында үлкен бордюр жатыр. Ол жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, жүріп-тұруды қиындатуда. Жүйіткіген көліктер Ж.Сабалақов көшесімен жоғары жылдамдықта қозғалатындықтан осы қиылысқа жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті жол белгілерін орнату қажет, – деді ол.
Осы мәселелер бойынша біз Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хат жолдадық. Кейіннен бөлімнің бас маманы Дияр Мұхитовқа арнайы жолығып, пікір алдық. Дияр Ғабитұлы: «Хатта көрсетілген мәселелер қазір қаралып жатыр. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін ресми жауап берілетін болады», – деді.
Аталған мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұловаға да хабарласып, мән-жайды түсіндірген болатынбыз. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы жол қауіпсіздігіне қатысты тұрғындардың барлық шағымдары, яғни жол белгілерін орнату, жаяу жүргінші жолақтарын салу және бағдаршамдар қою сияқты мәселелер бойынша өтінімдер Тараз қаласы әкімдігіне жіберілген екен. Оның арасында осы мәселелер де бар көрінеді. Әкімдік тарапынан бұл жұмыстарға бүгінде тиісті қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта конкурс өткізіліп, мердігер анықталмақ. Тиісті жұмыстар күн жылынғаннан кейін жүзеге асырылмақ.
Бір айта кетерлігі, жоғарыда сөз болған, яғни «қаңылтыры салбырап, белгі мүлде көрінбей тұр» деген жол белгісінің орнына жақында су жаңа жол белгісі орнатылыпты.
Жалпы Тараз қаласының тұрғындары көтерген мәселелерге қатысты қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды қолға алып, қажетті шараларды қабылдап жатқаны бізді қуантты. Негізі қалаішілік жолдардың талапқа сай болуы шаһар инфрақұрылымының да қандай деңгейде екенінен хабар беретіні анық. Ең бастысы, мұндай мәселелердің дер кезінде оң шешім табуы – көлік қозғалысы мен тұрғындар қауіпсіздігінің лайықты қамтамасыз етілуінің көрінісі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ