Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көзін тапсаң, көлік дөңгелегі де кәдеге жарайды

Көзін тапсаң, көлік дөңгелегі де кәдеге жарайды
Ашық Дереккөз
Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан қоқыс полигондарында жылына шамамен 400 мың тоннаға жуық автокөлік шиналары жиналады екен. Оны өртесе ауаға түрлі зиянды қалдықтар бөлінетіні айтпаса да түсінікті. Ал қоқыс полигондарында жатқан шиналардың өздігінен жойылуы үшін 100 жылдан аса уақыт қажет. Осы ретте жамбылдық жас ғалым автокөлік шиналарын кәдеге жаратуға болатын тың экологиялық жобаны қолға алмақшы.

Ұсақтау арқылы жарамсыз шиналардан шикізат алудың көзін тапқан жас ғалым – Дәулет Жаманқұл. Ол жақында ғана «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2024» байқауының «Ғылым» бағытында «Резеңке төсеніштерді өндіру» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, кәсібін ашу үшін грант жеңіп алды.

Жобаның тиімділігін зерттеу үшін 22 жастағы өнертапқыш «Балалардың жарақаттануының алдын алуда резеңке төсеніштерді қолданудың қаншалықты қажеті бар?» деген тақырыпта Тараз қаласы тұрғындары арасында сауалнама жүргізген екен. Дәулеттің өзекті сұрағына қала тұрғындарының 91,6 пайызы «қауіпсіз өнім қажет» деп жауап берсе, 2,8 пайызы «керексіз» деп таныған. «Бәрібір» деген ұстанымдағылар 1,3 пайыз болса, 4,3 пайыз тұрғын резеңке тақтайшалардың барын білмейді екен.

– Алаңшаларда, балабақша, мектеп ойын-сауық орталықтарында бүлдіршіндер сүрініп кетсе, тізе, шынтақтарын жарақаттап алып жатады. Құлаған жағдайда бала денесіне зақым келмеуі үшін резеңке төсеніштерді қолданған тиімді. Сондықтан жобамды бастамас бұрын ата-аналар пікірін біліп алуды жөн санадым. Әлемнің дамыған елдерінде көлік дөңгелектерін қайта өңдеу әлдеқашан өркен жайған. Оған автокөлік санының күрт артуы себеп. Көрші мемлекеттер ескі шиналарды тастамай, тиімді пайдалану мәселесіне экологиялық және экономикалық тұрғыдан ерекше мән беруде. Оның бірнеше себебі бар. Ең маңыздысы, автокөлік шиналарының өздігінен ыдырау процесі 150 жылға созылады. Сондықтан бұл өнім заң бойынша міндетті түрде утилизациялануға жатады. Сонымен бірге 1 тонна пайдалануға жарамай қалған көлік шинасынан 700 келідей резеңке шығады. Оны қайта өңдеу арқылы жанар-жағармайға (пиролиз) немесе пайдалы резеңке бұйымдарға айналдыруға болады. Егер 1 тонна шинаны отын ретінде жағар болсақ, 270 келі қара күйе мен 450 келі улы қалдықтар ауаға таралады. Бұл экологияға орасан зор нұқсан тигізеді. Сондықтан ескі шиналарды қайта өңдеу арқылы да экологиямыздың тазалығына үлес қосқым келеді, – деген Дәулет Миятұлы резеңке төсеніштерді өндіру жобасының басты тиімді тұстарын баяндады.

Жоба авторының айтуынша, Қазақстанда бұл кәсіп қатты дамымағандықтан резеңке төсеніштер шығару ісінде бәсекелестер аз. Сол себепті де өнімді өткізу нарығы кең болмақ.

– Жыл соңында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұтып алып, кәсібіме құйған минималды қаржым 1 000 000 теңге болды. Бұл сома шығынды толық өтемесе де, аяққа тұрып кетуіме үлкен көмегін тигізеді. Оның ішінде инвестициялық шығын 500 000 теңге болса, айналым құралдарын толықтыруға 500 000 теңге кетеді. Көлік дөңгелегінен қалған сымтемірді темір-терсек қабылдайтын орындарға өткізсек, ол да қосымша пайда көзі бола алады. Яғни жоба аз уақыт ішінде өзін-өзі ақтай алады. Қайта өңдеуден өткен шиналардан алуан түрлі тауар, атап айтқанда, резеңке төсеніш, резеңке ұнтақ, спорттық жабдықтар жасап шығаруға болады. Зерттеу барысында анықтағанымыз, республика көлемінде жылына тозған шиналар көлемі 89 пайызды құраса, оның 11 пайызы (12 000) облысымызға тиесілі екен. Осы ретте резеңке төсеніштерді өндіру арқылы өңірімізде өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлес қосатынымызды айта кеткім келеді. Жеке кәсіпкерлігімізді ашу мақсатында Жамбыл ауданынан бұрын техникалық қызмет көрсету орталығы (СТО) болған нысанды өз иелігімізге алдық. Қазір қасымда 3-4 досым бар, істі бастауға ниет етіп отырмыз. Бұл алғашқы жобам болғандықтан заңды тіркеу, серіктестер табу жағынан ағам көмектесіп жатыр. Негізі өзім М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Денешынықтыру» мамандығында білім аламын, 4-курс студентімін. Алайда болашағымды өнеркәсіп саласымен байланыстырғым келеді. Біраз уақыт бұрын демалыс кезінде техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істегенім бар еді. Сол кезде мыңдаған шинаның босқа қоқысқа тасталып жатқанын байқап, кәдеге жарату жайын ойлай бастадым. Жоспарымды ағама айтып едім, бірден қолдай кетті. Осылайша кәсіптің ұтымды әрі тиімсіз жақтарын талдап, жобаның презентациясын дайындауға кірістім, – дейді Д.Жаманқұл.

Айта кетерлігі, Дәулеттің ағасы облысқа белгілі жас ғалым, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының өткен жылғы иегері – Азат Жаманқұл. Былтыр «Өзендер мен суармалы каналдардағы шөгінділерді сүзуге арналған тиімді конструкция» жобасы арқылы суайдындарды тазартуды қолға алған өнертапқышпен сұхбаттасқан болатынбыз. Енді міне, бір жылдан кейін інісі Дәулет те мемлекеттің қолдауына иек артып, ағасының қамқорлығымен өз ісін дөңгелетуге ниет етіп отыр.

Қазіргі сәтте кейіпкеріміз кәсібін бастауға қажетті көлік дөңгелектерін турауға арналған «ДДР – 300» станогы мен «М-600» маркалы миксерін сатып алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Өнімді дайындау кезеңдерін баяндайтын болсақ, алдымен станок, яғни шредер шиналарды 5х5 миллиметр өлшемінде ұсақтап шығарады. Туралған өнімге клей мен түстеуіштерді қосып, миксерде араластырады. Балқып, сұйық болып шыққан өнім қалыптарға салынып, тығыздалады. Содан кейін резеңке төсеніштер құрғақ бөлмелерде кептіріледі. Айта кетерлігі, «ДДР – 300» станогының қуаттылығы 50 кВт болса, М-600 миксерінің қуаттылығы – 2,2 кВт-ке тең. Аталмыш миксер 150 литрге дейін шикізатты өңдеуге қауқарлы.

– Дайын өнімнің ұтымды тұсына тоқталып өтсем, аязға, суға төзімді, оңай қаланып, ауыстырылады, астында шөп өспейді. Сонымен бірге шалшықта былғанбайды, мұз қатпайды әрі оңай тазаланады. Резеңкелі кілемдерді жеке сектордағы үйлерге, ойын алаңдары, аурухана, балабақша, спорт мекемелеріне төсеуге болады. Тұтынушы табу жағынан да әзірге қиындық туып тұрған жоқ. Жақында ғана қаладағы әлеуметтік нысандарды аралап, жобамызды таныстырып қайттық. Ұсынысымыз бір мектеп директорына ұнап, іскерлік қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, бізге бәсекелес бола алатын жалғыз компания бар. Ол – астаналық «Kazakhstan Rubber Recycling» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2015 жылы іске қосылған бұл зауытта неміс технологиясы бойынша 32 мың тоннадан астам өнім өңделеді. Облысымызда және өзге өңірлерде көлік шиналарын өңдейтін цехтар жоқ болғандықтан өніміміз сұранысқа ие болады деген үмітіміз бар. Нақтылап өтсем, мұндай зауыттарды еліміздің барлық аймағында ашуға мүмкіндік бар. Қазіргі сәтте қаладағы жүзге жуық техникалық қызмет көрсету орталығымен серіктестік байланыс орнаттық. Әр орталық бізге күніне жиырмадан аса ескі шина жіберіп отырады, – дейді Дәулет Миятұлы.

Жас кәсіпкердің тың жобасы техникалық қызмет көрсету орталықтарының басшыларына да ұнап отыр. Абай көшесінен СТО ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Ержігіт Досбол өнертапқыштың жобасы экологиялық жағынан тиімді екенін айтады.

– Үйіліп жататын автокөлік шиналарының қалдықтарын бізден қоқыс тасымалдайтын мекеме алып кетеді. Қажетсіз шинаны полигонға лақтырып, қап-қара түтінін будақтатып өртейтіні анық. Жанған резеңкенің иісі қолқаны қабатыны тағы бар. Жалпы автокөлік шиналарының қалдықтары «Қауіпті қатты қалдық» категориясына жатады. Сондықтан осындай кәсіпті қолға алған жігіттің бастамасына шын қуандық. Тек жеңіл автокөлік емес, жүк көліктерінің шиналары да бар, – дейді Е.Досбол.

Дәулет Мияқұлы облыс әкімінің сыйақысына ие болып қана қойған жоқ. Қаңтар айының басында Тараз қаласында жастарды ынталандыру мақсатында өткізілген марапаттау кешінде «Үздік жас ғалым» аталымына лайық деп танылды. Ақпан айында қанатқақты жобасымен Астана қаласында ұйымдастырылатын «Орта Азияның үздік студенті» халықаралық форумына қатысуды жоспарлап отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар