«Сөз қадірі – өз қадірім» деп түсінген кемел ой мен кестелі сөз шеберлерінің басын қосқан жарыс облыс әкімдігінің қолдауымен, «Жамбыл облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
– Кітап оқығанды жаным сүйеді. Хакім Абай атамыздың «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деген нақыл сөзі бар. Осы сөздің астарынан терең ой түюге болады. Кітап қоғамның дамуына ғана емес, адамның өмірден өз орнын табуы мен оның санасын ізгілендіруге үлкен үлес қосады. Байқау шарты бойынша белгілі ақын-жазушылардың кітаптарын оқыдық. Маған әсіресе Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романы ұнады. Шығармаға автордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, отбасы мүшелерін: әжесі Қызтумас, әкесі Момыш, немере ағасы Момынқұл, әпкелері Үбиан, Әлимандарды өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан, – дейді жарысқа қатысушылардың бірі, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Кәусар Еркінбекқызы.
Тартысқа толы болған байқаудың қорытындысымен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейдің (Сарысу ауданы), Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның (Байзақ ауданы), Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейдің командалары жеңімпаз атанды. Осылайша 1,2 миллион теңге жүлде қоры 3 командаға тең бөлінді.
Іс-шара барысында барлық қатысушыларға «Атамұра», «Алматы-Мектеп», «Foliant» баспаларынан шыққан қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармалар жинағы таратылды.
Атап өту керек, «Ой шебері» зияткерлік ойыны жылдың аяғына дейін жалғасады. Байқаудың жылдық жүлде қоры – 18,8 миллион теңге.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ