Қазіргі таңда аудандағы газет-журналдарды жазылушыларға уақытылы жеткізіп беру жұмысымен 7-8 адам айналысады. Шындығында, хат тасушының атқаратын жұмысы жауапты әрі қиын. Әсіресе мұндай мамандарға көктем, күз, қыс мезгілдерінде қолайсыз болады. Қар аралас жаңбыр жауып, жер батпақ болады, күн суытады, көк тайғағы тағы бар.
Иә, пошта тасушылар күннің ыстығы мен суығына қарамай, өз жұмыстарына үлкен жауапкершілік танытады. Өйткені олар тұрғындарға газет-журналдар мен хаттарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді.
Осындай еңбексүйгіш жанның бірі – Надежда Бурина. Надежда Александровна 1963 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Отбасымен Қарасаз ауылына қоныс аударып, сол ауылдағы орта мектепті аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түскен. Оқуын аяқтайтын жылы Тараз қаласының азаматымен отбасын құрып, екеуі Қарасаз ауылына қайтып келеді.
Надежда жолдасы екеуі кеңшарда алты жыл жұмыс істеген. Кейін кейіпкеріміз Құмшағал ауылында ПМС-57 жол монтері болып 10 жыл еңбек етеді. 1995 жылы аудан орталығына қайтып оралады. Осындағы жұмыс беру орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 1997 жылы аудандық поштаға газет-журнал таратушы болып жұмысқа орналасады.
– Пошташы болу үшін адамға шыдамдылық пен тиянақтылық қажет. Әр хаттың ішінде маңызды ақпарат болуы мүмкін. Хатты иесіне жеткізу – пошташының міндеті. Жұмысымыз таңертеңгі 9:00-де басталады. Біздің бір күндік жұмысымыз төрт сағат деп жазылған. Бірақ біз уақытпен санаспаймыз. Жұмыс уақытымыз түсетін хаттар мен тапсырыстың көлеміне байланысты. Пошташы хат-хабарды жеткізу бойынша өзінің тікелей міндетін орындауы тиіс. Біз өзімізге бөлінген газет-журналдарды таратпас бұрын компьютерге тіркейміз. Барлық газет-журнал мен хаттарды тіркеп болғаннан кейін ғана мекемелер мен жазылушыларға таратуға шығамын, – дейді Надежда Бурина.
Кейіпкеріміздің екі қызы да пошташы болып жұмыс істеген екен. Үлкен қызы 10 жылдай жұмыс істесе, кіші қызы 12 жылдай газет-журнал таратушы болған. Қазіргі таңда Надежданың келіні Кристина да пошташы болып еңбек етуде.
Пошташылардың жұмысы қиын, еңбекақылары да мардымсыз. Сол себепті пошта таратушылар көбінесе жұмысқа тұрақтамайды.
– Түстенуге бір сағат уақыт беріледі. Бірақ тапсырыс көп болған кезде түскі ас ішпей жүре беремін. Түскі үзіліс кезінде газет-журналдарды таратып тастауға тырысамын. Себебі осы кезде адамдардың ақпарат қабылдауға, газет-журнал оқуға бос уақыты болады. Мен көбінесе газет-журналдарды жаяу жүріп таратып шығамын. Маған жаяу жүрген ұнайды. Кейбір мекеме қызметкерлері газет-журналды ерте алып келуімді сұрайды. Ол кезде маған жанымдағы әріптес қыздар көмектеседі. Кейбір қызметкерлердің велосипедтері бар. Олар жол бойы ерте сұраған мекемелерге апарып тастайды, – дейді тәжірибелі пошташы.
30 жыл пошташы болған Надежда Буринаның ендігі арманы – зейнет демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көру.
Ауыл-аймаққа қадірлі еңбек адамының мерейі әрдайым үстем болсын!
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы