Қанша жерден сынасақ та, мінесек те тәуелсіздік жылдарында көп оң өзгеріс орын алды. Денсаулық сақтау саласындағы ілкімді істерді де айтып тауыса алмаймыз. Салада жаңа құрылымдар пайда болды, медициналық құрал-жабдықтардың неше түріне қолымыз жетті. Аудан орталығынан 3 қабатты емхана ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Бұрындары әр жерде шашыраңқы орналасқан бірнеше медициналық алдын алу және емдеу мекемесі аталған жаңа емханаға топтастырылды. Мұның өзі емделушілерге өте қолайлы жағдай туғызды. Соңғы жылдары аудан көлеміндегі 14 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункт жаңа ғимараттарға көшірілді.
Медициналық мекемелер аудандағы 44 елді мекенде тұрып жатқан 88 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетуде. Бұған қоса аудан аумағында 2 жекеменшік медициналық сауықтыру орталығы бар. Одан бөлек «Меркі» шипажайы мен «Ақниет» сауықтыру орны аудан халқымен қатар облысымыздың, республиканың түкпір-түкпірінен келген демалушыларға қызмет көрсетуде.
Құрамында 7 тәжірибелі ардагер дәрігері бар ақылмандар алқасы да емделушілердің сапалы қызмет алуына барынша ықпал етуде. Денсаулық сақтау саласының ардагерлері еңбекте де, қоғамдық өмірде де белсенді. Мәселен, 11 зейнеткеріміз өздерінің кәсібі бойынша жұмыс істеп, өз тәжірибелерін бөлісуде. Оншақты дәрігеріміз жекеменшік медициналық мекемелерде қызмет істеуде.
Ауданның денсаулық сақтау саласы күн өткен сайын қанатын кеңге жайып келеді. Өткен жылдың жазында аудандық ауруханамыз көпбейінді орталық аурухана деген мәртебеге ие болды. Мұнымен қоса аурухана ғимаратының шатыры ауыстырылды. Сондай-ақ қосымша екі қабатты ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Мұнда травматология, нейро-хирургия, кардио-хирургия, оңалту орталықтары жұмыс атқаратын болады.
Бір сөзбен айтқанда, оңды өзгерістер біздің, аға буын өкілдерінің көз алдында жүзеге асуда. Өзіміз көп жыл қызмет атқарған, еңбегіміз сіңіп, теріміз төгілген денсаулық сақтау саласында болып жатқан жаңалықтарға қуанамыз.
Бошқай САБЫРОВ,
аудандық көпбейінді орталық
аурухананың жанынан құрылған
ақылмандар алқасының төрағасы,
Меркі ауданы