Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян

Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян
Ашық Дереккөз
Қаламы қарымды, өмірін өлеңмен өрнектеп, жұрттың ерекше ықыласына бөленіп жүрген ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова биыл 80 жасқа толды.

Осыған орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында ақынның мерейтойына арналған «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты әдеби-сазды кеш өтті. «Ақынға 100 сұрақ» форматымен өткен тағылымы мол басқосу ұлттың рухани құндылықтары, жеткіншектердің тәрбиесі, ана өсиеті мен отбасы бақытының маңызын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат етті.

Салтанатты іс-шара қаламгердің балалық шағын бейнелеген қойылымнан бастау алды. Сонымен қатар «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары мен кітапхана қызметкерлері ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып, поэзиялық композиция ұсынды. Ал облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының қызметкері Сәрсен Әбілқайыр кеш иесінің өлеңіне жазылған әсем әнді тамылжыта орындады.

Кеш барысында Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Шырын ақынның мерейтойына арнаған жылы лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ жас ақын Арайлы Жақсылық жетекшілік ететін «Інжу-Маржан» әдеби клубының қалам ұстаған қарлығаштары Шырын Мамасерікованың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жиында зиялы қауым өкілдері, жергілікті қаламгерлер, әріптестері мен оқырмандар ақынға түрлі сауалдарын қою арқылы Шырын Мамасерікованы жан-жақты қырынан тануға мүмкіндік алды. Ақынның «Елге деген махаббат» атты туындысының аудио үнтаспасымен қатар, нүктелі-бедерлі Брайль қарпіндегі тұсаукесер рәсімі де өтті.

Әдеби-сазды кешті облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева қорытындылап, ақынға деген ізгі ниетін жеткізіп, ақ жаулықты ананың қаламына қуат тіледі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар