Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады» деген Мемлекет басшысы лудоманиямен күрес бойынша жүйелі жұмысты жолға қойып, кешенді жоспар құрып, тиісті заң қабылдауды жеделдетуді тапсырған еді.
Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде Президент өткен жылы лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты.
Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарды ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған. Құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл – 3,5 миллионнан астам адам. Букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына тыйым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады. Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәртібі белгіленді. Мұндай адамдарды құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді. Осылайша қоғам үшін лудоманиямен күресетін негіз қаланды.
Жалпы АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы – 34, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Демек, адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр.
Мамандардың пікірінше, лудоманияға тәуелділік көбінде жеткіншек жастан басталады. Айталық, отбасындағы тәрбиенің осалдығы, ортаны дұрыс таңдамау, өз-өзіңе деген сенімсіздік, жұмыссыздық, материалдық жағдайдың төмендігі құмар ойынның құрығына іліктіреді.
25 жастағы Тараз қаласының тұрғыны Қайрат бай-қуатты отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы жұмысбасты болып, балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлмеген. Ал Қайрат отбасындағы еркіндік пен қолжетімділікті пайдаланып, алғаш 7-сыныпта футбол матчтарына бәс тіккен.
– Отбасымның маған деген сенімін лас дүниеге айырбастадым. Бала көңілім ойынқұмарлықты басында қызық көрді. Кейіннен қалай лудоманға айналғанымды сезбей қалдым. Дос ретінде сеніп жүрген жолдастарым жағдайымның жақсы екенін біліп, «ақшаңды үш есе қылып шығарып аласың» деп алдап-арбап қастарына қосты. Тіпті солар үшін де ойынға ақша тігетінмін. Ата-әжемді, отбасымды алдап, «сабаққа керегімді алуым керек» деп әрқайсысынан ақша алып жүрдім. Олар сол уақытта аса мән бермеді. Кейіннен мектеп бітіріп, ата-анам Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына ақылы оқуға түсірді. Бірде оқудың ақшасын да түгел ойынға тігіп жібердім. Сөйтіп, бірте-бірте қарызға бата бердім. Ата-анам білмесін деп достарымнан, жақындарымнан қарыз алдым. Осылай қарызға етім үйренді. Кейін бір қызды жақсы көріп, шаңырақ көтердік. Жұбайым жағымсыз әдетке үйір екенімнен беймәлім еді. Балалы болдық. Ойынқұмарлықтан бәрібір арыла алмадым. Отбасым, жақындарым туралы мүлдем ұмытып кеттім. Отбасымды асырауым керек деген жауапкершіліктен қаштым. Шаңырағымыз шайқалып, үйден береке кетіп, ұрыс-керістен арылмадық. Отбасыма, келіншегіме бәрі мәлім болды. Ойын ойнап отырған кезімде әкем келіп, көз алдымда жүрегі ұстап, сол мезетте дүниеден өтті. Сол қаралы оқиға әлі ойымнан кетпейді. Өмірден баз кешіп, өз-өзіме қол жұмсағым да келді. Сондай қиын кездерде келіншегімнің көрсеткен қолдауы мен үшін ауадай болды. Ең бірінші, өз-өзімді алдағанымды түсініп, психолог мамандармен жұмыс істедім. Өмірдің құндылықтарын кеш түсініппін, – дейді кейіпкеріміз.
Осы тұста Абай Құнанбайұлының «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын» деген өлең жолдары ойымызға оралады. Манипуляциялық арбаулар мен бір мезеттік қызығушылық үшін өмірдің мәнін құрдымға кетірмейік. Ойынға емес, оқуға, дамуға, салауаттылыққа уақыт бөлейік!
Ажар НИЯЗБЕКОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын
зерттеу орталығының журналисі