Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бизнесті бейберекет тексеруге болмайды

Бизнесті бейберекет тексеруге болмайды
Ашық Дереккөз
Облыстық прокуратураның бастамасымен инвесторлар мен бизнесті қорғау мақсатында форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері және инвесторлар қатысты.

Форум өткен жылдың жұмысын қорытындылауға және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Жиынды ашып, жүргізген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров биыл құны 3 триллион теңгеден асатын 80 инвестициялық жоба прокурорлардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті. Бұл инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге және жобалардың жүйелі жүзеге асырылуына мүмкіндік бермек.

Басқосуда алғаш баяндама жасаған облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаевтың айтуынша, заман талабына сай прокуратураның қадағалау қызметіне тиісті өзгерістер еніпті. Мәселен, енді прокурорлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инфестициялық жобаларды сүйемелдеумен де айналысады. Өткен жылы прокурорлар бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізген. Атап өтсек, прокурорлар 4 мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғап, 44 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Фронд-офистер мен сараптамалық кеңес жұмысының нәтижесінде кәсіпкерлердің 5 жүйелі проблемасы оң шешімін тапқан.

– Сала прокурорлары мемлекеттік бақылаушы органдардың кәсіпкерлерді тексеру жоспарына бірқатар кәсіпкерді негізсіз енгізу фактілерін анықтады. Біздің араласуымыздан кейін мемлекеттік органдардың профилактикалық бақылау жүргізу тізіміндегі 16 кәсіпкерге қатысты тексеру жүргізуге жол берілмеді. Салық органдарының кәсіпкерлерге қатысты қабылдаған 2 мыңнан аса заңсыз хабарламасы анықталды. Сондай-ақ прокурорлар түрлі қиындықтарға тап болған 21 инвестордың мәселесін шешті. «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында 8 орта және ірі бизнес субъектісі заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылудан және негізсіз салықтық тексеруден қорғалды. Прокуратураның табысты жұмысының мысалдарының бірі – облыстың 45 кәсіпкерінен алынған салықтардың 3 миллиард теңгеден астам сомасын кері қайтаруы, – деді Абай Әбдіқапарұлы.

Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың баяндамасы тыңдалды. 2024 жылы палатаға түскен 143 өтініштің 107-сі бизнесті қорғауға қатысты болған, оның ішінде 22-сі оң шешімін тапқан. Қорғалған мүліктік құқықтар сомасы 2 миллиард теңгеге жуықтаған. Бұрнағы жылға қарағанда өтініштердің төмендеуіне тексерулерді тағайындау тәртібін өзгерту, өзара іс-қимыл шеңберінде мемлекеттік органдар мен палатаның мәселелерді бірлесе шешуі себеп болған.

– Түскен өтініштердің арасында жетекші орын алатыны – мемлекеттік сатып алу саласы мен сәулет және құрылыс саласындағы проблемалар және жер мәселесі. Кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқықтарын қорғау мақсатында палата өкілдері 11 сот отырысына қатысты. Қарау қорытындысымен 5 шешім кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды және 1 483 516 теңге сомасына құқықтары қорғалды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өз қызметін жүзеге асырып келеді. Өткен жылы кеңестің 11 отырысы өтіп, 16 мәселе қаралды және олар бойынша мемлекеттік органдарға 17 ұсыным енгізілді. 11 отырыстың үшеуі облыс прокуратурасының, облыстық кәсіпкерлер палатасы Талас аудандық филиалының және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыс бойынша департаментінің алаңдарында ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда қаралған 16 мәселенің тоғызы оңынан шешілді. 3 сұрақ қаралу үстінде. 2024 жылы кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қаралған төрт мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Олардың ішінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі өтініші, «KZ Асыл Тұқым» серіктестігінің қарызын субсидиялау мәселесі, «Нұрбол и К» серіктестігінің сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға қатысты өтініші, «Алтын Бұлақ» шаруа қожалығының 40 гектар жер учаскесін алу және форель мен тұқы өсіру, сондай-ақ консерві цехын салу жөніндегі инновациялық жобасы бар. Бұл мәселелер бойынша бас тарту шешімдері қабылданса да кәсіпкерлер өз бастамаларын жалғастыруға және кәсібін дамытуға дайын отыр. Аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуда осы мәселелерге де қолдау көрсетулеріңізді сұраймын, – деген Еркін Садуақасұлы кеңес мүшелерінің ұсынымдары, материалдарды қарау және оның қорытындылары бойынша 3 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны секілді басқа да нәтижелі жұмыстарды тілге тиек етті.

Бұл сұрақтар бойынша облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек жауап берді. Мәселен, «Алтын Бұлақ» шаруа қожалығының сұрап отырған 40 гектар жер учаскесі қаланың Бас жоспарында жасыл желек ретінде көрсетіліпті. «KZ Асыл Тұқым» ЖШС қарызының субсидияланбау себебі – ол шетелден мал сатып алғанда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасымен келісімшарт жасаспаған екен. Қалған мәселелер де осы секілді заңдық тұрғыда негізсіз болып шықты.

Өз кезегінде Әбілхайыр Ғалымұлы инвесторларға жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ретін егжей-тегжейлі баяндады.

– 2024 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 506,8 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 453 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жалпы құны 121,7 миллиард тенгенің 33 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұлардың ішіндегі 11 жобада проблемалық мәселелер шешілген. Қазіргі таңда жалпыұлттық пулға 47 жоба енгізілді. Сонымен қатар пулға енген жобаларды «Ұлттық цифрлық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірге «Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға» енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 41 инвестициялық жоба платформаға енгізіліп, жол карталары жасақталды. Инвестициялық жобаларды тарту және сүймелдеу бойынша «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылған. Дирекция құрылған сәттен бастап 135-тен аса кездесу, 150 консультациялық кеңес беріліп, инвесторлармен өзара ынтымақтастық туралы 18 келісімге және меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттермен бауырластық қатынастар орнатылып, 6 іс-шара ұйымдастырылды. Облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні дирекцияның сүйемелдеуінде әртүрлі салаларда жобаларды іске асыруды жоспарлайтын 757 миллиард теңгеге 30-дан аса инвестициялық жоба, сондай-ақ пысықталып жатқан 14 жоба бар. «Тараз» индустриялық аймағының аумағында 137 миллиард теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жобалар аясында 1 326 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтары 180 гектарға құрылды. Бұл субаймақтарда әрбір ауданның ерекшелігіне байланысты орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда «Талас» субаймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға облыстық бюджеттен 869 миллион теңге қаражат бөлінді, – деген Әбілхайыр Тамабек «Тараз қаласының индустриялық аймағын сыртқы электрмен жабдықтау схемасының 1-2 кезеңі бойынша қаралған қаржы жайында да нақты мағлұмат берді.

Форумда Ербол Шырақпайұлы бизнестің құқықтарын қорғаудың өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторлар жаңа жұмыс орындарын құру мен жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда негізгі рөл атқаратынын сөз етті.

– Бизнесті қорғауға арналған форум мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы сенімді нығайтуға арналған маңызды қадам деп есептеймін. Мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделуі қажет. 2025-2028 жылдар аралығында құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Осы көрсеткіш арқылы біз өңірлер арасында көшбасшы болып келе жатырмыз. Біздің алға қойған мақсатымыз – осы істі жай сөз ертінде қалдырмай, нақты іске асыру. Өңірде іске асырылып жатқан жобалар аймақтың экономикалық тұрақтылығын арттыруға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жұмыссыздықты азайтуға зор үлес қосуда. Республикалық қазына қаржысынан күтілген тиісті қаражаттың келмеуіне байланысты облыстық бюджеттен 4-5 миллиард теңге қаржы салып, оған тиісті инфрақұрылымды дайындап жатырмыз. Сол арқылы биыл ірі-ірі кәсіпорындар іске қосылатын болады. Екінші жоба – біздің облысымыздың бизнесіне серпін беретін шағын және орта бизнес үшін ғимараттар салу. Бұл тұрғыда өнеркәсіптік аймақтарда 40 мың шаршы метр өндірістік жайлар салынады. Біз оның көлемін тағы да инвестиция тарту арқылы 100 мың шаршы метрге жеткізуді көздеп отырмыз. Шағын және орта бизнесте кәсіпкерлер өз ісін жүргізу үшін ең алдымен ғимарат іздейді. Ал арнайы экономикалық не индустриялдық аймақтарда ғимараттар кәсіпкерлерге қолайлы бағада ұсынылады. Құрметті форумға қатысушылар, бүгінгі жиында көтерілген әрбір мәселені тиімді шешу бағытында жауаптылармен бірлескен шаралар қабылдайтын боламыз. Былтыр өткен бірінші форумнан кейін бірқатар шаруа жүзеге асты. Өңірдегі кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және олардың бизнес жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау, бизнестің дамуына кедергі келтіретін түрлі тосқауылдар мен заңсыздықтың алды алынды. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады, – деді Е.Қарашөкеев.

Форумның қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында бизнестің проблемалық мәселелерінің біріккен реестрін құру туралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлердің сұрақтарын жүйелендіруге және тиімді шешімдер табуға мүмкіндік бермек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар