Жиын барысында майдан жылдарының азабы мен қасіреті баяндалған бейнеролик көрсетіліп, оркестрдің сүйемелдеуімен сол кезеңдердегі әндер шырқалды. Қазақстан халық партиясының ұжымы ардагерлерге арнайы гүлшоқ табыстап, өз алғыстарын білдірді.
Ал Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Жанат Бастаубаева игі бастаманың мән-маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аna tili» газетіне берген сұхбатында биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын атап өтті. Жалпы Жеңіс күні еліміздің бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Себебі сұрапыл соғыстың зардабы барлық отбасын айналып өтпеді. Жеңіс күні – еліміз үшін, әрбір қазақстандық үшін ешқашан маңызын жоймайтын айтулы күн. Сұм соғыста жауынгерлеріміз алдыңғы сапта жүріп, асқақ рух, өшпес ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың ерен үлгісін көрсете білді. Бабалар рухына тағзым етіп, ардагерлерімізді ардақтау, ерлік жолдарын ұрпаққа үлгі ету – азаматтық парызымыз. Арамыздағы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету – маңызды міндетіміз. Жеңістің құны өте қымбатқа түскенін жадымыздан шығармай, келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін ардагерлеріміздің ерлігін мәңгі есте сақтауымыз қажет, – деді Жанат Әбдуәліқызы.
Ал блыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тағылымы мен тәлімі мол іс-шараны ұйымдастырып, ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсеткен Қазақстан халық партиясы ұжымына риясыз алғысын білдірді.
– Соғыс басталған алғашқы күннен бастап облысымыздан майданға аттанған сарбаздар жеңісті жақындату жолында аянып қалмады. Фашизмге қарсы соғыста нағыз батырлықтың үлгісін көрсете білді. Толарсақтан саз бен қан кешіп, отты жылдарда өлім мен өмірдің тайталасын көрген ардагерлерге алғысымыз шексіз. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қаншама мықты, білекті де білімді батырларымыз соғыстан қайтып оралмады. Міне, осындай ерлікпен қаза тапқан батырларымызды ұлықтау, есімін ел ішіне таныту – негізгі міндетіміз, – деді Еркінбек Бейсембекұлы.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Кестелі орамал», «Жеңіс күнінде», «Жасай бер, Қазақстаным!» атты әндер шырқалып, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының оқушылары би билеп, өткен күннің жүректі сыздатар естеліктерін қайта еске түсіргендей болды.
Мұқағали БАЛТАБАЕАВ