Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жоспарлар жоғары деңгейде орындалуы тиіс

Жоспарлар жоғары деңгейде орындалуы тиіс
Ашық Дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды.

Ербол Шырақпайұлының айтуынша, 2024 жылы әлеуметтік саланы дамытуға 46,3 миллиард теңге бөлінген. Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы аясында облыста 70 мыңнан аса жұмыс орны (51,3 мыңы тұрақты) құрылыпты. Бүгінгі таңда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Сондай-ақ 2025 жылы 68 мың жұмыс орнын (42 мыңы тұрақты) құру жоспарланып отыр.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, облыстағы жұмыс күші – 572 мың адам. Ал жұмыспен қамтылған халық саны – 544,7 мың адам. Биылғы жылы басқарманың жетекшілік ететін бағыттары бойынша әлеуметтік салаға 54,4 миллиард теңге қаралыпты.

– Бірінші бағыт бойынша, өткен жылы жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 67 308 болып бекітілген. Жылдың қорытындысымен 70 056 жұмыс орны құрылып, жоспар 104,1 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш тек қана Талас ауданында толығымен орындалмаған. Жоспар 4 002 жұмыс орны болса, орындалғаны – 3 715. 2025 жылы 68 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша есепті кезеңге 13 111 жұмыс орны құрылып, жоспар 2 111 адамға асыра орындалды. Осы жылғы жоспар министрлікпен келісілуде. Жобамен 13 мың болып бекітіледі. Былтыр 55 586 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған болса, 62 651 адам еңбекпен қамтылды. Ал биыл 53 773 адам тартылады. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46 943 орын болып белгіленіп, 52 776 адам жұмысқа орналасты. 2025 жылы тұрақты жұмыспен 32 000 адам қамтылады, – деді Е.Келесов.

Электронды еңбек биржасында облыс бойынша 2024 жылы 313 жоба енгізіліп, онда 3 113 жұмыс орны ашылуы тиіс болатын. Жылдың қорытындысымен электронды еңбек биржасына белгіленген жоспарға сәйкес 311 жоба іске асырылып, бос жұмыс орындарына 3 160 адам жұмысқа орналастырылған. Алайда жұмысқа орналасқан 3 160 адамның тек 2 576-сына ғана зейнетақы жарналары аударылған. 2025 жылға 311 жоба белгіленіп, 3 115 жұмыс орнын құру межеленіп отыр.

Сол секілді облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 15 197 адамды тарту көзделген.

– Жалпы жыл қорытындысымен субсидияланатын жұмыс орындары толық орындалады. 2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындары 13 254 жұмыс орнын құрап отыр. Айта кетерлігі, «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары республика бойынша тоқтатылды. Одан бөлек 2024 жылдан 3 309 жұмыс орны өтпелі болып отыр. Сондай-ақ жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру, жаңа мамандық беру жұмыстары қолға алынған. Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, яғни 1 008 адамға 1,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, аталған санаттағы азаматтар жеке кәсіптерін ашты. Сондай-ақ биыл 1 008 адамға 1,6 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында биыл жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беріледі. Осы мақсатта 362 адамға 1,8 миллиард көлемінде микрокредит беру жоспарлануда. Өткен жылы Солтүстік өңірлердегі төтенше жағдайдың салдарынан қаржы жетіспеуі себепті жеңілдетілген несие берілмеді, – деді Еркін Егембердіұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, екінші бағыт бойынша 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек 5 876 отбасындағы 31 497 адамға (2,9 миллиард теңге) төленген. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушы 52 652 адамға барлығы 4,2 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында еңбекке қабілетті 7 321 адам болса, оның ішінде 6 243 адам жұмыспен қамтылып, орындалуы 85,3 пайызды құраған.

– Үшінші бағыт бойынша облыс көлемінде 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде І топтағы – 4 586 адам, ІІ топ – 16 534, ІІІ топ – 17 629 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6 822 адам. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына бюджеттен 6,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Былтыр порталға тіркелген 28 513 өтініштің 28 041-і қанағаттандырылды. Қалған қызметтердің мерзімдеріне байланысты биылға өтпелі. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған. 2025 жылдың 1 қаңтарына 189 нысанға 140,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 246 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған 13 нысанда бейімдеу жұмыстары жартылай жүргізілген. Басқармаға қарасты 21 медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оның ішінде стационар жағдайында 7 мекеме, жартылай стационар жағдайында 10 мекеме, күндіз болу жағдайында 2 мекеме және уақытша болу жағдайында 2 мекемеде былтыр 4 574 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрімен қамтылды, – дейді Е.Келесов.

Жалпы баяндамада аталған бағыттар бойынша белгіленген шараларды толығымен жүзеге асыру арқылы 2025 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштер толық орындалатын болады.

Кеңестің қорытындысы бойынша Ербол Қарашөкеев халықты жұмыспен қамту шараларын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жоспарланған жұмыс орындары мен әлеуметтік қолдау шаралары толық орындалуы тиіс. Әсіресе мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтарының құрылуы, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін көмек мәселесі маңызды. Облыс басшысы ардагерлерге берілетін қаржы көлемін ұлғайтуды тапсырды. Қазіргі 1,5 миллион теңге мөлшерін жеткіліксіз деп санаған аймақ басшысы бұл соманы көбейту қажеттігін жеткізді. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға қаржыны дұрыс пайдалану және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру туралы нақты тапсырмалар берді. Облыс бойынша барлық әлеуметтік шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет. 2025 жылға арналған жоспарлар жоғары деңгейде орындалуы тиіс.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар