Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Президент Жолдауы елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына стратегиялық бағыт сілтейтінін атап өтті.
Мұнан соң сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев Жолдаудың саяси реформаларға қатысты тұсына ерекше тоқталды.
Ал білім беру саласының ардагері Дәмеш Өскембаева Жолдауда білім саласына қатысты маңызды бастамалар көтерілгенін жеткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
– Жолдауда білім сапасын арттыру, цифрлық дағдыларды күшейту және жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу туралы нақты міндеттер жүктелді. Бүгінде өңірімізде Жолдау жүктеген міндеттерге сай нақты жұмыстар атқарылып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүріп, 6 мектеп пайдалануға берілді. Тағы бір білім ордасының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Smart мектеп» жобасы аясындағы педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарлар өте құптарлық бастама. Сондай-ақ «Daryn AI» платформасында 16 мыңнан астам педагог жасанды интеллект бойынша оқытудан өтті. Дейтұрғанмен технология қанша дамып, цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқанымызбен білім беру саласының өзегі адам, тәрбие және адами құндылықтар болып қалуы тиіс, – деді Д.Өскембаева.
Кездесу барысында Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы да сөз сөйледі.
Жиынның негізгі баяндамасын жасаған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы еліміздің келешек даму бағдарын белгілеп, мақсаттарға жетудің жеті стратегиялық бағытын нақты айқындап бергенін атап өтті. Сондай-ақ өңірлерге арналған тапсырмалар мен алдағы реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылу тетіктеріне тоқталды.
– Жамбыл өңірі – әрдайым дамып келе жатқан аймақтың бірі. Инвестиция тарту қарқыны жоғары, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдаудың алғашқы бөлімінде күрделі халықаралық жағдайға жан-жақты талдау жасады. Шынында да, бүгінгі кезең – өте қиын кезең. Әлем елдері арасындағы экономикалық және саяси тартыстар, ірі державалар арасындағы қайшылықтар жаһандық тұрақсыздықты күшейтіп отыр. Мұның әсері Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға да тікелей тиіп жатыр. Көршілес мемлекеттердегі жағдай, шекара мәселелері сияқты факторлар да күрделене түсуде. Осындай сын сағатта біздің ең басты міндетіміз – мемлекеттілікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту. Халықтың ішінде болып, елге қызмет етіп жүрген біздер үшін бұл ең жоғары құндылық болуы тиіс. Ақпараттық технология дамыған, жаңа заман орнаған тұста мемлекетіміз де жаңа талаптарға бейімделуі қажет. Қазақстан бүгінде цифрландыру бойынша алдыңғы 20 елдің қатарында. Жасанды интеллектіні әр салаға енгізу бойынша да алғашқы он мемлекеттің ішінде тұрмыз, тіпті кей бағыттарда АҚШ пен Қытайдан кейінгі үштікте келеміз. Десе де Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрлық трансформация түпкі мақсат емес, оның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту, елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейту екенін атап өтті. Ел Президенті сол секілді Жолдауда ауқымды саяси реформаларды жалғастыру қажеттігін айтты. 2022 жылдан бері елімізде жүйелі саяси, экономикалық, конституциялық өзгерістер жүзеге асып келеді. Жалпыұлттық референдумнан кейін Конституцияға маңызды түзетулер енгізілді. Суперпрезиденттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға өттік. Бүгінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі орнықты, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Мәлік Нұржанұлы сонымен қатар биылғы Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс екенін жеткізді. Бұл – ел Президентінің заң шығару процесін тиімді етуге бағытталған батыл реформасы. Конституциялық соттың құрылуы, саяси партияларды тіркеудің жеңілдеуі сияқты бастамалар да осы реформалар тізбегінің жалғасы. Президент ұстанымындағы әділдік, сабақтастық және өрлеу қағидаттары осы өзгерістердің мәнін айқындайды.
– Ұлттық құрылтайдың да орны ерекше. Соңғы төрт құрылтайда жүзден аса өткір мәселе көтеріліп, қырықтан аса заң қабылданды. Биыл өткен Ұлттық құрылтайдың өзінде 53 мәселе көтерілді. Сол 53 мәселенің сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешімін табуы үшін Президент 53 тармақтан тұратын Жарлыққа қол қойды. Яғни бағдарламалық баяндамада айтылған мәселелер өз шешімін табады. Келесі жылы 100 жылдығын атап өткелі отырған Қызылорда облысында ұйымдастырылатын Ұлттық құрылтай да маңызды оқиға болатыны анық. Мемлекет басшысының тәуелсіздікті ең жоғарғы құндылық ретінде айқындауы – еліміздің стратегиялық ұстанымы. Тәуелсіздік – біздің ең қасиетті құндылығымыз. Қанша мектеп, аурухана салынып, қанша өндіріс орны іске қосылып жатқанын көріп жүрміз – мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздікті сақтау – әр азаматтың парызы. Мемлекет мүддесін бірінші орынға қою – ел бірлігінің негізі. Қазақ рудан құралғанымен, руға бөлінбеген халық. Ынтымақ пен бірлік – біздің басты асылымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының да 30 жылдығы осы бірліктің символы. Президент көтерген жеті қағидаттың бірі – тазалық. Тазалық деген тек көшені сыпыру емес, ең алдымен сана тазалығы, жүрек тазалығы, ниет тазалығы. Сана таза болса, елдің де, ортаның да тазалығы өзінен-өзі реттеледі. Ең бастысы бірлік пен ынтымақ, сенім мен қолдау – ең құнды қасиеттер екенін ұмытпағанымыз жөн. Осыларды сақтай отырып, біз әділетті, қуатты, заманауи Қазақстанды бірге қалыптастырамыз, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жиынды қортындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров отырыста сөз болған мәселелер назарға алынып, бұл бағыттағы жұмыстардың жедел әрі сапалы түрде ұйымдастырылуына көңіл бөлінетінін жеткізді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ



